Зорлық-зомбылыққа қарсы спорт: Абай облысында каратэ турнирі өтті

14 Сәуір, 21:31 580

«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы аясында Абай облысында So-kyokushin kaikan karate түрінен облыстық турнирі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спорттық додаға өңірдің әртүрлі аудандарынан 120-дан астам жас спортшы қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы азаматтық ұстанымын қалыптастыру болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, каратэ – тәртіпке, өз-өзіне сенім мен құрметке баулитын спорт түрі ретінде отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрестің символына айналды.

Турнир соңында Абай облысы Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Виталий Каверин қатысушылар мен олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Ол тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ құқық қорғау органдары тарапынан зардап шеккендерге көмек көрсету және қорғау шаралары туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.

Мұндай іс-шаралар спортты дамыту тұрғысынан ғана емес, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді жолы ретінде де аса маңызды, – деді Виталий Каверин. 

Асқар Таудай
Бөлісу: