Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала жастарымен және спорт өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz.
«Жастармен және спорт өкілдерімен кездестім. Еркін микрофон форматында өткен жиында ниет білдірген кез келген адам сұрақтарын қойды. Мысалға олардың қатарында тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім саласында түрлі оқыту жобаларын енгізу, спорт орталықтарын ашу, жас спортшыларды қолдау және тағы басқалары бар», - деп жазды қала әкімі Іnstagram парақшасында.
Оның атап өтуінше, мұндай кездесулер қиындықтарды тиімді әрі жылдам шешуге, проблемаларды назарда ұстауға мүмкіндік береді.
«Мәселен осыған дейін жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы проблема көтерілген болатын. Себебі олар кәсіби тексеруді өзге пациенттермен қатар өтіп, бірге емделетін. Ал бұл спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсер етеді. Осы мәселені бірлесе талқылағаннан кейін спортшыларға арналған арнаулы медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы және тағы басқалары ашылып, «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайында жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта жөндеу және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр» - деді Алтай Көлгінов.
Қала басшысының дерегінше, Көктал-2 және Өндіріс елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды.
Аталған орындарда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығып жүр.
Тағы екі елді мекенде дәл осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұқаралық спортты қаржыландыру 3 есе артты.
«2020-2021 жылдары жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 50, биыл тағы 25 пайызға артты. Ал кадр тапшылығын шешу үшін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша грант бөлеміз. Сол сияқты жастарды қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жастар желісі бойынша бірнеше тұрғын үй бағдарламасы бар. Өткен жылы жеңілдетілген несиелеу бойынша арнайы «Elorda Zhastary» тұрғын үй бағдарламасын енгіздік. 2 жыл ішінде 3,4 млрд теңгеге несие берілді. Өзге бағдарлама – жалға алу бойынша 3 жыл ішінде жұмыс істейтін жастарға 2,5 мыңға жуық пәтер берілді», - деді ол.
Алтай Көлгінов маңызды мәселенің бірі – жұмысқа орналасу екендігіне де баса назар аудартады.
«Өткен жылы 6 мың жас жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін тағы 6,5 мыңнан астам жасты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін грант береміз. Ауқымды әрі жүйелі жұмыс жасалды, бірақ әлі де атқарылатын шаруа көп. Келіп түскен сұрақтарды шешу мәселесі қолға алынды, орындау кестесін жасаймыз», - деді елорда әкімі.