30 Маусым 2014, 12:06
Ел арасында Нұх пайғамбардың шын есiмi Яшкар едi, елдiң қамын көп ойлап жылай бергесiн Жылауық (Нұх) пайғамбар атанды деген сөз бар. Сөз астарында шындық жатқан секiлдi. Егер Ной-Ноах есiмiнiң жебiрей тiлiнде «татуластырушы», «бiтiстiрушi» деген ұғымдарды беретiндiгiн ескерсек (Г.В.Синило. Древние литературы Ближного Востока и мир Танаха. Минск, «Экономпресс», 1998, стр 199), жылауық мағынасындағы тағы бiр Нұх есiмiнiң пайда болуы, расында да қызық, әрi күдiктi. Осы арада Жылауық пайғамбар жайлы әңгiме ислам дiни мифологиясында ескiден бар желi ме, әлде жергiлiктi түркi тектес халықтардың қиялынан шыққан дүние ме деген сауалға жауап iздеу қажеттiлiгi туындамақ.
Бiздiң қолымызда Нұх есiмiне қатысты тағы бiр болжам бар: «Болмыс кiтабындағы («Библияның» бiр тарауы) Топан су – финикей, әлде семит немесе жебiрей аңызы. Бiрақ кейiпкерi Нойдың есiмi арийлердiкi. Бұл есiмнiң еш өзгерiске ұшырамай бастапқы арийлiк мағынасын сақтап қалғандығы таңғалдырады. Ол барлық арий тiлдерiнде «су, «ағын» деген мағыналарды бiлдiредi. Түбiрi «на» (Игнатиус Донелли. Атлантида. Мир до потопа. стр 94).
Нұх есiмiнiң «татуластырушы», «бiтiстiрушi» мағынасындағы семиттiк түсiндiрмесiнен гөрi «су», «ағын» деген ұғымдарды бiлдiретiн осы арийлiк нұсқасы Жылауық пайғамбар есiмiне жақынырақ келетiн сияқты. Су мен көз жасының арасы оншалықты алшақ болмаса керек. Яғни Жылауық пайғамбар туралы әңгiме түркi тектес халықтардың өз туындысы деп санар болсақ, онда түркiлер мен арийлер арасында қандай байланыс барлығына жауап iздеуге тура келмек.
Әзiрге арийлерге қатысты ешкiм таласа алмайтын бiр ғана шындық белгiлi. Ол арийлердiң кезiнде (б.д.д. I-II мыңжылдықтар аралығы) Қазақстан территориясынан, Каспий, Арал маңынан кеткендiгi. Егер топан су туралы аңыз арийлер арасында, олар жаңа мекенге қоныс аудармай тұрып-ақ пайда болған деген пiкiрге сүйенетiн болсақ, түркiлер арасында Жылауық пайғамбар жайлы әңгiменiң кездесуi оншалықты кездейсоқтық емес екендiгiн байқаймыз. Өйткенi, түркiлердi арийлердiң тiкелей мұрагерi деп есептемеген күннiң өзiнде, олардың орнын басқан халық ретiнде түркiлердiң жергiлiктi жер-су атауларына қатысты аңыз-әңгiмелерден бейхабар қалуы мүмкiн емес-тi. Егер бұдан да ары кетiп, түркiлер арийлердiң тiкелей iзбасары, тiптi төл ұрпағы едi деген пiкiрдi дәлелдей алып жатсақ, аңыздың тiкелей түркiлердiң өз туындысы екендiгiне күмән қалмас. Амал қанша, ондай мүмкiндiк бiзде жоқ. Бiрақ менiң, мүмкiндiгiм жоқ бола тұра, ақиқат шындықтың дәл осылай екендiгiне сенгiм келедi. Және бұл үмiтсiз де сенiм емес секiлдi.
Л.Базен наурыз сөзiнiң түбiрiн «n, a» (нәр, ылғал, шырын) формасындағы алтай прототипiнен шығарады. Бұл сөздiң басқа тiлдердегi қолдану аясы мынандай: тұнғысша - nia – «ылғалды, жасыл», монғолша - ini - «жас өсiмдiк», «жаңа туылған», ni/buzum – «көз жасы», ni/bi – «түкiру», фин-угор, мажар тiлдерiнде nya – «түкiрiк» (Л.Базен. Концепция возраста древних тюркских народов. стр 363) «Көз жасын» былай қойғанда осындағы ылғал, нәр, шырын сөздерiнiң өзi-ақ арийлiк на – су сөзiнiң түбi түркi-алтайлық болуы мүмкiндiгiн аңғартып тұрғандай.
Арийлер мен прототүркiлердi байланыстыруға бұл да сеп. Тарихта арий деген халықтың болмағандығы, тек ел бастаушы ақсүйек көсемдерiнiң өздерiн арья, яғни тектi, iзгi атауынан тарих ғылымында шартты түрде арий аталған халықтардың пайда болғандығы белгiлi. Асылы, осы тектiлiктi бiлдiретiн арья сөзi бiздегi ар, арыс, арлы сөздерiмен байланысты болса керек. Бiздегi арыс сөзi бағзы этрустерде арыстан мағынасын бiлдiргендiгi де тосын ойларға бастайды. Этрустер мен түркiлердiң түбi бiр деген тұжырымға тоқтар болсақ, сөздiң өмiршеңдiгiне бұл да мықты дәлел, Арыстан ұғымын бiлдiретiн түркi-қазақ сөзiне үш мың жыл деп мақтанышпен айтуға болады.
Бұдан бұрын арыс сөзiнiң қасқыр атауымен байланыстырғанымыз бар-ды. Егер арыстан да, қасқыр да тотемдiк сипатқа ие жыртқыш аңдар екендiгiн ескерсек, бұл болжамның да өмiр сүруге хақысы бар секiлдi. Бәлкiм, кiм бiледi, көнекөз замандарда бұл атау екi жыртқыш аңға да тең телiнiп қолданылған болар.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»