"Жылаған ер азаматтарды көрдім". Ләйлә Сұлтанқызы баласы жоқ отбасыларға көмектесіп жүр

17 Қараша 2023, 10:36 1832

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы бала сүйе алмай жүрген отбасыларға көмектесетін "Mariyam" атты қайырымдылық қор ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бала сүйе алмай жүрген отбасыларға тегін эко жасаймыз. Қазір 14 отбасы біздің бағдарламада, соның жартысынан көбінің аяғы ауыр. Осы жылы 20-ға жуық отбасыға көмектесетін ниетіміз бар, - деді ол "Ұйқым келмейді" бағдарламасында.

Ләйлә Сұлтанқызы бұған дейін өзінің қызды болғысы келетінін жиі айтатын. Жұбайы дүниеден озған соң басқа адамдарға көмектесуді ұйғарған.

Осыған дейін 2 жылдай эко орталыққа барып жүргенде неше түрлі отбасыны көрдім. 20-дағы, 30-дағы, 40-тағы, 50-дегі сәби сүйе алмай жүрген жұптарды көрдім. Жылаған ер азаматтарды көрдім, менің жүрегіме қатты батты. Бәрінің миллиондап ақша төлеуге жағдайы жоқ. Дәрігер Салтанат Байқошқароваға 3-4 отбасыға көмектесу туралы айтып, ол кісі қолдап, былтыр 5 отбасыға эко жасауға көмектестік. Ол балалардың алды 1 жастан асты. Биыл сол үрдісті жалғастыру үшін қор аштық. Енді біз үлгермедік. Екі ұлдан кейін қызым болғанын қатты қаладым, - деді тележүргізуші.

Айта кетейік, белгілі журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі Қайрат Беркінбаевтың жылдық асын бергенін жазған едік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: