Жыл соңына дейін Панфилов ауданында ұлттық жобамен 9 нысан іске қосылады

17 Қазан, 22:05 400

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Жетісу облысында 59 медициналық нысан салу жоспарланса, соның 11-і Панфилов ауданында тұрғызылады, атап айтқанда 9-ы биыл пайдалануға беріледі, 2-еуі – келесі жылға өтпелі жоба, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы аудан тұрғындарымен болған кездесу барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.

Қазіргі таңда барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар айқындалып, құрылыс жұмыстары басталды.

Жыл соңына дейін Қырыққұдық, Алтыүй, Алмалы, Тұрпан, Ақжазық, Қорғас, Сұптай, Сарытөбе, Аққұдық ауылдарында 9 нысанды қолданысқа береміз, Садыр, Дихан-Қайрат ауылындағы қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары келесі жылы жалғасады, деді Б. Исабаев. 

Жиында айтылғандай, жергілікті бюджет есебінен былтыр Ақкент және Ақарал ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер, сондай-ақ Жаркент қаласында жедел және шұғыл көмек станциясы орнатылса, осы жылы қарашаның соңына дейін Қызылжиде, Керімағаш ауылдарында осындай тағы екі медициналық пункт орнатылып, қолданысқа беріледі.

Сондай-ақ биыл шілдеде Жаркент қаласындағы көпсалалы ауданаралық аурухананың күндізгі стационарының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Осы айдың соңында Шежін ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріледі. 

Әулиеағаш, Нұркент және Алтыүй ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. Ал жылдың соңына дейін ауданның орталық ауруханасы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Нәдек ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: