3 Наурыз 2014, 05:46
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері
ЖЫРДАРИЯ САРҚЫЛМАЙДЫ
Маңғыстау, шіркін, жұмбақ өлке. Қай жағынан да қазынаға бай. Ең алғаш итті, малды қолға үйретіп, балшық илеп, баспана тұрғызып, құмыра жасап, от жаққан, дән сеуіп, балық аулай бастаған ежелгі натуфийлік үрдістерді орнықтырған мекендерімізге Каспий теңізінің қазіргі Иран территориясындағы ең күнгей аралдарының кеуек үңгілері де кіреді екен.
Содан бері теңіздің батыс, шығыс жағалауын бойлап, терістікке қарай тырмысқан тіршілік шеруінің жолында Маңқыстау, Үстірт қиырлары да жатыр. Ежелгі сақ, массагет, даһ, кейінгі алан, ас, иозы, қаңғылы, үйсін, түрік, оғыз, қыпшақ, қарлық, қалаш, маңғол, алтын орда, маңғыт, ноғай, қалмақ, қазақ археологиялық және ономастикалық жәдігерліктерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Қай төмпегін түртіп қалсаңыз да, бағзы политеизм, заростризм, буддизм, христиан және ислам исі аңқып қоя береді.
Содан да болар, бұл араның бала екеш баласы да әңгімені әріден қозғағанды жақсы көреді. Дүние жаралып, су аққанынан, Адам Атамыз бен Хауа анамыздың қалай табысқанынан бастамаса, бастары ауырады. Есте ұстайтын жады мен әңгіме айтатын жағын жаттықтырады.
Бұндай тарихи зеректік әзелде оларға жөргектен жұққан. Әу бастан дүние ауып кеткен «Қырымның қырық батырының» мұнда түгел жатталып қалып жүргендігі де сондықтан.
Бұл феноменнің мұншалықты бекемдігінің сыры бұл араның әдеби дәстүрлерінде. Ақындары мен жырауларында. Олардың тумыстарынан айырықша ерек жаратылғандарында.
Әрі де емес, бері де емес, аға да емес, іні де емес, жуан ортасынан біреуін тыңдап көрелікші.
Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын,
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Екі атысқан жау болса,
Арасына панамын.
Мен – ақ бауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзің жеткісіз
Жылмиып жатқан даламын,
Жортар атқа жеткісіз
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын,
Күншығыстың күшті желімен
Ылайлатып ағамын.
Сөйлемеймін мен неге?
Қашаннан да мен өзім
Заржақ туған баламын.
Сөйлесем сөзді табамын.
Сөйлей-сөйлей аламын.
Көпшілік сөйле дегенде,
Кідірмеймін жел сөзге,
Кеудедегі білгенді
Алдыңа төгіп саламын.
...Сөз дегенің бұйым ба,
Сөйлегенім қиын ба?!
Талай-талай сөйледім
Сатырлаған жиында.
Бұл – әр сөзі қорғасын құйған сақадай алшысынан түскен, аузынан айналайын кенже Ақтан ғой. Пай-пай, жүрісінен су төгілмес тарпаңдай басқан кер жорға десе, кер жорға ғой. Келістіріп айтады-ау!
Қашаған жыраудың:
«Көзім көрген адамда
Абыл мен Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым,
Осылай деп айтатын
Тарихтың көне ақпарын»,-
деп айтуы да тегіннен-тегін емес қой. Ақтандай інісі осындай болғанда, оның Абылдай ағасы қандай еді? Бірде Кете Жарылғастың үйіне келген Махамбет түстеніп, атына мініп қайтқалы жатқанда, Шернияз деген ел үстінде жүрген ақын баласы:
Көп үйрек көлде жатқан көсіліпті,
Ғалымдар шариғаттан сөз біліпті.
Баласы Өтемістің ер Махамбет,
Бізге айтар не сөзің бар ескілікті?»-
деп сұрапты. Сонда Махамбет:
Әліп, ләм, һаймен тұрады алқам басы,
Мүйімнің бимен тұрады бисмилләсі,
Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ,
Білсең айт, осы ненің нышанасы?
Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан,
Лашын қақпай қанат дәмін татқан,
Арқадан қайта айналып келгенімше,
Шернияз шеше алмасаң, өзің сақтан»,-
депті де жүріп кетіпті.
Шернияз бұл жұмбақтың шешуін Тигеннің «Дағдушы» суының қасында отырған Абылдан ат шаптырып сұрапты.