3 Наурыз 2014, 05:47
Қашаған өзге ақындардай өткенді боямалап көрсетпейді. Барды бар қалпында, жоқты жоқ қалпында суреттей отырып, туған жұртының ерлік тарихын сөз етеді. Оны өз тұсының ащы шындығынан бөле-жара қарамайды. Заман азып, заң тозып бара жатқанына күйінеді. Өзі куә болған зобалаңдардың неден өрбіп, неден туындап жатқанына зер салады. Бұл әсіресе оның «Топан» атты философиялық дастанында көрініс табады. Құтырған құртты қағып жеген бозторғай ісініп, бүркітке шабады, бозторғайды қағып жеген бүркіт құтырып, теңіздегі дәу балыққа шүйлігеді, оны жұтып салған нән балық құтырады. Содан теңіз тасып, жағадағы елді топан қаптайды. Жайбарақат жатқан ел зұлматқа тап болады.
Қашаған бүгінгі адамзат қатты толғанып отырған, адамдар ашқарақтана иемденіп жатқан табиғи ортада күннен-күнге өршіп келе жатқан үлкен қауіпті бұдан бір ғасыр бұрын аңғарған. Үлкен экологиялық проблема негізінде терең философиялық астар өрбіткен. Бұл арқылы ол адамдарды әділдікке, бір-біріне, мейірімділікке, табиғатқа зорлық жасамай, онымен тіл табыса білуге шақырады.
Көпшілік жұрттың кәсібі –
Пітнеден болды нәсібі,
Білмеймін заман нешігін?
Бүгінгі адам намысы
Лек-лек құсқа ұқсайды,
Байланбағай еді, жарандар,
Тәубе мен ынсап есігі!-
деп күйзеледі.
Кейінгі Қашағанның өлеңі күңірену мен күйзелуден тұрады. Ойда оталып, қырда қырқылып жатқан қазақ тұрмысын көреді. Елдің ең жақсылары бір кемеге мінгізіліп, Атырау түрмесінен бір-ақ шыққан соң, үміті тіптен үзіледі. Көзінің алдын кіреуке басып, үйден ұзап шыға алмайды. 1929 жылы 25 тамызда 88 жасында Қаратаудың желкесіндегі Құлат мекенінде дүние салады. Қырықкезде жерленеді.
Ел іші азып-тозады. Еті пысығы Бесқала, Хиуа, Түрікпен, Ауған, Иран асып, дәтіне берігі жұтаған қара жұртында отыра береді. Қашағанды көргендерден адам қалмай барады. Ат көтере алмайтын болғасын қара бурасына мініп, қаракөлден жасаған тығырық бөркін едірейте киіп, ел аралап жүретін қара шал еді деседі. Қасына Аралбай, Сәттіғұл, Мұрын, Түмен, Сүгір, Шамығұлдар еретін көрінеді. Қашаған өлгесін ол салтанат та көзден бір-бір ұшты. Бала кезімізде еміс-еміс көре қалдық. Түмен – үйіне кіріп ап, қағаз ақтарып отыратын түртіншек шал еді. Сәттіғұл Аталық ағайдың үйіне келіп төрге шықпай орындық қойғызып, оң жақта өз-өзінен бірдеңелерді күбірлеп күңіреніп отыратын. Шамығұлмен Гурьевке талай бірге бардық. Ең соңғы рет Жыңғылдының бұлағының басында Шоқайдың әкесі жасаған жеті қанат күмбіреген үйдің төрінде ақ көйлек, ақ дамбалмен есіп сөйлеп отырғанын көрдім. Ауық-ауық былқытып домбыра шалып қояды.
Біз көрген жерде бәрі де бәріміз білетін жерден қайтатын. Арғыға жоламайтын. Талайының білгені ішінде кетті. Қашағанның да аңыз болып аты ғана жүретін. «Есқали сұпыға айтқанынан» басқасын естіп жарымайтынбыз. Университетте Қажығали Мұқанбетқалиевтің Қашағанның жырларын іздеп келіп кеткенін білеміз. Қазіргі қолда бар Қашаған негізінен марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыздың еңбегі. Оған Мұрын, Жанжігіт, Шамығұл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қобылаш, Сұлтандардың Қашағаннан айтқан жырларының қаншалықты толық екендігін ешкім білмейді.
Біздіңше, талай өлеңінің тек сұлбасы ғана жүрген сияқты. Талайларын іште бүгіп қалған сияқты. Қашаған жырлаған жырлар да толық сақталмаған.
Қашаған ақын тіріліп кетсе, өзінен қалған асыл мұраларды ұрпағына жеткізген Қабиболла Сыдиықовтай асыл ағамызға әбден риза болар еді. Сонымен қоса ұмыт қалған, еске түспеген, қысқарып кеткен талай тұстарды еске салар еді деп ойлаймыз.
Менің есіме 1989 жылдың жазы түседі. Бұрынғы мұнайшылардың теңіз жағасындағы мейманханасының алдында Тұрсынғали ағамыз кездесе кетті. Бүйрегімнің тасы қозғалып, кіржиіп келе жатыр ем. Ағамыз ағайындар болып күш қосысып жатқандарын айтты. «Ертең ел алдында ұялып қалып жүрмейміз бе?»- деп сұрады. Сонда мен: «Оқсата алмай, өзіміз ұятты болып жүрмесек, Қашаған атамыз қай тойыңызға да әбден лайық»,- деп едім. Сол жылы күзде Орталық Комитетке бөлім бастығы болып бардым. Гурьев обкомынан ұсыныс түсті. Насихат бөлімінің бастығы Мырзатай Жолдасбеков екеуміз мәселені бюро мәжілісіне әзірледік. Қазақстанға басшы болып тағайындалған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қашағанды мерекелеу туралы шешімге қол қойды. Сол күннен бастап, жүз елу жыл бойына қалтарыс қалған Қашаған ұлттық руханиятымыздың құндылығына айналды. Енді, міне, 170 жылдығы аталып отыр. Халқымен бірге тәуелсіздік алған Қашаған халқымен бірге жасай береді.
Алғашқы тойының үстінде мен Қашағанды «Жырдария» деп атағанмын.
Жырдария сарқылмайды. Тасқындай түседі.