2022 жылы қызмет көрсетілген ұшу көлемі 410 мың ұшақты құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 90% артық. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда аптасына 56 ішкі авиамаршрут бойынша 706 рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық тасымалдау қамтамасыз етіледі.
Министрдің сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Джидда, Маскат, Прага және Тель-Авивке тағы 9 жаңа халықаралық маршрут ашылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар 2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа қалаларға рейстер ашу күтілуде.
Ведомство басшысы биыл еліміздегі бірқатар қаладағы әуежайларда жөндеу жұмыстары жүретінін атап өтті. Бұл қатарда Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларындағы әуежайлар бар.
Сонымен қатар Павлодардағы әуежайдың ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуежайының перронын және рульдеу жолағын реконструкциялау мәселесі пысықталуда.
Қарабаев ұшу қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Еуропалық одақ елдерімен деңгейлес тұрғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82% құрайды. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазақстан Дания мен Польша сияқты Еуропалық одақ елдерімен бір деңгейде тұр, - дейді министр.