Жыл басынан бері 186 кг синтетикалық есірткі тәркіленген

23 Шілде, 09:15 483

Жыл басынан бері 31 есірткі зертханасы жойылды. Оның 17-сі синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, есірткі өндірушілерден шамамен 186 кг синтетикалық есірткі және екі тоннадан астам прекурсор тәркіленді.

Жуырда ғана Ақтөбеде 34 жастағы тұрғын ұсталды. Ол ірі көтерме саудаға арналған пакеттерге мефедрон салған. Оның жалдамалы пәтерінде 440 грамм есірткі тәркіленді. Одан әрі тергеу әрекеттері кезінде күдікті екі пакет жасырылған жерді көрсетті. Олардың әрқайсысында 25 орамнан болған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы жарты килограмм немесе мыңнан астам бір реттік дозаны құрады, - делінген мәліметте.

Бұдан бөлек Семейде 20 жастағы жігіт пен қыз ұсталды. Жеке тінту кезінде олардан синтетика салынған орамдар тәркіленді. Ұсталған кезде олар заңсыз заттардан құтылуға тырысқан.

Қызметтік-іздестіру иттің көмегімен кинологтар қызға тиесілі барсетканы анықтады. Оның ішінде 64 есірткі орамы болған. Ұсталғандардың пәтерінен гашиш пен мефедрон салынған тағы 38 пакет табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 100 грамм, - дейді министрлік өкілдері.

Мқндай жағдай Самара – Шымкент тас жолындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған. 21 жастағы Шымкент тұрғыны марихуанамен ұсталды. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында оның тұрғылықты жерінен төрт пакетке салынған 300 грамм мефедрон тәркіленді. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторларына қамалды.

Есірткі жасырушылардың заңсыз «еңбек өтілі» 2-3 айдан сәл асуы мүмкін. Оңай олжа соңынан қуып, олар 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын арқалайтынын аңғармай жатады, – деді полицияда.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: