Жыл қорытындысы – 2023: Лауазым иелерінің оғаш әрекеттері мен орынсыз сөздері

26 Желтоқсан 2023, 14:24 4510

Әр жылдың өз тарихы бар. Әне-міне дегенше, қоян жылын да шығарып салғалы тұрмыз. Биылғы жыл еліміз үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды. Біраз депутаттар халықтың көкейінде жүрген мәселені көтеріп, мінберлерде сөйледі. Дегенмен, арасында Аңдамай сөйлеп көпшіліктің ашуын келтіргендер де бар. El.kz ақпарат агенттігі осы ретте солардың бір парасын еске түсіріп көрмек.

Қолтырауын журналистер – Самат Нұртаза

10 мамырда Мәжіліске сайланғанына бір айдан енді ғана асқанда депутат Самат Нұртаза Facebook-те депутаттарды күтіп тұрған журналистердің суретін салып, тілшілер қауымын зебраға шабуыл жасауға дайындалып тұрған қолтырауынға теңеген болатын.

Кеше NatGeoWild арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда, әйгілі Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни, қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін білетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы аңғарған адамға баршылық, – деп жазба қалдырған еді.

Бірден желі қолданушылар мәжілісменді сынға алып, кешірім сұрауды талап ете бастады. Сынның астында қалған депутат әлеуметтік желісінде:

Журналистер туралы жазған қалжыңым орынсыз болды. Ашылғым келді, бірақ тәсілім өтпеді, ұнамады, қабылданбады. Бүгінгі күн – маған сабақ. Бұл қоғамға классикалық, салмақты, тұйықтау депутат керек екен. Солай түсіндім. Өзгереміз, – деп жазба қалдырды ол.

Алаяқтардың 80 пайызы намазхандар - Ринат Зайытов

Ал депутат Ринат Зайытовтың «алаяқтық жасап жүргендердің 80 пайызы намаз оқитындар» деген сөзі қоғамда қызу талқыға түскен еді. Кейін ол  Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында бұлай айтуының себебін түсіндірді.

Бізде мемлекетте дін тақырыбын пайдаланып бүлік жасағысы келетіндер бар, мен мұны анық айта аламын. Оларға шу керек, осы уақытқа дейін олар дайындады, діни ағымдарды кіргізіп, діннің өзін қырыққа бөліп, барлық назар діннің айналасына ауатындай етіп жасады. Бірінші хиджаб мәселесінен бастады, бұл тақырып жылда көтерілетін, бірақ басылатын, биыл неге басылмай жатыр? Неге бұл үкіметтен шешімін таппай жатыр, өзің ойлашы. Себебі қазіргі таңда бұл әңгіме керек болып тұр, – дейді Ринат Зайытов.

Ол сондай топтар өзінің сөзін бұрмалап, ал бұл көпшілікті әдейі қарсы қоюға бағытталған әрекет екенін тілге тиек етті.

Себебі олар «85 мың теңгеге қатысты айтқанына байланысты Ринаттың айналасында аудитория көп, бәленбай миллион қаралымы бар, демек Ринат қазір аузын ашса, бүкіл адам соған назар аударады. Сосын «Намазхандардың 85 пайызы алаяқ» деп тақырып қойды да, ортаға тастай салды», деді депутат.

Дінге шын жаны ашитын адамдар, домбыра харам дегеннен гөрі Исламның атына, дінге кір келтіріп жүрген топтарды түзеп алуы керек. Ал 80 пайыз дегеніміз – мен көрген 10 оқиғаның 8-і деген сөз, яғни сол онның сегізін жасаған алаяқтар намазхандар, – деді мәжілісмен.

Айта кетейік, депутаттың бұл мәлімдемесінен кейін оған арыз-шағым түскен.

Иә, шағымдар, арыздар болды. Тәртіптік топ та құрылды. Нақты шағымға өзім жауап бердім. Қалыпты жағдай ғой, – деп жауап қатқан еді Ринат Зайытов.

Дені сау адамға жеңілдетілген ипотека қажет емес - Қанат Шарлапаев

Өнеркәсіп және құрылыс министрі «Дені сау адамға жеңілдетілген ипотека қажет емес» деген сөзі үшін халықтың сынына қалған еді. Министрдің сөзінше, дені сау адам мен еңбекке қабілетті қазақстандық мемлекетке үміт артпай, жұмыс істеп, ақша жинауы тиіс.

Біріншіден, егер сіздің деніңіз сау әрі жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болса, онда пәтеріңізге деп ақша жинауыңыз керек. Әркімде түрлі жағдайлар болатынын түсінемін. Бірақ мемлекет тұрғысынан қарастыратын болсақ, мүмкіндігі шектеулі балалар немесе жұмыс істеуге қабілетті әрі ақша таба алатын адамдардың біреуіне басымдық беру керек десе, кешірерсіз, онда мен мүгедек балаларды таңдайтын боламын. Бұл позицияны біз қолдауымыз керек деп есептеймін. Сіз тағы да жеке бағдарлама ашу керек деп отырсыз. Ондай бағдарламалардың саны жеткілікті. Бұл мәселедегі ең дұрыс шешім қаржылық тұрғыдан сауатты болып, қаражат жинау қажет. Сонымен қатар қолданыстағы бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысу керек, – деген еді Қанат Шарлапаев.

Жаңа жылдың дастарханы 24 мың теңге

Күні кеше Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев базардан азық-түлік сатып алуға 24 мың теңге жұмсағанын мәлім етті. Оның бұл сөзі желіде сынға ұшырады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: