11 Мамыр 2014, 09:12
Жылқы түсіне байланысты ерекше атауларды білгіңіз келсе мында басыңыз...
Тай күзеу: Тай атаулы еркек-ұрғашысына қарамай күзеледі. Ол үшін жалын сыпыра күзеп келіп, уыс толар шоқтық қалдырады. Кекілін қысқарта теңестіріп қияды. Ал құйрығын түбіне дейін сыпыра күзеп келеді де, ұшынан ғана «шыбын қағар» шашақ қалдырады.
Құнан күзеу: Құнанның кекілін шырпып қана теңестіріп қояды. Жалы тай кезіндегідей сыпыра күзеледі. Ал құйрығын күземейді.
Құнажын байтал күзеу: Кекілі мен жалыны құнанша күзеледі. Ал, құйрығын жоғары жағынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырады да, құйрық шыбығын «шыбын қағар» шашақ қалғанша сыпыра күзейді.
Қысыр күзеу: Қысыр қалған биенің «бойын түзеу» үшін кекілін төгілте қалдырып, жалын сыпыра күзейді. Құйрығын жоғары жағынан үш бунап күзеп, ұшын шырпып қана тегістейді.
Соғым малын күзеу: Ат болсын, бие болсын, соғымға арнап жіберерде жалын сыпыра күзеп, құйрығын тірсегінен шорт кеседі.
Тұлданған атты күзеу: Көне заманнан жеткен рәсім бойынша, иесі өлсе, мінген атын жыл уақытында иесінің асына сою үшін жал-құйрығын күзеп жібереді. Тұлданған аттың күзелу тәсілі соғым малын күзеуге ұқсас. Айырмашылығы, тұлданған аттың кекілін жоғары көтеріп, төбесіне мықтап түйеді де, ұшын бірлестіре шырпиды. Тұлданған аттың үстіне адам шықпайды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша құлынды биелер, айғырлар, жаз жайлайтын бедеу биелер, мініс аттары күзелмейді. Қазақ құйрық-жалды жылқы малының көркі деп есептеп, оған айрықша мән береді.
Жылқы төлдерін жасына қарай әртүрлі атайды. Жылқы малын қалай күзеу туралы әңгімеден кейін олардың жасына байланысты атауларына да тоқтайық.
құлын (биенің жас төлі),
жабағы (6 айдан асқан құлын),
тай (1 жастан асқаны) деп атайды.
Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:
құнажын байтал (2 жастан асқаны),
дөнежін шығар (3 жастағы байтал),
дөнежін байтал (3 жастан асқаны),
бесті бие (4 жастан асқаны),
қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),
кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),
жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.
Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:
құнан айғыр (2 жастан асқаны),
дөнен айғыр (3 жастағысы),
сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),
бесті айғыр (5 жастағысы),
сақа айғыр (11 – 12 жастағысы),
Деректер Ақселеу Сейдімбектің "Қазақ әлемі" кітабынан алынды.