Жыл соңына дейін 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады – Смайылов

29 Маусым 2023, 16:28 996

Премьер-министр Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумында сөйлеген сөзінде азаматтардың табысын арттыру, мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер салу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шаралары туралы айтты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беруге, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға және басқа да бағыттарға қосымша 2,2 трлн теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді, – деді Әлихан Смайылов.

Халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 млн-нан астам адамның табысы өсті.

Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23%-ға өсті.

Студенттерге стипендия 20%-ға көтерілді.

Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру шеңберінде жыл соңына дейін 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады.

Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпсалалы аудандық аурухананы модернизациялау жоспарланып отыр. Биыл осындай 309 нысан іске қосылады.

Орта білім беруді дамыту тұрғысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба шеңберінде 2026 жылға дейін 738 мың орындық 368 жаңа мектеп ашылады. Оның ішінде биыл 216 мектептің құрылысы басталып, сонымен бірге ұлттық жобадан тыс, басқа қаржыландыру көздері есебінен 143 мектеп ашылады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2029 жылға қарай барлық қаржыландыру көздері есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде биыл – 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.

Бұған дейін Смайлов ел экономикасы 3,3 процентке өскенін айтқан болатын

Мадина Асылбекова
Бөлісу: