29 Ақпан 2016, 12:46
Бұл мәселені қозғауға не түрткі болды?
Бәріміз де кітапты көбірек оқығымыз келеді, алайда оған уақыт жете бермейді. Сол себепті жылдам оқу әдісін меңгергісі келетіндердің қатары көп. Аталмыш техниканы үйрететін курстар туралы түрлі жарнамалар көзімізге жиі шалынады. Бұл курстардың қаншалықты рас әрі тиімді екенін анықтауға тырысып көрейік.
Адам орта есеппен минутына қандай жылдамдықпен оқиды?
Бұл оқылған мәліметтің тіліне байланысты. Бірақ орта есеппен адам минутына 184 сөз оқиды.
Жылдам оқудың мәні неде?
Қазіргі таңда әлемде жылдам оқудың түрлі техникалары бар. Алайда олар бір-біріне ұқсас келеді. Мұғалімдер алдымен оқудағы «жаман әдеттерді» анықтап, олардан арылуға көмектеседі. Төменде сондай әдеттерден мысал келтіріп, оларға қарсы шараларды ұсынып отырмыз:
— Субвокализация. Оқу кезінде адам ішінен дыбыстап оқиды. Бұл оқу жылдамдығын тежеп, уақыт алады. Кейбіреулер тіпті күбірлеп оқып жатады. Бұған қарсы шара сағыз шайнау немесе әндету. Дауыс аппаратын басқа іспен алдандыру арқылы адам тек көзбен оқуға үйренеді.
— Көзді жол бойынша қозғалту. Адам барлық сөздерді қатарынан оқиды. Одан гөрі бірнеше сөзге тіпті бірнеше сөйлем жолдарына көзбен шолу жасауға үйрену керек.
— Регрессия. Кейде адамдар жаңа ғана оқыған сөйлем жолдарын қайталап оқиды, бұл – кейбіреулер үшін әдетке айналып кетуі мүмкін. Бұл дұрыс емес, сол себепті регрессиядан арылу керек.
— Артық ақпаратты оқу. Мәтіннің мағынасын түсіну үшін оны бүге-шүгесіне дейін оқу қажет емес. Кейде әр абзацтың бастапқы және соңғы сөйлемін оқу жеткілікті болып жатады. Сол себепті маңызды емес ақпаратқа уақыт жоғалтудың қажеті жоқ.
Сонда бұның бәрі көмектесе ме?
Жартылай ғана. Жылдам оқуды Сан-Диего қаласындағы Калифорния университетінің профессоры Элизабет Шотлер толық зерттеген болатын. Ол әріптестерімен бірге оқудың жылдамдығын арттыратын түрлі әдістерге сынақтар жасап көрді. Ғалымдардың ойы бір арнаға тоғысып, олар жылдам оқып үйренуге болатынын алайда бұл әдістерді қолданатын адамдар оқыған мағлұматты түсіну жағынан сапа мәселесі ақсайтынын айтты. Соған қоса, Шоттер өзге де ғалымдар секілді оқу кезінде ішінен дыбыстап оқудың еш зиянын көрмейді. Оның айтуы бойынша ішкі дауыс оқыған нәрсені түсінуге көмектеседі.
Сонда айтылғанның бәрі жалған болғаны ма? Жылдам оқуды меңгере алмаймыз ба?
Әрине бұл техниканы меңгеруге болады. Бірақ мәтінді әрі түсініп, әрі минутына он мың сөз оқуға дейін меңгертуді үйрететін сиқыршыларға сенудің қажеті жоқ. Адам орта есеппен минутына180 сөз оқитын болса, мәтін түсінуін дәл сол деңгейде сақтап қалып, он есе жылдамырақ оқи алмайды. Алайда терең ой-толғауды қажет етпейтін қарапайым мәтіндерді оқудың жылдамдығын сәл болса да көбейтуге болады.
Сонда ол қалай болғаны?
Ең бастысы — назар аудару. Қандай нәрсе оқып отырса да, адамның назары өзге ойларға ауып кетуі мүмкін. Бір бетті оқып болып, не туралы оқығаныңды есіңе түсіре алмай отыру бәрімізге де таныс жағдай. Тіпті бір секундқа алаңдағаннан кейін, мәтінде тоқтаған жеріңді табуға тағы уақыт кетеді. Бұл жағдайда келесідей кеңес бере аламыз. Оқып болған жолды үстінен жауып отырған жөн. Ол үшін қарапайым қағазды қолдануға болады. Ал егер мәтінді компьютер немесе смартфоннан оқысаңыз, оқып отырған жолыңызды экранда бірінші жолда көрініп тұратындай орналастырыңыз. Қағаз ауыстыруды немесе экранды жылжытуды белгілі бір секунд арасында істеуді әдетке айналдыру керек. Себебі бұл сізді жылдам оқуға үйретіп, тәртіпке шақырады.
Сөздерді оқу барысындағы көздің қарашығын қозғалтуды азайту әдісі кейбір адамдарға көмектеседі. Spritz компаниясы тіпті арнайы қосымша ойлап шығарды. Экранда текст бір сөзден шығарылып тұрады, яғни адам сөйлем жолдарын оқу барысында көзін ретсіз қозғалтуға уақыт жоғалтпайды, қайта тез оқиды. Өзіңіз де бұл қосымшаны қолданып көріңіз:
Қай тәсіл ең тиімді?
Көбірек оқу. Шынымен де, сіз көп оқыған сайын сөздік қорыңыз да көбейеді. Ал сөздік қорыңыз неғұрлым мол болса, оқу жылдамдығыңыз да соғұрлым ұлғаяды.
Кәсіпқой әдеби сыншылар қалай оқиды?
Оқу техникасы туралы Галина Юзефович былай дейді:
Мен жылдам оқимын деп айта алмаймын. Өзгелерге қарағанда көбірек оқитын шығармын. Сол себепті менің оқу жылдамдығым орта көрсеткіштен сәл жоғары болуы да мүмкін, бірақ жарнамадағыдай минутына мың сөз оқи алмаймын. Менің ойымша, бұл әдістердің барлығы оқудың сапасын түсіреді. Өзіңіз ойлап көріңізші, мәтін жолдарын ұшақ жылдамдығымен оқысаңыз мағынасын қалай түсініп үлгересіз?
Кітап оқығанның арқасында мен кейбір сөздерді, тіпті сөйлемдерді болжай аламын. Ал егер автордың бұған дейін жазған жұмыстарымен жақсы таныс болсам, оның жаңа шығармасындағы бөлімдердің қалай жазылатынын, тіпті оқиғалардың қандай бағыт алатынына дейін біліп отырамын. Бұл тек интуиция ғана, ешқандай да техниканың қатысы жоқ.
Айсауле Нұрлыбек