Жүз болашақ педагог ерекше бағдарлама бойынша тегін оқиды

26 Сәуір, 13:25 795

Қазақстандық стартап — STEAM.KZ мұғалімдерге арналған білім беру платформасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп «Заманауи білім беру жүйесіне STEAM және PBL тәсілдерін кіріктіру» атты мұғалімдерді дайындайтын акселерациялық бағдарламаны жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ынтымақтастық жайлы меморандумға STEAM.KZ платформасының негізін қалаушы Айдын Тусюбжанов пен басқарма төрағасы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қол қойды. 6 апта бойы өтетін тегін акселерациялық бағдарламаға оқу орнында физика, математика және бастауыш оқыту педагогикасы мамандықтары бойынша білім алып жатқан 100-ден астам төртінші курс студенті қатыспақ.

Бағдарлама соңында болашақ мұғалімдер Demo day-ге қатысып, жасаған жобаларын сарапшы қазылар алқасына ұсынады. Сонымен қатар барлық студентке арнайы сертификат табысталып, STEAM.KZ платформасын бір жыл бойы тегін қолдану мүмкіндігі беріледі.

Қазіргі әлемде STEAM білім беру күн өткен сайын өзекті және маңызды болып келеді. Сондықтан Қорқыт Ата университетімен бірлескен жобамыз арқылы STEAM білім беруді дамытуға үлес қоссақ дейміз. Жоба аясында болашақ мұғалімдермен жұмыс жасайтынымыз өте маңызды деп ойлаймын, өйткені олар Қазақстанның болашақ адами капиталы. Біз қатысушылардың сұранысқа ие педагог болғанын қалаймыз, сондықтан алты апта бойы оқытып, тәжірибелі мамандармен арнайы дәрістер ұйымдастырамыз және студенттерден инновациялық жобалар күтеміз. Сонымен қатар біздің команда бағдарлама түлектерін жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ұйымдастыру мақсатында еліміздің ең үздік мектептерімен және университеттерімен ынтымақтастық орнатуды жалғастырады, — деп бөлісті STEAM.KZ стартабының негізін қалаушы Айдын Тусюбжанов.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: