Жыл басынан бастап 14,7 мың адам жастар практикасы арқылы жұмысқа орналасты

15 Тамыз, 14:39 527

1 тамыздағы жағдай бойынша жастар практикасы бойынша 14,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылы осы бағытта барлығы 40 мың жас қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан – 2,9 мың адам, Жамбыл – 1,6 мың адам, Қызылорда – 1,1 мың адам облыстарында және Шымкент қаласында – 1,2 мың адам.

Жастар практикасына қатысатын әйелдердің үлесі 63,3% немесе 9,3 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 8,6 мың адамды немесе 58,1%-ды құрайды.

Алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Жастар практикасына қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені, Ақтөбе облысында ең жоғары көрсеткіш – 120,9 мың теңгені құрады.

Жастар практикасын қаржыландыруды Еңбек мобилділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карточкалық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.

Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мейіргер – 1 084 адам, заңгер – 767 адам, тәрбиеші – 558 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 541, бағдарламашы – 524 адам.

Жастар практикасына қатысқан қазақстандықтар мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы туралы оң пікірде. Солардың бірі Дана Ахметова, ол колледжді бітіргеннен жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасты.

Биыл Қостанай жоғары медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша бітірдім. Өз бетінше жұмыс табуға тырысқаныммен, көптеген жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды алғысы келмейтінін түсіндім. Өзіме ұнайтын жұмыс орнын табу үшін Мансап орталығының көмегіне жүгіндім. Барлық қажетті ақпаратты алып, жастар практикасына қатысуға шешім қабылдадым. Қазіргі уақытта Қостанай қаласының теміржол ауруханасында өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін, – деді Дана Ахметова.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: