30 Маусым 2014, 12:19
Ақынға арашашы керек пе?
Осы сауал менi соңғы кездерi жиi ойлантады. Мен өзiмнiң Махамбеттiң басын алған, Абайды соққыға жыққан халықтың өкiлi екенiмдi жақсы бiлемiн. Ақан серiдей жаны сұлу перзентiн ғұмырының соңында жалғыздықтың арқанымен байлап, Бiржан салдай саңлақ ұлын бiлегiнен қыл бұраумен шандыған да менiң халқым болатын. Менiң халқым... Тек менiң халқым ба?..
Француздар Франсуа Вийонын дарға асып өлтiрдi. Поль Верленiн жанына сая таптыртпай бұрыштан-бұрышқа қаңғыртты. Виктор Гюгосын жер аударды. Ағылшындар да, орыстар да жетiсiп тұрған жоқ. Өзгелерi де. Нелiктен?
Мен кейде абыз Гомердiң өз гректерiнiң ортасында соншалық ұзақ өмiр сүргенiне таң қаламын. «Япыр-ау,– деймiн iштей, – бүкiл гректiң дүниетанымын, пайым-парасатын масқара қылған ақынды отандастары қалай еркiн тайраңдатып қойған. Зевстен бастап, бүкiл грек Құдайларына әжуалай күлген сол Гомер ақын емес пе едi?» Әңгүдiк соғыс Құдайы Арестi екi аяқты пендеден таяқ жегiзiп, махаббат Құдайы Афродитаны менмен бойжеткен етiп суреттеген ақынға замандастары нелiктен кеңпейiлдiк танытты екен? Егер Гомер бiздiң заманда туса...
Жыл санауымызға дейiнгi Гомердi қоя тұрайық, бiздiң заманда туса, итальян поэзиясының туын ұстаушы Данте Алигьеридiң де күнi күн болмас едi-ау. Ғұмыр бойы Беатричесiн ардақтап өткен осы мәжнүн ақыныңызға бүкiл мұсылман әлемi жабылар-ды. Ал оның атақты «Құдiреттi комедиясы» оқуға қатаң тыйым салынған кiтаптардың тiзiмiнен табылатындығына дау жоқ. Неге дейсiз бе? Неге екенiне «Құдiреттi комедияны» бiр шолып шықсаңыз-ақ көзiңiз жетедi. Әсiресе, «Тамұқ» бөлiмiнiң жиырма сегiзiншi жырына баса назар аударсаңыз. Өйткенi, басқа емес, дәл осы жырда бүкiл мұсылман қауымының ардақтысы Мұхаммед пайғамбарыңыз бен әйгiлi Әзiрет Әлi шерiңiз тозақ отына күюлi екенi баяндалған. Мұндай өрескелдiгiнен кейiн Дантенi ұлы ақын деуге қалай ғана аузыңыз барады? Ми ендi не iстеу қажет дейдi? «Дантенi көрiнде өкiрту үшiн Италияны шабуылдау керек пе? Бәлкiм, ақынға қойған мүсiндердi қиратып салу үшiн бiраз бұзақыны Апеннин түбегiне жiбертiп алу керек болар. Әлде салауатты, салиқалы жолға көшiп, Дантенi жүз жылдықтары тойланатын ақындардың санатынан сызып тастаңыздар деп ЮНЕСКО-ға хат жазсақ па?» Қысқасы, «Құдiреттi комедияның», сәл қозғаушы күш табылса, ХХI ғасырда да кезектi комедияны, «Әлемдiк комедияны» дүниеге келтiруiне әбден мүмкiндiгi бар секiлдi. Сосын даудың басы қазақы тар қалыптағы Дайрабайдың көк сиыры емес, әлемдiк деңгейде, Дантенiң «Құдiреттi комедиясы» болып жатса ғажап емес пе?!
Менiңше, осы Дантенiң кебiн көршi орыстың мәшһүр ақыны Сергей Есенинге де кигiзуге болады. Ол ақыныңыз «Инония» дейтiн толғауында «Ажалдан да, жауын боп жауған найза, жебеден де қорықпаймын. Менiң уақытым келдi. Мұны Тәуратқа сүйенiп пайғамбар Сергей Есенин айтып тұр» деп жiбередi. Дәл осындай мәлiмдеменi бүгiнгi күнi қазақ ақыны жасасыншы, көрген күнi не болар екен?
Жоқ. Сергей Есенин жалғыз емес. Байқай бiлсеңiз, Есениннiң iзбасарлары қазақ поэзиясында да жетiп артылады. «Мен осынау Аспани құдiретiммен, пайғамбарлық етемiн Жерге түгел». Бұл – Есенин жасында, отызында өмiрден өткен ақиық ақынымыз Төлеген Айбергенов. «Жо-жоқ, Құдай емеспiн, пайғамбармын жай ғана». Бұл жолдар тағы да бiр ұлы ақынымыз Жұмекен Нәжiмеденовтың қаламсабына тиесiлi. «Өлең жазып жатқанда Құдай да бiр, мен де бiр». Тағы бiр ақынымыз, қайсыбiр бiлетiндердiң айтуынша, iзденiстерi Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаев шығармашылығына баспалдақ болған Өмiрзақ Қожамұратов осылай дейдi. Не iстеу керек, Мұхаммед ғалайссаламнан кейiн пайғамбар атаулы дегенiңiз болмайды деп бұларды да Данте, Есениндердiң артынан жiберу керек пе? Әлде бұла шабыттың жетегiнде отырғанда айтып жiберген ғой деп кешiрiм жасаймыз ба? Сосын әңгiменi созып керегi не, ендiгi кешiрiм жасап та қойған жоқпыз па? Ол кешiрiмдi, кешiрiмдi емес, қошеметтi олар, ақындар, өз шығармашылықтарымен, өз тағдырларымен баяғыда-ақ жеңiп алған жоқ па?
Жоқ, басқа ақындардың бұла шабыты үшiн де, өзiнiң талант тегеурiнi үшiн де қалайда бiр ақын жауап беруi керек болып шықты. Және ең дарынды ақындарымыздың бiрi. Кiм дейсiз бе? Әрине, Олжас Сүлейменов.
Қайсыбiр бауырларымыз осы ақынға:
Бұйырса,
Шөлге көл боп түнегенмiн,
Жел болып көк теңiзде
түлегенмiн.
Қара Жер,
Қария Жер,
Табын маған!
Тәңiрiнiң,
Құдайың да – мына менмiн! –
деп келетiн жыр жолдарын кешiре алмай әлек болуда («Адамға табын, Жер, ендi» поэмасынан. Қ.Мырза Әлi аудармасы).
Менiңше, бұл жолдарда дiнаралық қақтығысқа себеп болуы мүмкiн дәл Дантенiкiндей күпiрлiк жоқ екенi анық. Сосын, поэманы түгел оқыған адам поэманың дәл осы жерiнде дәл осы шумақтың басқашалай емес, дәл осылай айтылуы тиiс екенiн түйсiне алады. Өйткенi поэма алғаш Жер-Ананың тартылыс күшiн жеңiп, адам баласының ашық кеңiстiкке шығуы туралы. Ендi ешқашан қайталанбас бақытты сәт, көңiлдi шаттық кернеген шақ. Ал мұндай сәтте ақын, егер ол шынымен ақын болса, өзiн пайғамбар түгiлi Құдайдай сезiнетiнi анық.
Асылы, бiзге ақынға деген көзқарасты көне гректерден үйрену керек-ау. Олар Гомердi, оның қиялын ғана мойындап қойған жоқ, кейiпкерлерiн де мойындады. Көне грек ақындары он екi ерлiк жасап, тағдырдың талқысынан сүрiнбей өткен Гераклдей ажалды пендеге Құдайлардың санатынан ойып орын алып бердi. Ешбiр грек өз ақындарына «бұларың қате ғой, бұларың күпiршiлiк қой» деген жоқ. Ал бiзде ше? Бiз ақынның жандүниесiн, онда болып жатқан iзденiс-тербелiстерiн түйсiне, түсiне аламыз ба? «Әр адам – бiр әлем». Сыныққа сылтау iздей берсек, осы сөзiмiз де күпiршiлiк болып шықпай ма?
Жылнаманың екi жолы
Дантедей Антика мен орта ғасырдың тарихын, тек оны емес, тарихқа дейiнгi түнек дәуiрлердiң тыныс-демiн де бiлсем дейтiн бiр ақын бар. Ол – осы ақын, бiздiң Олжас Сүлейменов. Бағымызға бiткен бiртуар ақынымыз. Таңдайына Тәңiрдiң өзi түкiрген ақынымыз деуiмiзге болады.
ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында археологияда ұлы жаңалықтар ашылды. Немiс Генрих Шлиман Гомер Троясының тарихта расымен болған қала екенiн дәлелдедi. Көне Мысыр иероглифтерi, шумер-аккад пен хэттiң күйдiрiлген саз балшыққан шекiлген сына жазулары бүгiнгi тiлге аударылып, сөйлей бастады. Бұған дейiнгi ғұламалары Тәуратқа сүйенiп, бүкiл адамзатты Адам Ата мен Хауа анадан тарататын, өз ұлтынан шыққан пайғамбарларды ғана мойындайтын жебiрей оқымыстылары де ендiгi жерде жаңа шындықты мойындау керек екенiн, рухани-мәдени тарихтың шумер деген халықтан басталатынын айтуға көштi. Тәураттың алғашқы нұсқалары шумер топырағында дүниеге келгенi мәлiм болды. Ал бұл кездерi бiздiң түркiтану ендi-ендi ғана дүниеге келiп жатқан-ды. Тiптi өзге халықтың оқымыстылары жаңадан табылған жазба жәдiгерлердегi деректермен бұған дейiн белгiлi тарих арасында салыстырулар жүргiзiп жатқанда, бiздiң халқымыз ұлы даланың шығысындағы ашық аспан астындағы күн қақты сына тастардың өз тарихынан сыр шертетiнiне әлi сене қоймаған болатын. Осылайша хэттi үндiеуропеистика иемденiп, шумер-аккадты семиттер меншiктеп жатқанда бiз Ұлы даланың шығысына ғана қарап қалдық. Көкейiмiзде мың жарым жылдық тарихымызды бiлсек пе, бiлмесек пе деген екiұдай ой жатты. Өйткенi, бiз өзге бiлiмi, бiлiгi биiк халықтар тарапынан өткенiмiзге айтылған кемсiтушiлiктерге көндiгiп қалғандай едiк. Олар бiздi «жабайы көшпелiлердiң ұрпақтары, бұлардан бүкiладамзатқа ортақ рухани қазынаға қандай үлес қосылуы мүмкiн» дестi.
Жоқ, олай емес екен .Бүкiл Азия мен Еуропаны мызғып, қалың ұйқыға шомып бара жатқан сәтiнен әредiк-әредiк дүр сiлкiндiрiп оятып отырған басқа емес, Ұлы даладан Азияның түкпiр-түкпiрi мен Еуропаға жиi-жиi жорық жасап отырған сол «жабайы көшпелiлер» болып шықты. Бiрақ мұны бiлуiмiзге дейiн де бiраз уақыт бар едi.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы мен жетпiсiншi жылдарының басында бiзге Еуропа пен Таяу Шығысқа, оның өткенiне назар тiктеудiң сәтi түстi. Назарымызды аудартқан Олжас Сүлейменов болды. Ол көне шумер тiлiнен түркi сөздерiнiң сiлемдерiн тапты. Бағзы түркiлер мен этрустердi туыстастырды. Нәтижеде дүниеге әйгiлi «АЗ и Я» кiтабы (1975 жыл) келдi. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, көпшiлiк осы кiтаптың бiрiншi бөлiмiне ғана баса назар аударып, екiншi бөлiмi тiптi болмағандай қалып танытты. Иә, бiрiншi бөлiмде славян және түркi халықтарының бағзыдан көршi-қолаң болып келе жатқандығы, мұны орыс тiлiне сыналай енiп кеткен түркi сөздерi айғақтайтыны айтылатын. «Тауықтың түсiне тары кiредi» демекшi, iшiнде қазағы бар түркiтектестердiң денi бұл кездерi Олжас арқылы отарлаушы кейпiндегi орыс ағайынды бiр оқсаттық-ау деп желпiнуден арыға бара алмады. Ал кiтап, «АЗ и Я»-ны айтамыз, шын мәнiнде мыңжылдық емес, кемi үш-төрт мыңжылдық тарихты зерделеудi, одан түркi тектестердiң жүрiп өткен жолын пайымдауды мақсат тұтқан-ды. Кiтаптың бiрiншi емес, шынтуайтында, екiншi бөлiмiнiң көтерген жүгi ауыр болатын. Осылайша, аяулы «АЗ и Я»-ның екiншi бөлiмi бүгiнге жақын, көпшiлiкке түсiнiктi бiрiншi бөлiмiнiң тасасында қалып қойса, ендiгi бiр өкiнiш, осы «АЗ и Я»-ның көлеңкесiнде қалып қойған ақынның тағы бiр ұлы шығармасы бар едi. Ол – ақынның шын мәнiндегi ақындық талант тегеурiнiн байқататын «Қыш кiтап» поэмасы. Ассирия патшасы Асарходдонның (б.д.д. ҮII ғасыр) жылнамасына түскен екi жолдан ақындық ғаламат қиял құдiретiмен өрбiген бұл поэманы әлемдегi арғы-бергi ең үздiк поэмалардың қатарына қосуға әбден болады.
Тарихтан мағлұмат
Асарходдон жылнамасындағы жолдар не туралы сыр шертетiн? Иә, онда бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮII ғасырдың басында Каспий жағалауынан Қап тауы арқылы көшпелi тайпалардың Алдыңғы Азияға өтiп, Ассирияға бүйiрден келiп соққы бергенi баяндалатын. Бұл тайпалардың ортақ атауы ишкуздар едi. Ақын «АЗ и Я» кiтабында осы атауға iш-оғыздар деп өзгерту енгiзген-дi. Және оны «Қорқыт Ата кiтабындағы» iш-оғыздармен байланыстырған болатын. «Қорқыт Ата кiтабында» тыс-оғыздар мен iш-оғыздар арасында болатын бүлiншiлiк туралы арнайы бiр тарауда сөз етiлетiнiн ескерсек, мұндай тайпалар бiрлестiгiнiң бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮII ғасырда да болуы әбден мүмкiн ғой» дейдi ақын жорамалы. Ақын Ассирияның төбесiнен жай түсiргендей болған iш-оғыздардың көсемiнiң есiмiнен де түркiлiк реңктi байқауға бейiл. Ол Ишпақай көсем есiмiн Iс-пақа, Iз-бағар деп оқиды және оны түркiлiк қасқыр тотемiмен байланыстырады. Осылайша славян және иран тiлдерiне ит немесе қасқыр дегендi бiлдiретiн түркi сөзi собака, спаа бейнесiнде ендi деген байлам жасайды.
Мiне, «Қыш кiтап» поэмасы – осы Iшпақай немесе Iшбақа көсем тағдыры туралы ақынның өз қиялынан тудырған әфсанасы. Онда ел тағдыры, оның болашағына ел бастаған көсемнiң жауапкершiлiгi туралы сөз болады. Поэманы, үлкен ауқымнан алғанда, далалық көшпелiлер мен отырықшы қалалықтар өркениетiнiң қақтығысы деп бағалауға да негiз бар.
Iшбақа көсемнiң ақын өзiнше топшылап ашқан трагедиясы мынаған келiп саяды:
– Бар әлемге әлек салып әулекi,
Шайқалады
Дүниенiң дәулетi.
Ол туралы
Келешекте
Оқулық,
Шежiреден танып бiлмек әулетi.
Ол тарихта,
Ең болмаса өлеңде
Ғашық болып қалмақ едi
Ел-елде.
Зорлықшы деп
Жылнама мен тарихқа
Өткiздiм-ау
Әрең-әрең дегенде.
Ассирия патшасының жылнама –
Тарихына кiргiздiрiп бiр ғана
Сөйлем баға
Скиф ханы жайында,
Сол пiкiрдi айтып қазiр жүр ғалам:
«Хан Iшбақа арғымаққа қонғанда,
Жан жетпейтiн хан майданда ол ханға.
Нағыз ұры,
Қарақшы едi ол және».
Аямапты,
Рахмет оған да!
(«Қыш кiтап»,
Қ.Мырза Әлi аудармасы).
Ақын Iшбақа көсем есiмiнiң Ассирия жылнамасында осылайша, қарақшы бейнесiнде болса да екi жолда сақталып қалғанына тәубе дей отырып, одан Абыл мен Қабылдан басталатын бүкiладамзаттық трагедияның жаңа нұсқасын дамытып шығарады.
Әфсанаға үңiлсек
Поэма аруақтың әңгiмесi есебiнде баяндалады. Бұдан 2700 жыл бұрын дүниеден өткен аруақ алдымен Iшбақай есiмдi қойшының, сосын осы аттас студенттiң мазасын алады. Ал шынында ол алдымен бұдан бiрнеше жыл бұрын аспирант Iшбақайды айналдырған болып шығады. Аспирант Iшбақай қалайда ғылыми жаңалық ашпақ ниетiмен таудағы жартасқа қалай оқылуын өзi ғана бiлетiн сына жазу үлгiсiмен, бәлкiм, аруақтың сыбырлауымен, поэманың мәтiнiн шекидi. Бiрақ әр нәрсемен әуре-сарсаң боп жүргенде өзi поэманы шекiген жердi де, оны таба қалған күнде де қалай оқылуын ұмытып қалады. Бiрақ күндердiң күнiнде бәрi сәтiне түсiп, жайына келген. Ол өзi қашаған жазуларды тауып, әлем ғалымдарының назарына ұсынған. Әрине, көне жазуларды оқу тарихынан белгiлi болатынындай, оны әр түрлi елдердiң ғалымдары әрқилы оқиды. Iшбақай өзi жасаған жаңалықтың кiлтi өз қолынан сусып бара жатқанын сезедi. Осылай жан алқымға келiп, қиналып жүргенде ақыры оқудың сәтi түседi. Онда Ассирияға б.д.д. ҮII ғасырда шабуылдаған iш-оғыздар, олардың көсемi Iшбақа туралы баяндалатыны аян болады. Ғалым Iшбақайдың есiмi бағзы адамзат тарихына қатысты кезектi жаңалықты ашушы ретiнде бүкiл әлемге жайылады.
Дәл осы сәтте әлдебiр көне аңыздарды жинаушы Iшбақа көсем туралы ел арасында осынша уақыт қалай сақталғаны белгiсiз аңыз-жырдың мәтiнiн де баспаға ұсына қойған. Ал бұл аңызда Iшбақаның Ассирия жылнамасында баяндалатынындай ешқандай ұры, қарақшы емес, қасiреттi махаббаттың құрбаны екенi тәпсiрленетiн-дi.
Иә, iш-оғыздар Ассирияны жаулап алды. Ендi олардың шашпа-төк байлықтың ен ортасында өмiр сүруiне мүмкiндiк туған. Ертiс бойында ана жатырына түсiп, Донда дүниеге келген, тек соғысты, алыс жорықтарды ғана бiлетiн томырық мiнез дала жауынгерлерi тойлы-думанды Ассирия қалаларының көшелерiнде жынынан айрылған бақсыдай күн кешуге бейiмделе бастаған. Мұндай өмiр салты сарбаздардың рухын түсiрiп, жүнжiтiп жiберетiнiн түсiнген тайпа көсемдерi Iшбақа көсемге келiп өздерiн оятуды, жаңа жерлердi жаулауға бастауын өтiнедi. Бiрақ оларды жаңа жорықтарға бастауға Iшбақа ендiгi қабiлетсiз болып қалған едi. Оның көзi Iштөре тәңiрияның ғибадатханасында зинақорлық жасайтын Шамхат есiмдi салдақыға түскен-дi. Бар ынта-шынтасы соған ауған болатын. А iш-оғыздардың Ұлы Жазуы, яқи далалықтардың жазылмаған заңы көсем жасаған сегiз қылмысты елемеуi мүмкiн, бiрақ тозығыншысына ешқашан кешiрiм болмайды.
Махаббат машақатына жолыққан Iшбақа осы қылмыстардың бәрiн де жасап қояды. Ендi ол дала заңы бойынша өзi ұрыс даласында өлiп, орнын басқа мұрагерге табыс етуi керек. Өйткенi, ол төмен етектiнiң етегiне байланып ездiк танытты, өйткенi, ол өз Тәңiрiн өзгенiң Құдайына айырбастап сатқындық жасады. Осының бәрi бiр махаббаттың әуресi, әлдебiр Шамхат есiмдi салдақының пейiлiн өзiне аудару үшiн болды. Бұдан басқа да жасаған қылмыстары жетерлiк. Үндi мен иудейдiң сенiмiне мазақтап күлгенiнiң өзi неге тұрады?
Мiне, араларынан жаңа көсем сайланды, iш-оғыз бiрлестiгi деп аталған қос-оқ, екi-пышақ, тiлiк тайпалары туған жерлерiне – Ұлы далаға қайтпақ. Бiрақ олар мұның алдында Iшбақа өлуге тиiс соңғы майданға кiруi керек. Iшбақа өлгесiн оны дала заңымен жерлеулерi және шарт.
Iшбақа өлiп, соғыс бiткесiн ұлы ханды арулап жерлеу басталады. Ол кездегi дала заңы бойынша марқұмның қасында қамыққанда көңiлiн көтерер қалыңдығы, о дүниеде баптап мiнер сәйгүлiктерi болуы керек. Кезегiмен осы рәсiмдердiң бәрi жасалады. Қалыңдығы ретiнде жерленуге келiскен Шамхат көрге түсiп, марқұмның жанында өзiне-өзi пышақ салады. Осы жерде ақын оқыс шешiм жасайды. Iшбақа көсемнiң басын айналдырып келген сұлу бойжеткен ешқандай да Шамхат емес, әйел киiмiн киген Ассирия патшасы Асарходдонның өзi болып шығады. Даланың рухы өр, бiрақ аңқаулау перзентi осылайша қауқары жоқ, бiрақ айласы мол отырықшы қала әмiршiсi қулығының құрбанына айналды.
Поэма құрылымынан ең алдымен көне шумердiң Гiлгәмеш туралы дастанының, ондағы қалалық Гiлгәмеш пен бұла табиғаттың ұлы Энкидудiң достығы, еркiн дала перзентi Энкидудың қалаға келуiне себепшi болған тағы бiр Шамхат есiмдi ғибадатхана жезөкшесi туралы әфсананың әсерiн байқаймыз. Ақын қаланың қызылды-жасылды шулы, бiрақ рухани мұратынан айырыла бастаған тiршiлiгiне даланың қатал, бiрақ әдiл де қарапайым дүниетанымын қарсы қояды. Бiрақ бұл тартыста дала ұлдарының әрдайым жеңiлiс тауып отыратынын да ескертедi. Ақынның айтпағы: дала ұлдары қалаға өздерiнiң берiк-сенiмдерiмен келуi керек, сонда ғана өзгенiкiне алаңдамайды, сонда ғана рухы жеңiлiс таппайды.
Ақын поэмада түркi тектестердiң Эллада мен Апеннин түбегiн де жаулағанын, көшпелi рулардың Тосканияда өз таңбаларын бағаналарға шекiп қалдырғанын, бiрақ мұны ешқандай тарихшының байқамай қалғанын да өкiне жазады. Бiз бұдан «Сөз төркiнi» кiтабында, Этрурияға бастайтын ғажайып iзденiстерге толы жолдың сонау жетпiсiншi жылдары, ақын тарапынан осы «Қыш кiтап» поэмасында алғаш салына бастағанын аңғарамыз.
«Қыш кiтапта» ақын тұспалдап айтқан өзге де жаңалықтар аз емес. Бiз оларды табуды ендiгi оқырмандардың өз еншiсiне қалдырсақ па деймiз. Дұрысы да сол болар.
Ақын туралы аз ғана сөз
Шын ақын туралы шын ақын ғана шынайы айта алмақ. Олжас Сүлейменов туралы талай лебiздердi естiдiк, бiрақ бiздiң бiлуiмiзше, олардың iшiндегi ең толымдысы тағы бiр талантты ақынымыз, марқұм Жұматай Жақыпбаевтың қаламына тиесiлi секiлдi. Ол «Аға» атты өлеңiнде Олжас Сүлейменов туралы былай толғайды:
– «Қалай, деп, – ағам?» қарадым аспанға кiлең,
Бағасын жұлдыз көрсеттi бас бармағымен.
Қасоққа әкеп бередi балық пен суын,
Iле өзенi Қытайдан басталғанымен.
Ағам да сондай. Алысты жақынға балап,
Қақтырған бiздiң намыс пен ақылға қанат.
Дештi-Қыпшақтан кеп,
Игорьге орысша сөйлеген
Тұрғандай болам сауытсыз батырға қарап...
Иә, Олжас Сүлейменов – бiздiң сауытсыз батырымыз. Бағасын жұлдыз бас бармағымен көрсететiн бас ақынымыз. Ол бiзге тек Iле емес, сонау Еуфрат пен Тигр, Африкадағы Нiл, Еуропадағы Тибрден де олжа салып жүрген сирек дарын иесi.
2005 жыл.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»