Жыл соңына дейін Түркістан облысында 50 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

13 Тамыз, 07:39 460

Түркістан облысында биыл «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында 68,5 мың адам жұмыспен қамтылып, қазіргі таңда жоспар 58%-ға орындалып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы   өңірде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева айтты. 

Спикердің мәліметінше, жыл басынан 31 мың адам тұрақты жұмыс орнымен, 37,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орнымен, 1 500 адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған.

Бұдан бөлек жаңа бизнес жобаларды іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 1-2 легінде 5 388 адамнан өтінім түсіп, комиссия шешіміне сәйкес 1 783 адамға грант берілді. Сондай-ақ 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 14 160 отбасыға, яғни 84 860 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 41,9%-ға төмендеді. Облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 13,4 млрд теңге бөлінді. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған 12 орталық бар. Оның ішінде 4 стационарлық үлгідегі және 6 жартылай стационарлық үлгідегі мекемелер, «Ардагерлер үйі» мен «Арнаулы кәсіптік колледжі» бар, - деді басқарма басшысы.

Бұдан өзге солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша биыл 7 айда Түркістан облысынан 165 отбасы қоныс аударған. Ал жыл басынан бері облысқа 588 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға «Қандас» мәртебесі берілген. Атап айтқанда,  Өзбекстаннан - 570, Тәжікстаннан - 10, Ресейден - 3,  басқа мемлекеттерден 5 адам келген.

Зарина Арман
Бөлісу: