«Жыл сайын өзгеріс енгізіледі»: депутат «Пошта туралы» заңды сынады

Кеше, 11:22 256

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Пошта туралы» заңға қатысты жауапты органдар жұмысын сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісте «Пошта туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Осы орайда депутат заңға неліктен жыл сайын өзгеріс енгізілетіні сұрады.

«Пошта туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Бар-жоғы 45 баптан тұратын шағын заң. 2016 жылдан бері бұл заңға өзгеріс енгізілмеген жыл жоқ екен. Жыл сайын енгізілген. Бір жылда бір рет өзгеріс енгізілсе, бір сәрі, алайда жылына бірнеше реттен өзгеріс енгіземіз. Заңның тұрақтылығын қашан қамтамасыз етесіздер? Бұл заңның сапасыз екенінің көрінісі ме? Бұған дейін неге бірден қамтымадық? Тоқсан сайын осы заңды қарап отырамыз ба? – деп сұрады Құспан.

Депутат заңға биыл бесінші рет өзгеріс енгізілгелі жатқанын айтты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қазір бәрі тез өзгеріп жатқан заман екенін еске салды.

Бірнеше жаңа сервис шықты. Біздің нарығымызға бірқатар компания келді. Сондықтан өзгерістер керек. Менің ойымша, тұрақты ештеңе болмайды, - деп қысқа жауап берді ол.

EL.KZ
Бөлісу: