«Зиянын біле тұра тұтынамыз»: Адамдар алкогольге неге құмар?

5 Ақпан, 17:49 5725

Бернар Арно – миллиардер кәсіпкер, «Louis Vuitton moet Hennessy» компаниялар желісінің президенті. Forbes басылымының мәліметі бойынша, ол 2018 жылы Еуропадағы, 2023 жылы әлемдегі ең бай адам атанды. Не үшін? Мүмкін, «Louis Vuitton», «Dior», «Hublot», «Kenzo» және «Givenchy» компанияларын басқарғаннан шығар? Жоқ. Бизнесменнің айтуы бойынша, ол адамзат ешқашан бас тарта алмайтын сусыннан миллиардтаған ақша табады. Ол – алкоголь.

Адамдар алкогольді қолына түскен өнімнен жасап үйренді. Бидайдан, алмадан, бананнан, жүзімнен, жүгеріден тіпті кактус пен пальма ағашынан да дайындайды. Неліктен бауырдан бастап, миға дейін адам ағзасына тек зиянын тигізетін сусын cұранысқа ие? Не үшін денсаулыққа ешқандай пайдасы жоқ өнімді адамдар ғасырлар бойы ішіп келеді? Неге бұл өнімнің сатылуына тиым салынбайды?

 

Жағымсыз жарнама

Фото: әлеуметтік желіден алынған

 

Жоғарыдағы жарнамаға назар салыңыз. Бұл 20 ғасырдың алғашқы жартысында жер жаһанға таралған, жарнама тақтайшаларына ілінген суреттердің бірі. Суреттің үстінгі бөлігіндегі «la biere est nourrissante» сөзі француз тілінен аударғанда «Сыра қоректік заттарға бай cусын» дегенді білдіреді. Осы секілді келесі төмендегі постерге назар аударыңыз.

Фото: әлеуметтік желіден алынған

 

Бұл жарнама постерінде де: «Сыра құрамындағы уыт қоректік заттарға бай. Емізулі аналар үшін таптырмас витамин көзі. Ал, құлмақ (хмель) болса, ана мен балаға таусылмас энергия береді» - деп жазылған.

Не үшін 20 ғасырда алкоголь өнімдеріне бұндай жарнамалар жасалды?  Расымен де, ішімдіктердің адам ағзасына пайдасы болғаны ма? Жоқ, әрине. Бұл тек, денсаулыққа зиянын ғана тигізетін алкоголь өнімін ақтап алу. Оның пайдасы бар екеніне жалпы жұртты сендіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған маркетинг. Ал, шын мәнінде... Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын алкоголь өнімдерін тұтыну салдарынан 3 млннан астам адам көз жұмады. Салыстырмалы түрде, ішімдік кесіренен қаза табатындар саны Еуропаның ірі қалаларының бірі – Римнің (2,8 млн) тұрғындарынан көп.

 

Мас маймыл теориясы

2000 жылы американдық интегративті биология профессоры Роберт Дадли «мас маймыл гипотезасы» туралы еңбегін жариялады. Оның айтуынша, жануарлар бұзылған жеміс-жидектерді жеу арқылы эволюцияға ұшырады.

Бұзылған жемістердің бойында кездесетін алкоголь молекулалары кездеседі. Яғни, оларды жеу арқылы олар белгілі бер деңгейде масаяды. Қазіргі, біздің алкогольді тұтыну мәдениетін қалыптастырудың алғашқы кезеңі адамдарға дейінгі маймылдардың сондай жемісті тұтынғанынан бастауын алған - деп жазды Роберт Дадли.

Мысалы, жабайы шимпанзелер (Pan troglodytes) ашытылған пальма шырынын ішеді. Кейінірек, зерттеу кезінде аталған шырынның құрамында шамамен 7% алкоголь бар екені анықталды.

 

Статистика не дейді?

Әлемде 8 млрдтан астам адам өмір сүретін болса, оның 2,4 миллиарды ішімдіктің тұрақты түрде тұтынады. Алкоголь жер жаһандағы ең көп ішілетін сусындардың тізімінде су мен шәй ден кейін 3 орында тұр.

Өткен жылы ОКҚ-інің баспасөз алаңында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жыл екенін айтты. Егер, 74 жастан 18-ді азайтсақ, еліміздегі адамдардың саналы әрі таңдау құқығына ие 56 жыл ғұмыры шығады. Ал, шетелдік The Sun басылымы ұсынған статистика бойынша, жыл сайын орта есеппен әр қазақстандық 4 литрге жуық ішімдік ішеді. Егер, екі санның басын қоссақ, еліміздегі бір адам ғұмырының соңына дейін 250 литрге (56 жыл x 4 литр = 224 литр) жуық алкоголь өнімін тұтынады.

Әрине, 250 литр таза спиртті тұтынбайтыны анық. Ол - сыраның, шараптың немесе арақтың бірнеше маркалары мен түрлері. Бұл дегеніміз адам денсаулығынан бөлек, үлкен бизнес екенін естен шығармаған жөн. Шараптарды ресми өндіреді. Оның әр бөтелкесіне арнайы акциз бен салық төленеді. Ішімдікке арналған жеміс өсіретін жылыжайларда, алкогольді өндіретін фабрикаларда, оларға тасымалдайтын логистикада, сатуға шығаратын барлар мен дүкендерде мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдар жұмыс істейді.

Таяқтың екі ұшы бар деген осы. Бір жағынан, алкоголь өнімдерінің саудасы қыруар қаражатқа кенелтетін бизнес көзі. Ал, бір жағынан адами капиталының азаюына алып келетін бірден-бір жол. Оған қоса, ішімдік әсерінен әлеуметтік жағдайы төмендей түсетіндер мен арақтың кесірінен отбасы ойран болғандар бар. Жыл сайын әлемде алкоголь салдарынан 3,3 миллион, Қазақстанда 13 мыңға жуық адам өмірден өтеді.

 

Алкоголь - ақша көзі

Барлық әлемдік алкоголь өнеркәсібі жылына 1,48 трлн доллар таза пайда табады. Бұл әлемдегі жыл сайын барлық смартфон түрлерінің  саудасынан түсетін пайдадан (472 млрд) үш есеге көп. Ал, кофе (102 млрд) немесе шоколад (103 млрд) саудасынан 15 есеге артық.

Тіпті, алкоголь өнеркәсібінен түсетін жыл сайынғы таза пайда Испания мен Индонезия секілді мемлекеттердің экономикасы өндіретін қаржы көлемімен бірдей.

Фото: el.kz инфографика

 

Алкогольдің зиянынан пайдасы көп пе?

Әлемнің беделді әрі танымал медициналық журналдардың бірі "The Lancet" 2010 жылы өте қызықты ғылыми зерттеу жариялады. Ғалымдардың баяндауынша, алкоголь - жаһандағы ең қауіпті есірткі болып есептеледі.

Зерттеу материалының тізімін галлюциногенді саңырауқұлақтар, ЛСД, марихуанна, табак өнімдері бастайды. Статистиканың ортаңғы бөлігінде героин және кокаин секілді есірткі өнімдері. Ал, бірінші орынды бермей тұрған өнім – алкоголь.

Өйткені, алкоголь – отбасы ойран болуының басты себебі. Алкогольге тәуелді адам қаржылық қиындықтарға ұшырайды және басқа адамдардың өміріне қиянат жасау ықтималдығы жоғарылайды. Ең бастысы – алкоголь салдарынан бақилық болатындардан, тек героин есірткісі кесіренен өмірден өтетіндердің саны көп.

 

(2010 жылы "The Lancet"  журналы жариялаған зерттеу нәтижесі)

 

Маркетинг құрбаны болып жүрміз бе?

 

Сіздің назарыңызға жоғарыда 20 ғасырдағы сәтсіз жарнаманың үлгісін көрсеттік. Бірақ, қазір маркетинг пен жарнама үлкен күшке ие. Тұрақты тұтынушы тапқың келсе, тауарыңның жарнамасына мән берген жөн. Ал, тауарыңды танымал адам жарнамаласа, саудаңның жүретініне кепілдік те бар.

Мысалы, Moёt & Chandon атты аққайнардың (шампанское) жарнамасына әлемнің ең үздік ракеткаларының бірі - Роджер Федерер түскен. Ал, Belvedere арағын кино индустрияда Джеймса Бонд рөлімен танымал Дэниел Крейг жарнамалайды. Осы секілді, голливуд жұлдыздары Джастин Тимберлейк текиланың, Мэттью Макконахи бурбонның және Скарлетт Йоханссон жоғарыда айтқан аққайнардың жарнамалық роликтеріне түскен. Яғни, өндірушілер алкоголь салдарынан болатын келеңсіз жағдайларды көрсетпейді. Керісінше, оны жарық жұлдыздар қатысумен жарнамалау арқылы өзіне тартады.

Фото: әлеуметтік желіден

 

Қорытынды

 

Сіз бұрын соңды «Ұлы Гарвард зерттеуі» (Grant Study Harvard) туралы естідіңіз бе? Гарвард университетінің ғалымдары 70 жыл бойы (1939-2014 жылдары арасында) әлеуметтік зерттеу жүргізді.

Олардың тәжірибесіне аталған жоғары оқу орнының 268 түлегі мен әлеуметтік жағдайы төмен 456 ерікті адам қатысты. Зерттеудегі барысында: «Адамдардың қартаю процессі бір болғанымен, не үшін олар әртүрлі қартаяды. Бұған адамның эмоционалды күйі әсер ете ме?» деген сынды сұрақтарға жауап іздеді.

Зерттеу қортындысы бойынша, адамның бақытты болуы, ақшасының көптігі секілді факторлар – жақсы жұмыс орнына, оқу орнында алған біліміне немесе тіпті жасаған инвестициясына байланысты емес екен. Ғалымдардың айтуынша, бақыттың кілті – махаббат пен қарым-қатынаста.

50 жасында отбасымен, жан-жарымен жақсы қарым-қатынаста болған жандар, 80 жасына келгенде сау әрі қуатты болады. Жақсы қарым-қатынас адамды тек жетістіктерге жетелеп ғана қоймай, сонымен қатар ерте қартаюының алдын алады. Махаббат тағдырдың ауыр соққыларына төтеп беретін қорғаныш секілді, - деді ғалым Роберт Уолдингер.

Санаңызда «бұл зерттеуге алкогольдің не қатысы бар?» - деген сұрақ тууы мүмкін. Өйткені, зерттеу қортындысы бойынша, ішкілікке салынған адамдардың отбасысы ойран болып, депрессияға түсіп, түрлі ауруларға шалдыққан.

Сөз соңында алкогольді адамзат тарихында саудаланған тауарлар ішінен қару-жарақпен салыстыруға болады. Екеуі де қоғам мәдениетінің бір бөлігі. Екеуін қолдануға да үлкен жауапкершілік керек. Екі тауарды тұтынуды дер кезінде тоқтатпасаң, арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін...

Равиль Ашығали
Бөлісу: