«Жыр жабыққанда жазылады»

8 Сәуір 2020, 13:39 5291

Ақын Жадыра Байбұланованың өмірі мен өлеңі

Қазаққа ақындық етене жақын өнер. Соның ішінде әйел адамдарының поэзиясы да жоғары бағаға ие. Фариза, Күләш, Зайда апаларымызды есептемегенде, олардың ізін жалғаушы нәзікжанды ақындарымыздың жүрекжарды туындылары қалың оқырманның жансусарына айналып кетті. Кейінгі толқын ақын қыздарымыздың ішіндегі өлең сүйер қауым есімін жақсы білетін Қарағанды облысының тумасы Жадыра Байбұлановамен тілдесудің сәті түскен еді.


Ол 1990 жылдың 9 желтоқсанында аталмыш өңірдің Қарқаралы ауданы Бейбітшілік ауылында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды аяқтаған, әлеуметтік ғылымдар магистрі. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» мүшәйрасының жүлдегері. «Дарын» сыйлығының иегері. «Қағаз жүрек» кітабының авторы. Қазіргі уақытта «Хабар24» арнасында қызмет атқарады.

Жадыра «адам өлеңге келеді» деген тіркеске түбегейлі қарсы.

– Ақын өлеңге келмейді. Мүмкін, өлең ақынға келетін шығар? Өзімді «өлеңге келген, өнерде жүрген» сияқты тіркестерден алшақ ұстауға тырысамын. Өзім үшін шимайлап жүрген дүниелерімнің бәрі ыстық болса да, алғашқы жазған өлеңдерімді аса бір көркем туынды деп есептемеймін.

Мойындау керек Жадыра кей оқырманға өзінің жеке ақындық тұлғасы арқылы танылса, көпшілікке дарынды ақын, өлең өлкесінде шоқтығы биік Мирас Асанның жары ретінде танымал. "Ақынға ақынның жар болуы қиындық тудырады дегенге келіспеймін" дейді ол.

– Осы іспетті сұрақтар жиі қойылады. Мен ақынның жары болу қиын деген стереотипті бұзғым келеді. Мүмкін, адамына байланысты шығар? Мирас – парасат-пайымы бөлек адам. Сондықтан ешбір қарама-қайшылықсыз, кереғар пікірсіз өмір сүріп келеміз.

Тек өмірде емес, өлеңде де жарасымды жұпқа айналуды мақсат тұтқан жандар бір-бірінің алғашқы оқырмандары екен.

– Біз өлең жазған бетте, бір-бірімізге оқып береміз. Сондай сәттерде оқырман ретінде пікір білдіріп, артық-кемін түзеп жататын кездеріміз болады. Себебі, ақын өлеңді қағазға түсіргенде эйфория күй кешеді, туындысының олқы тұстарын байқамауы мүмкін. Соған сырт көз ретінде қарап, сын айтатын сәттер болады.

«...Ішімде бір он сегіз өліп кеткен, мазалайды сол, мезгіл ауысқанда!», – деп жырлаған ақын өткен күндерге деген сағыныштың ара-тұра мазалап тұратыны өлеңге жиі арқау болатынын жасырмайды.

– Жалпы, ақынға жалғыз ғана миссия берілген, ол – жазу... Қаламы – қаруы, қорғаны, қанаты... – дейді Жадыра.

Оның өлеңде, өнерде ұстанатын ұстанымы – өтірік айтпау, ойдан оқиға құрамау, сезінгенін шынайы жазып, жүректің айтқанын ғана ақ қағаз бетіне түсіру. Өлеңімді өмірім деп ұққан Жадыра үшін поэзия кіршіксіз таза әлем. Оның бүгінгі қазақ поэзиясының қарымын бағалауы да ерекше.

– Меніңше, қазақ поэзиясы тек ақындармен өлшенбейді. Ол – ойлы оқырмандарымен де биік. Бұл ретте бүгінгі поэзия авторға да, оқырманға да бай. Өлеңдегі тақырып аясы да сан алуан. Сана биігінде самғағыңыз келсе, Әділетті (Шопен) ашыңыз, мейірім ғаламшарына сапар шеккіңіз келсе, Батырханды (Сәрсенхан) парақтаңыз. Оқырман осы екі ақынға қарап-ақ, қазақ поэзиясына оң баға бере алады деп ойлаймын. Қазір әлеуметтік желіде екі сөздің басын құрай алса, «ақын» атанып, тақпақ пен шатпақ жазатындар көбейіп кетті ғой. Қолдан келсе, бойында қан-сөлі жоқ құрғақ сөздерді құртып, шын өлеңді шыңға шығару үшін жұмыс жасар едім.

Ақын барлық тақырыпты қозғап, әлеуметтік мәселелерге үнемі қосылып отыру керек деген сөз жоқ. Осы орайда Жадыра ақын өзінің кемшілігін былай баяндайды:

– Мен махаббаттан басқа ештеңені де жазғам жоқ... Сол баяғы көңіл-күй, сезім лирикасы. Өзге тақырыптарға бармайтын да шығармын, адам болмысынан асып ештеңе жасай алмайды. Ең басты кемшілігім – осы.

Оның шығармаларындағы басты кейіпкері – өткен шақ. Өмірінің әрбір өткен сәтін сағынып, өлеңмен өріп, жырға айналдырады. Ал өлең жазатын «маусымы» 365 күн екен. Ақын белгілі бір уақытты таңдап, шабыт қуып, өлең өлкесіне көзсіз кіріп кетпейді.

– Жаныма жаз орнағанда қолыма қалам аламын. Көңілге көктем келгенде, қағазға үңілемін. Арым ақ боран боп ұлып, жүрегім сағыныштан күздей сарғайғанда, өлең жазамын. Менің өз маусымым – өзімде. Ол – менің ішімде үздіксіз ауысып жатқан мезгілдер...

«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали жазғандай, Жадыраның да әр жырынан мұңды, сол сәтте ішіне сыймай тұрған түрлі сезімді аңғаруға болады.

– Өзім әр нәрсеге әсершіл, көңіл-күйдің адамы болғаннан ба, өлеңдерім де сондай. Болмысым адуынды болғанда, «мінезді» жырлар жазар ма едім? «...Бақытты Өлең жазшы дейтін көп адам, өзі бақыт таппай жүргендіктен де!» деп жазғам. Жалпы, жыр деген жабыққанда жазылады, одан бақыт іздейтіндерге таңым бар.


«Арман қуып кетіп ем, шындығында, арман деген ауылда қалады екен...», – деп жырлайтын ақынның аңсары жиі ауылға ауады екен.

– Ауылда қой бағып өскен қызбын. Жалғыз өзім жапан далада, көкпеңбек аспанға қарап, ақша бұлттармен сырласып, тезірек өссем, қалаға барсам деп армандайтынмын. Біз бәріміз қалада жарқын өмір күтіп тұрғандай асығамыз, арман қуып қалаға келеміз. Бірақ адамның ең бір таза, пәк, мөлдір армандары, сәттері, естеліктері ауылда қалады. Соны үнемі сағынамын, жазамын.

«Бәpiн де айтатұғын сәт берiлеp…
Әзipге ақтаpылғым келмейдi ашып.
Алдыма бip адамды ап келіңдеp,
Ғұмыpға мендей ғашық!
Кiм бiлген бастан қашан бақ кетеpiн,
Ең ыстық қуаныш та, мұң – алдамшы.
Өмipдiң қаншалықты тәттi екенiн,
Менен кеп сұpаңдаршы…
Кеpек пе өлiмді еске жиi алудың?
Жадымда жауабы да тұpады анық:
Өмipдi сүpе алу мен сүйе алудың
Аpасы – бip-ақ әpiп…» – деп жырлайды ақын. Бұл дертке шалдыққанда туған жыр деп топшылаймыз. Жадыраны сондай ауыр күндері не жігерлендіріп, аты жаман сырқаттан аман алып қалған – өмірге деген ып-ыстық махаббаты болар.

– Мен ракты махаббаттың арқасында жеңдім. Адамзатты, өмірді сүйдім. Өкпелеген болсам, кешірдім. Қателескен болсам, кешірім сұрадым. Ойды тазарттым, бойды тазарттым. Ізгілік бар жерде – ауру жоқ. Ең қарапайым формула – осы.

«Жанды жеп қоятын музыка болады, «мынаны жазған сазгер қайтіп тірі қалған?» деп ойлайсың», – дейді ақын. Ондай сазға сөз өздігінен орала кететінін айтады. Одан екеуара тандем орнап, ғажайып туынды шығаруға боалды. Көңілге жаққан бірнеше әнге сөз жазған Байбұланова қазір жазғысы келмейтінін тілге тиек етті. Себебін біз де сұрамадық. Ақынның қалың оқырманға дайындап отырған «сүйіншісі» бар екен. Бастысы – осы.

– Жаңа кітабым қазіргі жағдайға (карантин) байланысты тоқтап тұр. Әйтпесе, атын атап, түсін түстеп, ішін – жырға, сыртын – сырға толтырып, тамаша бір жинақ дайындап қойғанбыз. Оқырманнан сүйінші сұрайтын күнді өзім де асыға күтіп жүрмін.

Өткен жылы «Дарын» сыйлығының иегері атанған сыйлықтар ақынға жауапкершілік артатынын айтады. Егер ақынның соңғы жыр жазуға ғана мүмкіндігі қалса, ол өмірді сүйетінін тағы бір мәрте жазар едім дейді. Иә, өмірге деген махаббаты ешкімді ажалынан бұрын өлтірген емес. Ол қайта шыңға шығарады, биікке жетелейді.

– Өткен өмірімнен де ештеңе өзгерткім келмейді. Себебі өткен өмірім басқаша болғанда, мен қазіргідей өлең жазбас едім...

Өмірді өлшеусіз сүйетін, өлеңді ерекше қадірлейтін жанмен болған әңгімемізді басынан өткерген қызықты оқиғамен аяқтадық.

– Қызықты оқиға дейсіз бе... Бір жылы әріптестермен Бурабайға демалуға бардық. Содан құрбым екеуміз тауға кеткендерден бөлініп, көлге баратын болдық. Барсақ, жағада үрленген матрацтарды жалға беріп жатыр екен. Соның біреуін алып, телефон, әмиян, заттарымды жағаға тастап (біреу алып кетер деген ой да жоқ), құрбым екеуміз әлгі "қайыққа" отырып алып, көлдің үстінде аспанға қарап, күнге қыздырынып, әңгімелесіп жаттық. Біраз уақыт өткенде мен «айтпақшы, маған күннің астында көп жатуға болмайды» деп басымды көтеріп қалсам, көлдің дәл ортасында қалықтап жүрміз. Біз жата бергенбіз, матрац толқынмен кете берген. Жағадағы адамдар құмырсқадай ұсақ. Ең қызығы, екеуміз де жүзу білмейміз. Не істерімізді білмей, бір күлеміз, бір жылаймыз. Сөйтіп тұрғанда, оның телефоны бар екені есіне түсіп, қалған әріптестерге хабарласып, жағдайды түсіндіре бастағанда, ол құрғырдың қуаты бітіп, сөніп қалды. Әйтеуір 1-2 сағат өткенде құтқарушылар келіп, бізді құтқарып алған болатын. Қазір күліп еске аламыз.

Жазарыңыз көп болсын, Жадыра! Жаңа кітабыңызды асыға күтеміз!

(Суреттер Жадыраның жеке мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: