Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы: Мұсылмандарға құрбан шалу парыз

8 Шілде 2022, 18:07 4291

Биыл Құрбан Айт мейрамы 9-11 шілде аралығында тойланады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған кестеге сәйкес биыл Құрбан айт мейрамы 9-11 шілде аралығында тойланады. Құрбандық – мұсылман танымы бойынша Құдайдың разылығы үшін берілетін садақа, діни амал. Құрбандық шалудың ережелері туралы Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев айтты, деп хабарлайды El.kz

− Мұсылмандардың Құрбан айт мейрамы 9 шілдеден басталады. «Құрбан» деген сөзі қандай мағынаны білдіреді?

− «Құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Алланың разылығына жақындау деген сөз. Сондай-ақ, құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбан шалу мұсылман бауырлары үшін сауапты іс.

− Малды құрбандыққа шалудың үкімі қандай?

− Малды құрбандыққа шалу шариғат бойынша парыз болып саналады. Парыз бен сүннеттің арасындағы амал. Шариғат бойынша 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы ақыл есі бүтін адамға құрбан шалу уәжіп болып есептеледі. Жол сапарда болмауы және мұқтаж емес отбасы болуы қажет.

− Қандай малды құрбандыққа шалуға болады? Қандай малдар құрбандыққа жарамсыз?

− Құрбандыққа шалынатын малдың қатарына қой, ешкі, сиыр және түйе секілді малдың еркек, ұрғашысы бірдей жарамды. Құранда бекітілген малдардан бөлек жылқы, тауық, қаз, үйрек, елік және тағы басқа хайуандар – құрбандыққа жарамсыз деп танылған. Ал, құрбандыққа сойылатын қой, ешкі ең кем 1 жасар болуы керек. Ал, сиыр 2 жасар, түйе 5 жасар болуы шарт. Ең бастысы ауру мал болмауы қажет. Көзі көрмейтін, ақсақ, бір көзі жоқ, тістері жоқ, тым арық, құлағы кесілген, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген, желіні кепкен үйірге көнбейтін асау мал болса құрбандыққа жарамайды. Құрбан шалатын адам осы ережелерді ескерсе екен деймін.

− Бірнеше адам бірігіп құрбандық шалуға бола ма?

− Қой мен ешкі бір адамның атынан сойылады. Ал, ірі қара мен түйе бір адамнан жеті адамға дейін бірлесіп шалуға болады. Бірақ, біріккен адамның барлығы құрбандық шалу ниетінде болу керек. Егер олардың ішінде біреуінің ниеті тек ет алу болса, онда ол құрбандық қабыл болмайды.

− Құрбандық шалуға онлайн тапсырыс берудің шарттары қандай?

− Қазіргі уақытта ел бойынша «Qurban2022.kz» сайты жұмыс істеп тұр. Сайт арқылы құрбандыққа онлайн тапсырыс беруге болады. Тапсырыс беруші сол жерден малды таңдап, көрсетілген тәртіппен танысып, тапсырыс бере алады. ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қой – 70 мың теңге, ешкі – 65мың, ірі қараға жеті адам қосылатын болса, онда адам басына 65 мың теңгені құрайды. Негізінде бір ірі қара малдың бағасы 455 мың теңгені құрап отыр.

Карантинге байланысты Нұр-Сұлтан қаласында шектеулер бар ма?

− Карантинге байланысты елордада әзірге ешқандай шектеу жоқ. Егер эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеулер қабылданатын болса ҚМДБ ресми сайтында жарияланады. Баршамызға Құрбан Айт мерекесі құтты болсын!

− Сұқбатыңызға рақмет!

Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: