Жылқы – аңыз (II бөлім)

24 Маусым 2021, 10:49 17595

Киелі жануар ертегі-дастандарда қалай көрініс тапқан?

 

Скифтер Азиядан Еуропаға өтетін аралықты мекен қылған. Археологтар Алтайдан Қырымға дейінгі аралықтардан скифтердің бір тегіне және оларға тән мәдениет белгілері бар қорымдарды жиі ашуда. Скифтер сырын ашу оңай емес. Тіпті тарихшылардың өздері де оның құпиясын аша алмай келеді. Ғалымдар сан ғасыр бойына осы жұмбақ халық туралы деректерді жинастырып келе жатқанымен, олардың толық бейнесін шығара алмауда. Заманымыздың зерттеушілерінің бірі: «Скифтер жазықтағы сағым сияқты. Бір қарағанда оларды барлық қырынан танып, болдық десек те, іс жүзінде жұмбақ күйінде қалып келеді» - деп жазған.

 

Александр Македонский, яғни Ескендір Зұлқарнайынның Қара теңіздің солтүстігін жайлаған мұрагері Зопирион Скиф жеріне баса-көкте кіргенімен, біздің дәуірімізге дейінгі 331 жылы әскерімен бірге жер жастанған. Зопирионға дейін скифтерге парсы патшасы Дарий де жорыққа аттанған. Аңыздарға қарағанда оның жеті жүз мың әскері болған. Бұл жорық та тас-талқан болып жеңіліске ұшырады. Сонда «Ақымақпысың, неге қашқақтай бересің? – дейді әбден төзімі таусылған Дарий ызадан жарылардай болып. – Егер сен өзіңді күшті сезінсең қашқақтай бермей, менімен тірес. Егер қорқар болсаң онда жер-суыңды маған беріп, әміршіңнің алдына келіп тізе бүккейсің».

 

Бұған скифтердің көсемі Идaнфрис: «Не қаласы, не өсіріп отырған егіні жоқ бізден парсылар несін алады? Сондықтан скифтер қалай деп тапса, солай соғысады... Ал өзіңді менен зор тұтқаның үшін тиісті сазайыңды тартасың», - деп жауап қайтарады.

 

Көп кешікпей Дарий өз басын аман алып қалу үшін масқара күйде қашуға мәжбүр болды. Өйткені скифтер жеңілген жауларының бас сүйегіне шарап құйып ішетін болған. Олардың жеңіске жетуінің сыры неде? Египетке дейін жетіп, Ассирияны тас-талқан еткен бұл әскер қайда ғайып болды? Сыры жұмбақ скифтер кімдер еді? Тарихшылардың пікірінше, олар әскерінің құйындай ұйытқып, қапыда соғатындығымен жеңіске жетті. Скиф жауынгерлері кілең атты әскерлер болған. Өздері де ат құлағында ойнаған. Олар қиян даланың бір түкпірінен жалбыр жүнді аласа аттарымен шыға келіп, жауларын бораған садақ жебесінің астына алған. Ал жауы әбден қалжырап, дәрменсіз халге жеткен кезінде катафактрия – ұзын найзалы ауыр атты әскер оларды жусатып салған.

 

Жаулаушыларға қарсы халықтың жаппай көтерілген кезінде, кейінгі өмірі көрікті Бурабаймен тамырлас Орта жүздің ханы Абылайдың жұлдызы жарқырай жанды. Абылайдың шын есімі бәрімізге белгілі – Әбілмансұр. Үш жүздің басын қосқан хан 1711 жылда Түркістанды билеген Қанішер Абылайдың ұлы Көркем Уәли отбасында дүние есігін ашқан. Тегі жағынан Шыңғыс тұқымынан тараған Әбілмансұр Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан (XV ғасыр) ұрпақтарының үлкен тармағына жатады.

 

Жоңғар шапқыншылығы кезінде, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» Әбілмансұрдың әкесі Уәли сұлтан қаза табады. Тек кызметші Ораздың арқасында дұшпандарының Уәли тұқымын толық құртып жіберуінен осы Әбілмансұр ғана аман қалады. Осылайша қызметшісі Ораздың жол бастауымен Төле бидің ауылына келіп, Сабалақ деген лақап атпен оның түйесін бағады. Кейін ол қызметшісі Оразбен Көкшетауға келеді. Жас сұлтанды Қарауыл елі құшақ жая қарсы алып, азамат етіп шығарады. Жиырма жасында Дәулетбай оның бес қаруын сай етіп, астына Шалқұйрық атын мінгізеді. Осыдан бастап Абылай жоңғарларға қарсы талай жорықтарда ерлігімен көзге түседі.

 

Жылқымен байланысты әдет-ғұрыптар

 

Алғашқы бөлімде айта кеткендей, ұлы адамдарға тән аттардың да қастерлеп қойған атаулары болған. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) аты –Пырақ, Хазіреті Әлінікі – Дүлдүл, Алпамыс батырдікі – Байшұбар, Қобыландынікі – Тайбурыл, Қамбардікі – Қарақасқа, Ақан серінікі – Құлагер, Исатай батырдікі – Ақтабан, Қабанбай батырдікі – Қубас, Махамбеттікі – Құла жирен, Ер Тарғындiкі – Тарлан, Ескендір Зұлқарнайындiкі – Буцефал, Шыңғыс хандікі – Ақсүлде, Kөpұғылынікі – Ғират, Манастiкі – Аққұла.

 

Яғни, қазақтардың салттары мен дәстүрлерінде жылқының алатын орны ерекше. Бұған тағы бір дәлел – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасындағы ат бейнесі. Ол – бейбітшіліктің, еңбексүйгіштіктің, төзімділіктің, адамға шынайы берілгендіктің, табиғи сұлулық пен әсемдіктің, келісімділіктің нышаны. Өзін ұлан даланың еркін перзентімін деп білетін әрбір адам атты айрықша қастерлеп, оны басты қазынам деп білген, жылқы ең қадірлі сый түрі делінген. Ендігі кезекте жылқы жануарымен байланысты дәстүр-ғұрыптарды атап өтейік.

 

Қарғыбау – сыйлық. Қызға құда түсер алдында күйеу жігіт жағынан сөз байласу үшін арнайы кісі жіберіледі. Екі жақ мәмілеге келгеннен кейін қалың малдың мөлшері, тойдың күні келісіледі. Барған адам қыз әкесіне сөз байласқанның бәтуасы ретінде «қарғыбау» сыйын тапсырады.

 

Бай, беделді адамдар құдалық сөйлескенде көрсетілетін сый-сияпаттың мөлшері де салмақтылана түседі. Олар бес жақсы, орта жақсы, аяқ жақсы деп аталған. Бес жақсыға боталы түйе, құлынды бие, бағалы киім немесе алтын, күміс құймасы, орта жақсыға – таңдаулы түйе немесе жылқы, аяқ жақсыға – жылқы, сиыр, қой және тағы басқалар кіретін болған.

 

Қалың мал – қалың төлеу. Құда түсіп, екі жақ келіскеннен кейін жігіт жағы қыздың ақысы ретінде төрт түлік мал санымен қалың береді. Қалың малдың көлемі құдалардың әлеуметтік-жағдайына қарай ортақ шешілген. Мысалы, орта тұрмыстағы кісілер бес-алты бас мал берсе, аса ауқатты байларда оның саны 200-500-ден мың жылқыға дейін жетіп жығылатын болған.

 

Мұның сыртында анасының сүт ақысы, өлі-тірі, кәде деген сияқты өзге жөн-жоралғыларды да жігіт жағы көтеруге тиісті. Кешегі кеңестік заманда қазақтардың осы салтына әйелдерді қорлау, оларды малға айырбастау деген желеумен қара бояу баттастыра жағылып келді. Ал шын мәнінде ұзатылған қыздың жасауы сол жігіт жағы төлеген қалың малдың құнынан асып түспесе, кем соқпаған.

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалың малдың көлемі құда түсуші жақтардың ауқаттылығына байланысты. Мәселен, қалың он бас ірі қарамен шектелсе, ол «дөңгелек қалың», егер ұсақ тұяқтар бір-екі жылқымен алмастырылса, ол «балама қалың» деп аталған, егер қалыңдық қайтыс болып, күйеу жігіт балдызына үйленетін болса, онда ол жиырма жеті ірі қара малдан тұратын «олқы қалың» төлеген.

 

Қалың төлеудің және оны бөліске салудың өзіндік қалыптасқан тәртібі бар. Жылқыны бөлу кезінде оның бірі «құрықбау» деп аталып, жылқышыға, қойды бөлуде оның бірі «қосақбау» делініп қойшыға берілетін болған. Сондай-ақ «келін тілі» деген де жоралғы бар. Ол болашақ келін босаға аттағанда тілден айырылып қалмасын деген ниетті көздейді.

 

Киіт. Құдалар аттанар кезінде қыз әкесі оларға салт бойынша киіт кигізеді. Ең бағалы киіт, тіпті құдалардың арасында болмаған күннің өзінде, күйеу жігіттің әкесіне аталады. Қалған құдалар өз дәрежелеріне қарай киім киеді. Қыз жағы əлді де қуатты болса, жігіт әкесіне киіт ретінде жылқының бір үйірін, көптеген шапан және ең сұлу сәйгүлікті атайды. Қалыңдық жағынан келген құдалар да құр қол қалмайды. Олар да киіт киеді, бірақ оның мөлшері мен түрі жігіт жағы кигендегіден арзандау болады. Оның есесіне қыз жағынан келетін құдалар жігіт тарапынан келетіндерге қарағанда бір адамға артық есептеледі. Қазіргі кезде қызға қалың мал төлеу қалғанымен, киіт кигізу және басқа салт-дәстүрлері әлі де бар.

 

Қапқа салар – күйеу жігіт сыйы. Белгіленген күні күйеу жігіт өзінің жора-жолдастарымен барлық сый-сияпаттарын алып, тойға арналған малын қосарлап қалыңдық ауылына аттанады. Той басталады. Содан күйеу жігіт аттанар алдында қалыңдық әкесі салт бойынша барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу жігіт те ескерусіз қалмайды. Оған қапқа салар сияпаты жасалады. Оған қымбат киім, ат әбзелдері немесе мал кіреді. Оның бәрі қыз әкесінің байлығына және беделділігіне байланысты болады.

 

Шаңырақ көтеру. Шаңырақ ошақтың тірегі, ұрпақ өрбітудің қастерлі қазығы саналады. Әке ошағынан бөлініп жеке шаңырақ тігу жас отбасы үшін ең жарасымды дәстүр. Жазушы-этнограф Ахмет Жүнісов «... қазақтарда жас отаудың шаңырағын егде адам, көп балалы кәрі күйеу көтеретін салт бар» деп жазады. Осы салтты атқару үшін мұндай адамға арнайы кісі жіберілген. Үлкен киіз үйдің шаңырағын ат үстіндегі күйеу ұзын сырықпен көтерген. Шаңырақты көтергені үшін күйеуге сыйға ат немесе түйе тарту етілген.

 

Тұсаукесер. Бұл жас сәби енді ғана жүруге талпыныс жасаған кезінде жасалатын кәде. Оның екі аяғына ала жіптен өрілген тұсау салынып, оны кесу қайратты да әлеуетті адамға жүктелген. Бұл салт әнмен, тілекпен ұштастырылған. Оның мәні сәби аяғынан қаз тұрғаннан бастап өмірде жолы ашық болсын деген мағынаны білдіреді. Осы рәсімнің арты тойға ұласып, тұсауы кесілген жас балаға ат арналып, ер-тоқым тарту етіледі.

 

Көгентүп. Егер қонаққа бір туысқаны немесе жақсы танысы жас баласымен келсе, онда үй иесі құрметтеудің нышаны ретінде әрі бала деп қораш санамай сәбиге бұзау, құлын немесе қозы атайды. Көгентүп сәбиді бауырласуға тартатын ең жақсы өнегеге жатады.

 

Сүндет тойы. Ұл бала 3,5,7 жасқа толғанда (тақ сан) сүндетке отырғызылады. Бұл діни салт дегенмен, оны мұсылмандардан өзге халықтар да қолданады. Қазақтар бұған айрықша мән береді. Оны отбасының мерекесіне айналдырады. Меймандар шақырылып, той дастарқаны жасауланады, ал сүндеттелетін балаға бәсіре ат сыйға тартылып, өзге де тарту-таралғылар жасалады.

 

Тобық тығу. Бұл бәсеке ойыны. Қыз бен жігіт серттесе отырып, белгілі бір мерзімді белгілейді жылға, (1 жылға, 5 жылға және т.б.), кез келген уақытта сұрағанда тыққан тобықты тауып беруге уәделеседі. Ұтылған жағдайда ұтқан жағы тобықты тауып бере алмағаннан қалауына алтын сағат, кілем, сәйгүлік ат сияқты сыйды талап етеді. Бұл ойын жастарды жинақылыққа, уәдеде тұрушылыққа баулиды.

 

Мүше алу. Мерекелік шараларда ат үстіндегі жас жігіттер үлкен жеңгелерінен «мүше», яғни орамал, айна, сақина және басқа сияқты заттар сұрайды. Жеңгелері сұрағандарын бергеннен кейін жігіттер «мүшені» бір-бірінен алып қоюға тырысады. Тек солардың ішіндегі ең ептісі, жүйрік аттың үстінде өзгелерден қара үзген жігіт қана той үстінде өзі ұнатқан қызға жаңағы «мүшені» тарту етеді.

 

Ақ алып шығу. Қазақтар сүтті, қымызды, шұбатты, айранды және тағы басқаларды бір сөзбен «ақ» деп атайды. Онда қасиетті күш бар деп біледі. Сонымен қатар ақ түс тазалықтың, шынайы берілгендіктің белгісі. Қазақтың салты бойынша жаңадан ірге тепкен көршіге ақ ұсынған. Мұны «ақ алып шығу» деп атайды. Ол бұлардың жаңа көршіге деген пейілдерінің ақ екендігінің нышаны. Өз кезегінде жаңадан келіп қоныстанушы меймандарды өз дастарқанына шақырады. Ал оның алдында бұрыннан осы жерді мекендеп қалғандар жаңа көршіні ерулікке шақырады.

 

Ат мінгізіп, шапан жабу. Бұл ең салиқалы құрмет. Қазақ халқы қадірлі мейманға, ақынға, батырға, балуанға, әнші-серілерге ат сыйлап, үстеріне шапан жапқан. Осы дәстүр біздің халқымызда әлі сақталып келеді. Ол қазақ халқының ұлттық салты, мәдениеті жан-жақты екендігінің сипаты.

 

Айтыс – әдеби жанр. Ертеде ол халықтық дәстүр ретінде орныққан. Өйткені ат бәйгесі, балуандар белдесуі, той ақындар айтысынсыз өтпеген. Айтыс ақындарды ұштап, тапқыр ойға, көркем де кестелі сөз өнеріне баулыған. Өткен ғасырлардағы Сара, Біржан, Сүйінбай, Жанақ, Сабырбай, Шөже және басқалар айтыс өнерінің биік шыңына шыққан. Біздің кезімізде де талантты ақындар Әсия, Әселхан, Әлфия, Қонысбай, Баянғали, Қанша, Айнұр, Абаш, Мұхамеджан, Серік, Аманжол, Дәулеткерей, Бекарыс, Мэлс, Балғынбек, Сара, Айбек, Ақмарал, Ринат сияқты айтыс ақындары өз дарынымен көпшілікті тәнті етіп келеді.

 

Айып – айып төлеу мағынасы. Айыпкер жасаған қылмысына, ұрлығына, барымтасына, салт-дәстүрден аттағанына және басқа теріс әрекеттеріне байланысты айып тартқан. Мысалы көпшілік ортасында жанжал шығарған адам айып төлеген. Айыпкер өзіне шығарылған үлкендер кесімін сол сәтінде орындайтын болған. Оның түрлері өте мол. Көп жағдайда айыпкер астындағы атын, иығындағы шапанын беріп құтылған.

 

Ең ауыр қылмыс жасағаны үшін «тоғыздық» – тоғыз малдан тұратын (үш түйе, үш ат, үш сиыр) немесе жылқы бастаған отыз – үш жылқы, үш сиыр, үш қой және тағы басқалар төлемге берілетін айып тартқан. Әсіресе ұрлық жасағанның кінәсі ауыр. Ол бұл үшін оның үш немесе одан да көп есесін қайтарған. Сондықтан оның тәрбиелік тәлімі жоғары болған.

 

Барымта. Бұл жауласушы рулар арасындағы бір-бірінің жылқысын күшпен тартып әкетушілік. Сонау ерте кездерде өзінің әрекетінің дұрыстығын дәлелдей алмай есесі кетіп бара жатқан жақ екіншісінен кек қайтару үшін барымтаға жүгінген. Барымта ұрлық деп танылмаған. Бірақ оның ақыры оңайшылықпен біте бермеген. Барымта қарсы жақ айып төлеуді ұзаққа созып, тіпті төлемеуге айналса қолданылған. Мұхтар Әуезовтің эпопеясында жауласушы Базаралы мен Тәкежан арасындағы барымта оқиғасы кек қайтарудың көрінісі ретінде өте шебер суреттеледі.

 

Бәйге. Көп адамдар бүгінде бәйгені ат жарысымен ғана байланыстырып келеді. Бірақ ол олай емес. Той, ас, өзге де ұлан-асыр мерекелер балуандар күресінсіз, ақындар айтысынсыз, тұлпарлар жарысынсыз өтпеген. Белдесуде жеңген балуанға, аты бәйгеде бірінші келген шабандозға сый берілген. Оларға бәйге түрінде жүз, тіпті одан да көп жылқы тарту етілген. Ал белдесуде өзгелерді жер қаптырған балуанға үстіне кілем жабылған түйе, ақынға – шапан мен жақсы ат тарту етілген.

 

Бес жақсы – бес бағалы зат. Ол қадірменді бай мен мырзаға, батырға, биге, ел сыйлайтын адамға көрсетілетін құрмет. Бес жақсы құдалар арасында қалың, киіт түрінде жүрген. Бес жақсыға қара нар, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бүлғын ішік кіреді. Құдалар арасында қалыңдықтың асыл тастармен көмкерілген бас киімі – сәукеле де осы бес асылға жатады. Бұл салт байлық пен барлықтың ғана көрінісі емес, сонымен қатар екінші жақты құрметтеудің, қадір тұтудың да нышаны. Бес жақсының біреуі ең кемі 4-5 жылқыға бағаланады.

 

Жекпе-жек. Ертедегі соғыстар майдан ортасына батырларын жекпе-жекке шығарудан басталатын болған. Сөз жоқ, оның бірі осы ұрыста қаза табады. Осыған қарамастан, батырлар жекпе-жектен бой тартпаған. Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Наурызбай және басқалар талай мәрте жекпе-жекке шығып, жауларын жер қаптырған. Жеңген батыр жеңілгеннің атын, қару-жарағын олжалаған. Жырларда, дастандар мен толғауларда батырлардың осындай ерліктері жан-жақты дәріптелген.

 

Ат құйрығын кесу. Бұл ымыраға келмейтіндіктің белгісі. Әртүрлі себептерге байланысты адамдар бір-бірін көрместей болып қатты араздасады. Әсіресе мұндай жайттар ағайын-туыстың, бауырлас адамдар арасында кездеседі. Мұндай ымыраға келмейтінінің белгісі ретінде сол адам өзінің атының құйрығын шорт кесіп, қолын төбесіне қойған қалпында туған жерінен алысқа аттанып кетеді. Бұл оның енді туысқан бетін қайтып көрмеймін деген анты іспетті. Сондықтан да мұны адамдар өлгенмен бірдей санаған. «Ат құйрығын кесіспейік, қолымызды төбеге қойып безіп кетуден сақтасын» дейтін тілектер содан қалған.

 

Жылқы көріпкелдігі

 

Әртүрлі дерек көздерінен мәлім болып отырғанындай, Қазақстан аумағында көптеген тайпалар мен халықтар: наймандар, үйсіндер, қаңлылар, қыпшақтар, хундар және басқалар өмір сүрген. Әйгілі сауда керуендерінің жолы Қазақстан арқылы өткендіктен, оның аумағындағы көшпелі халықтарға оның ықпалы зор болды. Бір жағынан, сауда мақсаттарына орай Қазақстанда отырықшылық нышандары пайда болып, сауда жолдары бойында қалалар мен нығайтылған бекіністер салынды. Сондықтан Қазақстанның өткеніне қатысты географтардың, тарихшылардың, саяхатшылардың әр кезеңдерде жазып қалдырған шығармалары арқылы дала жұртының тұрмыс-тіршілігін, сәйгүлік арқасында күн кешкен ерлік жолдарын көз алдымызға елестетуге болады.

 

Дала перзенттері жасынан ақылды, есті жылқыны қатты қадірлейді. Жылқы олар үшін, әртүрлі елдер мен құрықтардағы көптеген басқа халықтар сияқты, аса құнды. Қазақтарда, басқа да халықтарда жаңа туған ұл балаға қырық күн толғанда оны «үзеңгіден өткізу» салты бар. Жөргекке жақсылап оралған нәрестені үстінде батыр отырған аттың үзеңгісінің оң қапталынан өткізеді. Ол қадірлі азаматтың барлық жақсы қасиеттері соған жұғысты болсын деген ырымнан шыққан. Мынадай тағы да бір жақсы дәстүр бар: жүген, қамшы сияқты жеті түрлі ат әбзелдерінен тұратын заттарды дайындап, баланы бесікке бөлер алдында соған жайғастырады. Бұл ол тез ер жетіп, ержүрек, алғыр, батыр болсын деген тілектен туған.

 

Ат әбзелдерінің кейбіреулері емдік жоралғыларда да кеңінен қолданылған. Мәселен, балаға көз тисе, оны қамыттан өткізіп, терлікке ораған. Ол аттың тері ем дегенді білдіреді. Аттың жүгенін бақсылар қолданған. Қамшының сабы аластау үшін бесікке таңылған. Бақсылар қамшымен емдеп, жын-шайтандарды аластаған. Жылқының терімен шыланған қамшы сабын сырқаттың көмейіне салып, асқазан обырын емдеген. Әйелдің толғағы қатты болғанда оның төбесіне қамшы ілген.

 

Әртүрлі халықтарда жылқы күштіліктің, ақылдылықтың, ұшқырлықтың, желдің, от пен жарықтың символы. Алайда оның рөлін тұлғаландыруға байланысты жылқы, мысалы, Аполлонның, Мираның және Гелиостың доңғалақты арбаларында ең қасиетті әрі құрметті орын алған. Гректер бізге жауыздықтың символы – троя атын, шабыттың қайнары – қанатты Пегас атын, ең аяғы авгийдің атқорасын сыйлады. Ислам дінін ұстанушыларда ат – барлық пен байлықтың белгісі. Қытайда ат әр кезде шапшаңдық пен табандылықтың символы саналған. Атап айтқанда қандай да бір ерлік жасар алдында батыр бас білмейтін асауды жуасытқан. Скандинав мифологиясында жылқы – бір-бірін алмастыратын тәуліктің бір бөлігі, түннің жалы қара, күндіздің жалы ақ түсті. Ертегілерде жылқы болашақты болжап, адамша сөйлейді.

 

Ат сөзде, мақал және мәтелдерде берік орныққан. Халқымызда «аттың жүрісі», «арық атқа – қамшы ауыр», «үйретілген жылқы арбадан шықпас» деген сияқты халық жадындағы сөз тіркестерінің бәрі аттың өзіне тән ерекшеліктерін сипаттайды.

 

Жылқы түлігі адамдардың күнделікті тұрмысында елеулі орын алып келді. Сондықтан да көптеген халықтар оны қасиетті жануарға балайды. Дегенмен мына жайға да назар аудармасқа болмайды. Ат кейде жақсы, кейде жаман қырынан бағаланады. Заманалар жаңарып, уақыт өзгергенімен, осы ғасырлар бойы қалыптасып, ауыздан ауызға беріліп келе жатқан атқа байланысты қайшылықты пікірлер мәтіні әлі де сол күйінде сақталып келеді.

 

Бір кездерде жылқы Күнге теңестірілген, онда ол өмірді бейнелесе, Айға теңелуі ажалмен астастырылып, өлім шақырады делінген. Ертедегі римдіктер мен скандинавтар жылқыны өлген адамға құрбандыққа шалған. Жылқыны жол-жоралғы ретінде құрбандыққа шалу әдеттегі іс делінгенімен, қаза тапқан жауынгерді немесе көсемді жерлерде құрбандыққа шалынған жылқыны ертедегі адамдар ажал патшалығымен шендестірген. Ал бақсылар болса жылқыны бұл дүниеден о дүниеге көшудің нышаны деп білген.

 

Жылқы өте сезімтал түлік, өйткені ол – жыртқыштар әрдайым шабуыл жасайтын жануар. Оны қасиетті, құдіретті әрі батыл жануар деп бағалайды, алайда оның үркектігін де жоққа шығаруға болмайды. Осындай екі түрлі түсініктің сонау ғасырлар қойнауынан бізге дейін жетуінің тағы бір сыры жылқы мен ат арасындағы қарама-қайшылықтан шығады. Екеуі де өмір қуатын, ерік-қайратты, ұшқырлықты, жел мен уақыт ағынын білдіреді.

 

Жылқы бір мезгілде өмірдің де, өлімнің де белгісі ретінде сипатталған. Алайда жылқыда символ ретінде көп айырмашылықтар бар. Айғыр тәкаппарлық, асқақтықты танытумен қатар, ол соғыстың, жеңістің және мәртебеліліктің белгісі саналған.

 

Ертеде аттың көмегімен бал ашатын болған. Мәселен, авгурлар, қасиетті жануарлар үйірін бос жіберіп, олардың қалай қарай бағыт алғандығына қарап тұрып, кісінеуіне құлақ түрген, аттың аяғы ерте бастан жерге төселген ұзын не қысқа найзаның қайсысын басатындығын аңдаған. Осының бәрі балгердің ойына қозғау салып, ол бал ашып, болжам айтатын болған. Аттың сезімталдығы жақсы дамығандығын ертеден білген адамдар оның мінез-құлқына қарап отбасы жағдайының қандай болатындығын болжаған. Тіпті көзі байлаулы ат қалай қарай жүрсе, қыздың болашақ жігіті сол жерде деп бал ашқан. Егер ат кер ме ағашты немесе арқанды қағып кететін болса, онда ері – қатыгез, әйелдің өмірі жайсыз, егер ол бар кедергілерден сүрінбей өтсе, онда бұл бал ашушы бойжеткеннің болашағы жарқын болады деген болжам айтқан.

 

Ақбоз атпен кездесудің мәні жақсы да, жаман да деп әрқилы жорамалданған. Өйткені онымен кездескен кезде алдын ала өз қалауын іштей айтып, жамандықты шақырмауы үшін екі қолының саусақтарын айқастырған.

 

Адамдар ат пысқырса қуанышты хабар келеді немесе жол түсіп тұр деген. Басқа да көңілге жаға бермейтін ырымдар бар. Егер астына мінген аты сарбазды иіскелесе, ол қаза табады делінген. Сондай-ақ аттың мінезіне қарап ауа райына болжау жасалған. Мәселен, ат пысқырып, басын шайқап немесе оны шалқайта ұстаса – күн райының бұзылатындығы, жай ғана пысқырынса – жаңбыр жауады, ал қыста жамбастай жатса – жылы, жылымық күндер туады.

 

Біздің ұғымымызда жылқы тән саулығымен және шипалығымен байланыстырылған. Ал Қытайда ақбоз атты медициналық қажетке жаратқан: аттың жүрегімен склерозды, ал өртелген бас сүйегінің күлімен ұйқысыздықты емдеп жазған. Еуропада аттың қылы емшілік ісінде қолданылған, өйткені оның комегімен ішекқұрттан, баспадан, көкжөтелден, тіпті қылтамақтан арылуға болады деген наным қалыптасқан. Соған қарамастан, шын мәнінде, жылқы адамды емдейді, оны бүгінгі зерттеулер де дәлелдеп отыр. Мысалы, өздігінен жүре алмайтын сырқат адамды атпен серуендету оның бойына қуат беріп, аяғынан тұрғызады.

 

Жылқының көріпкелдік, естігіштік және сезгіштік айрықша қасиеттері бар. Ол жауыздықтан, тіл мен көзден сақтайды. Аттар адамдар көре алмайтын аруақтардың қастарында тұрғандығын сезеді делінген. Бұл аттың ілгері баспауына, әлденеден үркектеуіне байланысты айтылады. Көне Грецияда ат тұяғының ізі жақсылықтың нышаны делінсе, Көне Қытайда аттың тұяғы ұрылар мен қарақшылардан қорғаған, ал біздің алаңсыздығымыз бен қауіпсіздігімізді есік маңдайшасына ілінген таға күзетіп тұр.

 

Қытайлардың ертедегі Джоу-гун түс жоруында жылқыға қатысты бірнеше жорамалдар бар. Егер сен өз үйіңнің есік алдында жер тартып тұрған атты немесе тұтас жылқы үйірін көрсең – атпен жолға шығасың, оны тазартып, бос жіберсең – үлкен қуанышқа кенелесің, ісің оңға басады. Тіпті ат өзіңді тістеп алса, ол – қызмет бабында өсетіндігіңнің белгісі. Алайда, жылқының түске кіруінің бәрі жақсылықтың нышаны бола бермейді. Ақбоз атқа міну – сырқаттанудың, жүк артылған ат – орныңнан айырылудың, атпен келе жатып, оған ретсіз күлу – бақытсыздықтың нышаны. Жылқымен байланысты түстерді де, олардың өздері сияқты, әртүрлі жорамалдауға болады. Өйткені түстегі ат пен жылқы – әрқилы жануарлар. Сондықтан оның мәнін ажыратып алмай, жылқыларға қатысты түстерді жорамалдау уақытты зая кетірумен бірдей. Мәселен, аттан түсу – шыққан биігіңнен айырылуды, оның үстінде отыру – дәрежеңнің өсетіндігін білдіреді. Қысқасы, түсіңде қандай жағдайға тап болсаң да, бәрі де осы жануардың мінез-құлқына байланысты. Ол түсіңде қандай аян берсе, өмірің де соған сәйкес болады.

 

Жылқының түске кірудегі тағы бір мәні оның тағдырды айқындауы. Айғыр – бұл тағдырың, бұл арада бәрі де оның түріне байланысты. Ақбоз ат –жақсылықтың, қара ат – жамандықтың нышаны. Айғырды көру – жаңа істің бастамасы, оны салт мініп алу – табысқа, арбаға жегу – жеңіске бастайды.

 

Оның әйелдер тағдырына қатысты жағы да бар. Ақбоз ат тұрмысқа шығудың, онымен шауып бара жату – табысқа жетудің, қарагерге міну – сәттіліктің нышаны. Атты көріп, оған сүйсіну де табысқа жетуді білдіреді. Түсінде құлынды көру – қуаныштың, шаттықтың бастамасы. Өйткені бие үшін құлын қандай болса, әйел үшін бала да сондай қуаныш.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: