Жыл басынан бері Астанада 400-ге жуық өрт дерегі тіркелген

10 Тамыз 2023, 12:00 1072

Жыл басынан бері Астанада 400-ге жуық өрт дерегі тіркелген. Бұл туралы Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға уақытылы ден қою мақсатында жыл басынан бері департаменттің құтқару қызметтері 3,5 мыңнан аса шұғыл шақыртуға барған. Салдарынан 194 адам құтқарылып, 222 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды, 78 адамға медициналық көмек көрсетілді. Жалпы жыл басынан бері қала аумағында 397 өрт дерегі тіркелді. Өрт салдарынан 4 адам мерт болып, 28 адам жарақат алды, - деді ол.

Оқи отырыңыз:

Өрттің 80 пайызы азаматтық қорғау органдарының бақылауына жатпайтын объектілерде тіркелген. 161 жағдай жеке тұрғын секторында, 136 өрт дерегі көліктерден шыққан және 21 өрт дерегі жаңадан салынып жатқан үйлерден шыққан.

Оның айтуынша, өрттердің өршу мерзімі қыста болады. Себебі ауа райының сууына байланысты өрт шығу қаупі еселене түседі. Осыған орай 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өтеді.

Өрт деректерінің негізгі үш шығу себебі бар. Әрбір екінші өрт электр желілерді монтаждау және пайдалану кезінде болған өрттер болып табылады. Екінші және үшінші орында – пештердің ақауынан туындайтын өрттер және адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы. Қала аумағында 1200-ден астам жатақхана түрінде қайта жабдықталған тұрғын үйлер қыс мезгілінде тұруға бейімделмеген, сондай-ақ саяжай үйлерінің өртке қарсы жағдайы алаңдаушылық тудыруда, - деп атап өтті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы.

Сөзінше, аталған үйлерде қарапайым өрт қауіпсіздігі сақталмайды. Электр желілері уақытша сызбамен салынған, жылыту пештері көп жағдайларда ақаулы түрде пайдаланылады. Сонымен қатар үйдегі эвакуация жолдары мен шығатын есіктер жанғыш заттармен жасалған. Бұл үйлерде алғашқы өрт сөндіру құралдары жоқ. Өрт автоматикасы қарастырылмаған.  

Миражан Махан
Бөлісу: