Жыл қорытындысы: Білім саласындағы елеулі оқиғалар мен өзгерістер

28 Желтоқсан 2023, 15:40 3386

Ұлт сауатты болу үшін, білім сапалы болуы тиіс. Бүгін білектінің емес, білімдінің сайран құрған заманы екенін ескерсек, білім беру жүйесі осал елдің «болашағы бар» деп айту асылық болар. Өтіп бара жатқан 2023 жыл бұл салада несімен есте қалды? El.kz ақпарат агенттігі бір парасын ұсынады.

«Жайлы мектеп»

Бүгінде елімізде мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамалары іске асырылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бастауды тапсырды. Жоба аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды. 1,6 миллион оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға, тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға өсті.

Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы – 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға, колледж студенттердің шәкіртақысы 50%-ға өсті. Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешіліп,  210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған.

Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы барлық көздер есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілмек.

Білім саласындағы жемқорлық

Биыл елімізде білім саласында 140-тан астам жемқорлық фактісі анықталды. Бюджетке 7 миллиард  теңге шығын келген. Ал соңғы үш жылда 400-ден астам қылмыс тіркеліп, қазынадан 12 миллиард теңге түрлі жолмен ұрланған. Оның жартысына жуығы ғана қайтарылған.

Мәселен Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 2 миллиард  теңгеден астам ақша жымқырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара және Сарыағаш аудандары білім бөлімдерінің есепшілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінді.

Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін азаматтардың шоттарына ақша аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 миллиард теңге жымқырған.

«Қазір Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Олардың 4-еуі қамауға алынды. Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаты бұғатталды», – делінген Антикор хабарламасында.

Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.

Бұдан өзге антикордың мәліметінше Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.

«Мұндай қылмыстық схемалар елдің барлық аумағында анықталды. Алматы, Шымкент қаласына, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі тіркелді», – делінген баяндамада.

Мектептегі төбелес

Оралда мектеп оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын баланы дәретханада ұрып, видеоға түсіріп, желіге жариялап жіберген. Оқиға 13 қарашада сағат 7:50-де №38 орта мектептің спорт залындағы дәретханада болған. Жәбірленуші оқушының ата-анасының айтуынша, олардың ұлы бұған дейін буллингке қатысты ештеңе айтпаған. Алайда оны ұрған бала видеоны желіге жариялап жібергеннен кейін ұлдары бәрін айтқан. Ата-ана алаңдап, дабыл қаға бастаған. Олардың айтуынша, ұлдарына құрдастары қоқан-лоққы көрсетіп жүрген, дәлел ретінде жазған хаттарын көрсеткен.

Өңірдің білім басқармасының ақпаратынша, 9-сынып оқушысы 8-сынып оқушысын қудалаған. Үшінші оқушы бәрін видеоға түсіріп тұрған. Жәбірленуші баланың ата-анасы мектеп әкімшілігінен бұл іске араласып, шара қолдануын сұраған. Бала мен оның ата-анасына түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бұл дерекке қатысты БҚО полиция департаментінің мәліметінше, 9-сынып оқушысының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оқушылардың арасында болған жайтты видеоға түсірген баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұдан өзге әлеуметтік желіде Петропавл мектептерінің бірінде оқушыларға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мән-жайды анықтай келе, 13 ақпан күні Петропавлдағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы үш баланың денесіне зақым келтіргенін анықтады.

Жағдайға қатысты Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы ресми сайтында:

«Тоғызыншы сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, дәретханада маска тағып, дәлізге шығып үш оқушыны жарақаттаған», – делінген жазбада. Күдіктіні полиция ұстаған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы, 14-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Прокуратураның алдын ала дерегінше, кәмелетке толмаған бала психиатриялық есепте тұрады.

Сонымен қатар Алматы облысы Талдыбұлақ ауылындағы мектепте соққы алған он жастағы бала ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер жұдырық жеген оқушының мыйы шайқалғанын айтты. Ал зардап шеккен баланың анасы оқиға болған күні, яғни 20 қаңтарда мектеп басшылығы жедел-жәрдем шақырмай, жағдайды жасырмақ болды деп айыптады.

Бейнекадрден екі оқушының сөзге келіспей, тар дәлізде төбелесіп қалғаны анық көрінеді. Екеуара ерегістен соң қара күртешедегі оқушы қызыл киімдегі баланы қабырғаға тақап тұрып төмпештей түседі. Таяқ жеген жеткіншек сыртқа шығып, талып құлапты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: