«Жыламайтын бала жоқ»: Баланың балабақшадағы қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

30 Қыркүйек, 13:30 572

Балалардың қауіпсіздігі барлық ата-ана үшін алдыңғы орында. Баласын балабақшаға жібергенде уайымдамайтын ата-аналар жоқ екені белгілі. El.kz тілшісі Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын бағалау сарапшысы Гауһар Арыстанның  TEDxAstana конференциясында балабақша саясаты мен жұмысын ұйымдастыруына қатысты айтқан ойын оқырмандарға ұсынады.

2021 жылы Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру сапасы саласында алғашқы және жалғыз жалпыұлттық зерттеу жасады. Сарапшылар еліміздің барлық облысында орналасқан 55 балабақшаны халықаралық сапаны бағалау шкаласы бойынша бағалап шықты.

Еліміздегі балабақшалардың орта бағасы 2,1 балл болды, ал ол шкала бойынша максимум 7 балл. Ішіндегі қымбат, арзан, жекеменшік, қалалық, ауылдық балабақшалардың балы бір-бірінен қатты алшақтамады. Сонда еліміздегі бақшалар сапаның тіпті минимал деңгейін қамтамасыз етпейді. Түсініп тұрғандарыңыздай, балабақша жүйесі өте үлкен модернизацияны талап етеді, - деді сарапшы.

Балабақшадағы қауіпсіздік ережесі қандай болуы керек?

Сарапшы бірнеше оқиғаны мысалға келтіріп, еліміздегі балабақша жүйесін қалай өзгертуге болатынын түсіндіріп берді.

Былтыр Алматы қаласындағы балалар орталығының бірінде 3 жасар баланың үстіне сөре құлап, өкінішке қарай қайтыс болды. Ал Қарағандыдағы бір балабақшада 4 жасар бала хлор ерітіндісін ішіп қойды. Баланың ауладағы дәретханаға құлап кеткені туралы да естіп жатамыз. Мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу оңай. Ол үшін балабақша бөлмесіне үлкен ауыр сөре қоймау керек. Хлор ерітіндісін биік жерге немесе балалардың қолы жетпейтін жерге қою керек. Ал балабақша ауласына балаға қауіпті болуы мүмкін дәретхана соқпау керек, - дейді ол.

Гауһар Арыстан Санитарлық талаптар мен ережелерде мұндай талаптар жоқ болғандықтан балабақшалар мұндай дүниелерге назар аудара бермейтінін атап өтті.

Мәселені шешу үшін балабақшаның өзі қауіпсіздікке қатысты аудит жасап, “Қауіпсіздік және балалардың денсаулығын сақтау бойынша саясат” деген құжатты әзірлеуі қажет. Ол жерде мекеме баланың физикалық және менталды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істейтінін белгілеп, ол құжатпен ата-аналарды да таныстыруы қажет. Мысалы, 4 жасар бала құлап қалып, денесін жарақаттап алса, балабақша алдымен сізге, сосын жедел жәрдемге телефон шалады. Жедел жәрдем келгенше әкімші, медбике не болмаса меңгеруші баланың жанында болып, сутек пероксидін жаға тұрады. Немесе ешнәрсе жақпайды я болмаса балаға күзетші қарай тұрады. Мұндай процедураның барлығы балабақшаның саясатында көрсетілуі керек. Бақшаның саясатымен танысып, балабақшаға сенуге бола ма, болмай ма, олардың шешімдерімен келісесіз бе, келіспейсіз бе, осыны анықтап аласыз және балаңыздың қауіпсіздігіне уайымыңыз сейіледі, - деп түсіндірді сарапшы.

Гауһар Арыстан бала неліктен балабақшаға барғысы келмей, жылайтынын түсіндіріп көрді. Ол мынадай мысал келтірді.

Бір күні таңертең жұмысқа шығып жатсам, көршім 3 жасар баласын балабақшаның тасымал көлігіне отырғызып жатқанын көрдім. Бала жылап жатыр, қол-аяғын ұстап, тартып жатқан адамдарды теуіп, итерумен әлек. Бір кезде әйтеуір баланың денесі көліктің ішіне кірді, көліктің есігі жабылды, көлік жүріп кетті. Баланың анасы мені көріп, жымиып, “бақшаға үйрене алмай жатқанына үш ай болды, күнде осындай қызық көреміз” деп, тұрғын үй кешеніндегі үй кіреберісіне қарай беттеді.

Сарапшы мұндай жағдай барлығына таныс екенін және “жыламайтын бала жоқ, осылай-осылай үйреніп кетеді” деген наным-сенімді тәрбиешілердің өздері тарататынын айтты. Гауһардың сөзінше, бұл қате түсінік.

Алайда ол - қате түсінік. Мұндай қарсылық көрсетіп жатқан бала өзін қауіпсіз сезініп тұр, балабақша оған ұнамайды, ол жақта ол өзін жаман сезінеді. 2002 жылы Маргарет Бурчинал және басқа да ғалымдардың зерттеуі бала балабақшада өзін эмоциялық тұрғыдан қауіпсіз сезінгенде ғана оның академиялық жетістіктері жоғары болатынын көрсетті. Яғни, бала жақсы білім алуы үшін, ол қорықпауы керек, ол жердегі ересектің әрқайсысы оны жақсы көретініне, оған көмектесетініне сенімді болуы керек. Сол себепті балабақшадағы тәрбиешілер баланың әлеуметтік-эмоциялық дамуы туралы білімдерін арттыруы қажет. Тәрбиешілер баланың күзетшісі немесе жылағанда барлық қалауын орындап беретін сиқыршысы емес, қауіпсіздік, жылулық сезімін беретін, топта ережелерді орнатып, ортамен қарым-қатынас құруды үйрететін ментор, менталды тірек рөлін орындауы қажет. Табиғи түрде жұмсақ, баланы сезетін, дұрыс басқара алатын тәрбиешілер бар екенін білемін. Алайда еліміздің 11 000 тіркелген бақшасында жұмыс істейтін 110 000 тәрбиешінің бәрі мұндай табиғи талантқа ие болуы екіталай, - деп пайымдады ол.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын бағалау сарапшысы Гауһар Арыстан мұндай мәселені қолға алу үшін мемлекет арнайы бағдарламаны жүзеге асыруы қажет деп есептейді.

Балабақша бөлмелері қалай соғылғаны дұрыс?

Гауһар Арыстан балабақша сапасын бағалау кезінде байқаған оқиғасын баяндап берді.

5 жасар Ардақ түскі асқа берілген сорпа мен палауды жеп болып, шайын ішті. Сөйтіп ол тамағын жеп болған соң, келесі 18 минут бойы ешнәрсемен айналыспай отыруға мәжбүр болды. Себебі жатын бөлмеге бару үшін басқа балалардың тамақ жеп болуын күтуі керек еді. Тәрбиеші оны жатын бөлмеге жалғыз жібере алмайды, өйткені баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық бала тәрбиешінің көз алдында болуы қажет. Жатын бөлме бөлек болғандықтан, тәрбиеші барлық баланы жинап, келесі бөлмеге алып баруы қажет. Нәтижесінде миы ең қарқынды дамып жатқан кезеңді Ардақ пайдасыз күтумен өткізуге мәжбүр, - деп айтты сарапшы.

Елімізде жатын бөлме бөлек соғылуының бірнеше себебі бар.

Бірінші, кеңестік дәуірде балалар балабақшада бес күн бойы қалуға, яғни түнде қонуға мәжбүр болатын кездер болған. Түнгі ауысымға шығатын ата-аналар баласын дүйсенбі күні бақшаға апарып, жұма күні кешке алып қайтатын. Бұл жағдай үшін жатын бөлменің бөлек болғаны ыңғайлы болды.

Екінші себеп, коммунизм құрылысы кезінде “біз шыдай тұрайық, барлық жақсылықты балаларымызға берейік” деген түсінік болды. Сондықтан өте тар үйлер соғылып жатқан кезеңде өте кең балабақшалар соғылды.

Қазір “Жатын бөлме мен ойын бөлмені біріктіруге қалай қарайсыз?” деп сұрасам, көбіңіз автоматты түрде қарсы боласыздар. “Қалай? Балам ең жақсысына лайық қой” дейсіздер, - деді Гауһар.

Үшінші себеп, бит басу секілді гигиеналық мәселелер ушығып тұрған заманда балабақша - тазалық оазисі деп қабылданды. Балабақша тазалығына өте қатаң, тіпті керек емес талаптар қойылды.

Осы үш себептің нәтижесінде 1971 жылғы жатын бөлмені бөлек соғу талап етіліп, қазірге дейін сол күйі қалып кетті. Америкалық педиатрлар ассоциациясының COVID пандемиясынан кейінгі жаңартылған ұсыныстарына сәйкес, балалардың арасында бактерия мен вирустардың таралмауын қамтамасыз ету үшін тек 4 талапты орындау қажет: балалар мен тәрбиешілердің қолдарын жиі-жиі 20 секунд бойы жуып тұру керек, кереуеттердің орналасу арақашықтығы кемі 46 см болу қажет, балалардың жеке заттары бір-біріне тимеу керек және тегіс беттерді тиісті хлор ерітіндісімен өңдеп отыру қажет, - деп айтты білім баласының сарапшысы.

Гауһар Арыстан балабақша жатын бөлмесінің бөлек соғылғанының зияны да бар деген ойда.

Жатын бөлме мен ойын бөлмесін біріктірдік дейік. Ол шаршысын қалай игереміз? Мысалы, Бейбіт 4 жаста. Ол математикаға өте әуес, көрінген жерде заттарды санап жүреді, сандарды құммен, бояумен, қаламмен жазғанды жақсы көреді. Алайда топта ол “бұзық” балалардың қатарына жатады, себебі топпен бірге сурет салмайды, музыка сабағында ән айтпайды, іші пысқаннан жиі төбелес шығарады. Бейбіттің жолы болды, себебі енді оның балабақшасы ғылыми ұсыныстарға сай жұмыс істеуге бел буды. Балабақшада музыка, математика, сурет салу тәрбиешілер жасаған кесте бойынша бірінен соң бірі емес, барлығы бір уақытта қолжетімді болды. Ол үшін ең алдымен екі бөлмені біріктірдік, сосын топтың әр жеріне қоюға болатын жиналмалы кереуеттер сатып алдық. Сосын осы үлкен бөлмеге керектің бәрін сыйдырдық. Бөлменің бір жағына сурет салуға арналған материалдарды, басқа жағына рөлдік ойынға керек ойыншықтарды, тағы басқа жағына кітап оқу мен математикаға арналған материалдарды, музыкалық аспаптарды қойдық. Мұның бәрі балаларға бір сағат бойы қолжетімді болды. Балалар солардың арасынан өздері қызығатын әрекетті таңдай алды. Бейбітке өзі жақсы көретін математикасымен бір сағат бойы айналысуға мүмкіндік берілді, нәтижесінде оның “бұзық бала” болуы тоқтады және жалпы топтағы барлық баланың мінез-құлқы жақсарды, - деп түсіндірді Гауһар Арыстан.

Мұны түсіндіретін зерттеулер тіпті 1990 жылдары шыға бастаған. 1994 жылы Оңтүстік Флорида университетінде профессор Данлап бастаған зерттеуге сүйенсек, балаларға таңдау жасауға мүмкіндік берілгенде олардың мінез-құлқы жақсарады. Соның ішінде олар өздерін тәуелсіз сезіне бастайды, өз таңдауы үшін жауапкершілік алуды үйренеді, басқалармен қарым-қатынас құруды үйренеді, сөйлеу дағдысы жақсарады.

Барлығымыз балаларымыздың тәуелсіз, жауапкершілік ала алатын, қарым-қатынас құра алатын, өз ойын еркін жеткізе алатын азамат болып өсуін қалаймыз. Ондай болып өсуі үшін біз балабақша кезінен оларға осы қасиеттерді дамытуға жағдай жасауымыз керек. Себебі балабақшадағы топ - мемлекеттің кішірейтілген моделі. Тәрбиеші - президент және полиция, ал балалар - қарапайым халық. Балалар қоғам деген не, қоғамда өзін қалай ұстау керегін алғаш рет балабақшада көреді. Балабақша тобында қалыптасқан ұғымдар мен қарым-қатынасты балалар ересек өмірге алып шығады. Тек қана тәрбиешінің айтқанын істеу керек дегенді, тек тәрбиеші қарап тұрғанда тәртіпті болу керек дегенді балалар бақшада үйренеді. Ал өз бетімен таңдау жасап, таңдауына жауапкершілік алуды үйренуге мүмкіндік жоқ. Саналы қоғам құра алуымыз үшін балаларымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау бойынша дұрыс әрекеттер жасап, балаларға таңдау мүмкіндігін беруіміз қажет, - деп ойын аяқтады Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын бағалау сарапшысы Гауһар Арыстан.

Айдана Мұрат
Бөлісу: