Өзіміздің Гер-ағаң

5 Шілде 2018, 02:00 3284

 

Кіндік қаны көрші елдің топырағына тамса да дүниеден озғанынша қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өткен белгілі жазушы, публицист, қала берді қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры Герольд Карлович Бельгердің көзі тірі болғанда  бүгінгі күні  ол өзін еркелетіп өткен халқының ортасында сексен төрт жасын тойлаған болар еді. Алайда, өлшеулі ғұмырға не айтарсың. Шүкіршілік ететініміз, Гер-ағамыз дүниеден өтсе де оның соңында  тағылымы мол  көптеген еңбектері қалды. Әрине,  тау тұлға жазушының шығармашылығын бір ғана материал арқылы талдап шығу мүмкін емес. Сондықтан да,  Гер-ағаңның  әлі құлпы ашыла қоймаған құнды дүниелерін зерттеуді келешектің еншісіне қалдыра отырып, шағын материал арқылы оның өнегелі жолын  бүгінгі ұрпағына таныстыруды жөн көрдік.

Данышпан  Абай айтқандай,  өзіне келгенде  бір ұртында  қан тұратын  қазақтың өзгеге келгенде  өзегін жарып беретін дархандығын   бағалап жүргендер де сол қауындай жарылып, тарыдай шашылатын ұлттың   жомарттығын  көре алмай тасадан тас ататындар  да аз емес.  Қазақ сахарасын жаяу аралап, ұлтымыздың шашылып жатқан ән-күйін зерттеп, 1001 шығармасын  қалыпқа түсірген  Затаеевич пен  белгілі сазгер Латиф Хамидидің де өнерімізге тигізген шапағаты аз емес. Алайда,  солардың  еңбегін көкке көтеріп, бағалаған  қазақ Затаеевичті де, Латиф Хамидиді де өзінің құралпы құдастары мен әріптестері болмаса,  дәл Герольд Карлович Бельгер сияқты «Герағаң» деп әспеттеп, еркелеткен емес. Ұлты неміс болғанымен,  ақтық демі  біткенше  жүрегі қазақ деп соғып, соның  өнері мен әдебиетін, қала берді болашағын ойлап,  жоғын жоқтаған  Гер-ағам өле-өлгенінше  соңына  қазақ деп қарайлап өткен адам.

2015 жылы 81 жасында дүниеден озған прозашы, эссеист, публицист көзі тірісінде жетпіс бес кітап шығарып, 2226 мақала жариялаған  Герольд Белгер ұлты басқа болса да  қазақтың жыртысын жыртып, соның мұңын мұңдап өтті.  Ол оның бір сырын ата-анасы мен қазақ халқынан көрген тәлім-тәрбиесімен және өзі көз майын тауысып оқыған кітаптың әсерімен байланыстырады. Абай өзінің  Үшінші қара сөзінде: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» деп  жауап іздесе, Гер-ағаң  да қазақтың ғасырлар бойына ізінен өкшелеп, қалмай келе жатқан алты бақан алауыздығы мен билікқұмарлығын,  дүние-танымының  төмендігінен  іздестіріп, оны бетің бар, жүзің бар демей, қатты сынға алады.  «Қазаққа қазақтан өзге кім шынын айтыпты» дейді. Гер-ағаңның мұнысы «затым неміс болғанымен, жан дүнием — қазақ» деген ойға саятын сияқты. Ол осы кредосынан дүниеден өткенінше тайған емес. «Иттігім жоқ. Ешкімге жамандық ойламаймын, ешкімнің орынтағына  таласпаймын. Билікке барамын деген мақсат жоқ. Және мен демократиялық, еркін елдің ұлы болған соң, өзім білетін, сезетін, көретін  шындықты айтуым азамат, әдебиетші есебіндегі парызым»  деп түйіндейді. Чеховтың «Өз бойымнан құлдықтың сарқындысын сығымдап шығарамын, - деген сөзі бар ғой. Мен соған жақындайтын сияқтымын. Иә, бойымда әлі де құлдық түйсіктің сарқындысы бар екенін сеземін. Бірақ, күннен күнге біртіндеп сығып келемін, азайтып келемін. Барлық жұрт соған талаптанса, құлдық қасиеттерден арылса деген үлкен арманым бар. Сонда ғана адам Абайдың «Толық адамы»  болады» дейді. Абай қазақтың келешегін біліммен байланыстырса,  Гер-ағам сауат ашып, сананы толықтыру арқылы азаматтық ұстанымды  қалыптастыруды  армандайды.  Автордың  «Көрген-білгені» мен өмірден көрген-түйгенін жазған қырыққа жуық  дәптерлеріндегі  жазбалардың  ой-бағыты өзін Гер-ағам деп еркелеткен қазақтың бүгіні мен келешегін сабақтастырып жатқан ойларды қамтиды. Герольд Белгерьдің соңына қалдырған  жазбаларымен таныса отырып, көңілге бір түйетінің — ол кемеңгер Абайдың қазақ туралы ХІХ ғасырдағы айтқан  ой-пікірлерінің  арадан аттай екі ғасыр өтсе де өзгермегеніне таң қалады. Қазақтың көшін бастайтын көзі ашық, көкірегі ояу қауымының сол баяғысынша халықтан жырақтап, атақ-мансап қуып, алаөкпе болып жүргенін сынайды. Көптеген қазақ ақын-жазушыларының оқырманының жүрегіне жол таппайтын арзан дүниелері арқылы атақ алғысы келетініне, олардың  уақытқа қарай  киім киісі мен түрі  өзгергенімен, болмыс-бітімінің Абайдың заманындағыдай өзгеріссіз  қалғандығына  қынжылыс білдіреді. Қазақ жазушылары арасындағы  бақталастық пен рушылдық, жершілдіктің ұлттық рухтың түп тамырына балта шабатын қауіпті кеселдің бірі екенін айтып өткен Гер-ағаң тек оны қалай  түзеуге болатындығына келгенде, Абай сияқты жауап таппай мүдіреді. «Өздерін зиялы қауымның өкіліміз» деп санайтындардың арасында  ұлық көрсе жалпылдап шауып жағымпазданатындар көп. Жазушымыз деп, көкірек керетіндердің көбісі шындықты бетке шыжғырып айтуға келгенде бұқпантайлап, бұғып қалғанды қалап тұрады. Олар көбінесе  басшылар мен биліктің атына айтылатын  сындарды «Герольд неміс қой, оған пәле келмейді» деген оймен маған айтқызады. Ал, соны солардың өздері айтса не болар еді?»

Гер-ағаң  қазақ тілі үшін болған айтыс-тартыстардан да кейбір басқа ұлт өкілдері тәрізді өз арбасының жүре тұрғанын ойлап, шет қалған емес. Туралықтың туын дүниеден өткенінше жықпай,  көңіліндегі ойын іркіп қалмай,  ашық айтты. Ол сірә да,  өзі қашанда айтып жүретін құлдық сананың сарқындысын осылай сығымдап шығарған тәрізді. Абай мен Мұхтар Әуезовті, өзімен бірге өскен  Асқар Сүлейменов пен Дүкенбай Досжанның, Қоғабай Сәрсекеевтің шығармашылығын жоғары бағалап, қазақ әдебиетінің бүкіл інжу-маржаны солармен бірге қара жердің қойнына сіңіп кеткендей, өз кезеңін аңсаумен өтті. Асқар Сүлейменовтің  ойының телегей-теңіздей тереңдігі мен білімдарлығына таңқалатындығын жасырған емес. Бәлкім, кез келген қалам иесі  өз өзіне Асқар тәрізді «шығарманы  не мақсатпен және қалай жаздым» деген сауал қойып отырса,  сонда соңғы жылдары қазақ әдебиетінің қасиетті қорын көк жасық дүниелерімен  толтырып отырған  кітаптардың қатары азаяр ма еді?» деп мүжіледі.  Неміс, қазақ, орыс тілдерін тел еміп өскен жазушының  осы кредоны басты өлшем етіп, одан ақтық демі біткенше айнымағандығын  арадан жылдар жылжыса да маңызын жоғалтпайтын ойлары мен  тот баспайтын сыршыл да мінсіз дүниелерінен  анық аңғаруға болады. Гер-ағаңның көркем дүниелерінің кейіпкерлері  өмірден  әсіре бояусыз қаз-қалпында алынса, дәптерлеріне түскен ой-пікірлерінің дені әлі күнге  жұрттың көкейінде қоламтадай маздайтын, бірақ, кез келген адам батылы жетіп айта алмайтын ойлар. Оның «көркем жазылған дүниені емес, Герцен сияқты жазғанды ұнатамын» деуінің сыры да осында болса керек.

Гер-ағаң  тарихтың талай-талай соқпақтарынан өтіп, шыңдалған  неміс пен қазақ тағдырларының арасынан ұқсастық  тауып, соны соңғы күніне дейін  көз майын тауыса зерттеді. Герольд Бельгер үшін  Гете мен Абай дарын жағынан бір адам. Абай болмаса, Гетенің өлеңдерінің табиғатын жан дүниесімен түсініп,  қазақша сөйлетіп, басқа ұлттарды айтпағанда «Фауст» сияқты ұлы дүниені өмірге келтірген ұлы ақынның жырларын жастайынан жастанып жатып оқитын  немістердің өздерін  таңдай қақтырып, тамсандырмас еді ғой.  «Қараңғы түнде тау қалғи ма?», «Тасыған өзен гүрілдей ме?»  Өз-өзіне осындай сауал тастайтын Герольд Бельгер Ұлы Абайдың ақындығына ғана емес, аудармашылық шеберлігіне де бас иеді. Ол өзінің бір сұхбатында Абайдың өлеңдерінде жүрек сөзін жиі қолданатынын  айтады. Жүрек сөзі Гер-ағаңның  жанына  неге  жақын? Әлде, бұл  іште бұлқынған ойды жүрек арқылы өткізіп, қан-сөлімен  өзге жүрекке  қанын сорғалатып, шынайы қалпында артық бояусыз жеткізу керектігін құптағаны ма? Былайша айтқанда, Герольд Бельгер шығармаларының өзегі – оның жүріп өткен жолы мен талайға түскен тағдыры, сексен екі жылдық ғұмырындағы  бірге жүріп, әдебиет деген азапты жолдың  қиыншылығы мен қызықты жолдарын бірге бөліскен үзеңгілес әріптестерінің өмірі. Оның соңына қалдырған дүниелерінен Гер-ағаңның пендешіліктен ада, өзіме болғанша, өзгеге болсын деген  кіршіксіз  кеңпейілділігі ылғи да мен мұндалап, көрініп тұрады.

Кейбір қайраткерлердің «қазақ деген ұлттың орнына  «қазақстандық» деп  көрсетейік деген  ойын  халықтың талқысына салған «Ұлт доктринасы» иісі қазақты екіге жарған тұста оған табанды қарсылық көрсеткен адамның бірі осы өзіміздің Гер-ағаң еді. Ол қазақтың небір белді жазушылары «пәледен машайық қашыпты» деген ұстаныммен  бұғып қалған тұста «неміс  болып туылдым, неміс болып өлемін, неге мен қазақстандық болып жазылуым керек» деп, айқай көтерді. Гер-ағаңның  ұлты неміс  болғанымен, оның жан-дүниесі мен ойлау жүйесінен  өзі жеті жасынан бастап, тәрбиесін бойына сіңіріп өсіп, «Белағаңның баласы» атандырған  қазақтың  болмыс-бітімі  мен даладай дархандығы  ылғи да  сезіліп  тұрады.  Соғыс басталған тұста  Саратовтың маңайындағы  неміс автономиясына қарасты Энгельс қаласында туып, соғыс жылдары Қазақстанға жер аударылған Гер-ағаңның сексен екі жылдық ғұмырының бір үзік сыры іспеттес «Қазақ дәптеріндегі»  ұлтымыздың  кемеңгерлігі мен кемшілігі туралы айтқан  ойлары  бұған айқын дәлел. Бірақ, жұртшылық Гер-ағаңның шымбайға батырып айтқан ащы  өкпе-наздарын  ұлты бөлек адамның айтқаны деп емес,  көргені мен түйгені көп қазақтың абыз шалының ағалық ақылы ретінде қабылдады. Ол Гетені қалай жақсы көрсе, Абайды да солай жақсы көрді. Қазақ  неміс халқының қалам түрткен ұлыларын Гер-ағаң арқылы таныса, керісінше, Алмания халқы  ұлтымызды  Абай арқылы танып білді.  Бұл істе  Герольд Бельгер ағамыздың  өлшеусіз еңбегі жатқанын  иісі қазақ ұмытпауы тиіс. Өмірге адал қалпында келіп, адамдық арына кір жұқтырмай өткен Гер-ағаңды қазақ халқы дүниеден өткенінше ардақтады. Ұсақ-түйек марапаттарын айтпағанда, 2010 жылы  Мемлекет басшысының жарлығымен ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Кітаптары баспадан шықты. Осындай ел тарапынан көрсетілген сый-сияпаттарға қарап отырып,  Герольд Бельгерде арман болған жоқ шығар деп ойланасың. Жоқ, бар екен. Ол жөнінде ағамыздың өзі «уақыт деген не деген жылдам, бар арманым М.Әуезовтің  елу томдығын оқып шығу еді» деп жазады. Сондай кезде Гер-ағамыз өле өлгенінше тәңірінде табынып, талантына бас иіп өткен Асқар Сүлейменовтің «Үзеңгі аман, үзеңгілес жоқ» деген  қанатты сөзі оралады. Қатарынан қалған адам жетім. Сондықтан да, Гер-ағаң дүниеден қайтқанынша, сол өзі өмір сүрген уақыт кезеңін бүгінгі тіршілікпен, ондағы жас ұрпақтың бойындағы елге, жерге деген сағынышпен  салыстырып, көрген-түйген өкпе-назын өзімен бірге алып кетті.

Ұлы тұлғаның  көкірегінде айтылмай қалған тағы қандай арман кетті екен?

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: