Журналистикада жазылмай жүрген жанрлар

Бүгiн, 11:35 224

Журналистика – заманның ағымына қарай түрленіп, дамып отыратын сала. Түрлі жанрда қалам сілтеуге болатын саланың бірі де осы журналистика болса керек. Дегенмен сөздің, жазудың тағдыры болатыны секілді жанрдың да өз уақыты, өз дәуірі болатындай. Дәл қазір ақпараттық дәуір. Сондықтан да журналистиканың төл перзенті болған көркем публицистикалық бағыттағы жанрлар бүгінде сәл саябырсып қалды.

Әлқисса, әңгімені сәл әріректен бастап көрелік.  Қазақ журналистикасы әуелден-ақ ұлттың қоғамдық санасының қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды. Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары – «Түркістан уәлаяты» мен «Дала уәлаяты» сынды газеттер негізінен патша үкіметінің саясатын насихаттады дегенің өзінде қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы маңызды ақпарат бере алды.

Ал ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің ең шоқтығы биік басылымдарының бірі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы басқарған «Қазақ» газетінің негізгі мақсаты – қазақ халқының саяси санасын ояту, жер мәселесін көтеру, қазақ тілін, әдебиетін және мәдениетін насихаттау, Алаш ұранын көтеріп ұлттық бірлікті нығайту болды. Бұл бағытта олар ағартушылықты да аманат ретінде арқалады. Тағдыры қыл үстінде тұрса да, ғұмыры бір тұтам болса да сол басылымдар қазақ журналистикасының іргетасын қалады.  Аз уақыттың ішінде тұтас бір ұлттың жоғын түгендеді,  бір дәуірдің жүгін көтерді.

Одан кейінгі кеңестік кезеңде қаламға қанша қарауыл қойылса да қазақ журналистикасы жерге қарап қалған жоқ. Сөз басында айтқан көркем публицистикалық бағыттағы материалдың көбі сол тұста жазылып, оқырман қауымды қуантып жатты.

Жалпы журналистика негізгі үш тармақтан құралады деуге болады. Ол – ақпараттық, сараптамалық және көркем публицистикалық жанр.

Ақпараттық жанрлар негізінен оқырманға жедел және нақты ақпарат беруге бағытталған. Маңызды оқиғалар туралы қысқа да нұсқа ақпарат таратады.  Ол үкіметтің, мекемелердің немесе белгілі бір ұйымдардың ресми мәлімдемелері болуы мүмкін. Ақпарат негізінен “қайда?”, “қашан?”деген сұрақтың төңірегінде ғана жазылатын жанр.

Ал сараптамалық жанрлар – белгілі бір мәселеге терең талдау жасап, себеп-салдарын жан жақты қарастырады. Мақала – өзекті мәселелерді жан жақты талдайтын жанр. Сұхбат – белгілі бір тұлғамен әңгімелесу арқылы көздеген мәселені тереңірік білу және ауқымын кеңейту. Рецензия – кітап, спектакль, фильм немесе басқа да шығармашылық туындыларды талдау. Шолу – белгілі бір тақырып бойынша бірнеше оқиғаны жинақтап, салыстырып талдау. Корреспонденция – белгілі бір оқиғаға талдау жасай отырып, оның әлеуметтік мәнін ашу.

Көркем публицистикалық жанр – оқырманға ой салу, эмоциясын ояту мақсатында жазылады. Оған очерк, фельетон, памфлет, эссе жатады.  Очерк – белгілі бір адамның өмірі немесе оқиға туралы бейнелі баяндау. Фельетон – сын-сықақ арқылы әлеуметтік немесе саяси мәселелерді көтеру. Памфлет – өткір сынға құрылған, әшкерелеуші мақала. Эссе – автордың жеке ойы мен сезімдері негізінде жазылған шығармашылық мақала.

Қазақ баспасөзі тарихында бұл жанрлардың бәрі қолданылған. Әріге бармай-ақ тәуелсіздіктен кейінгі қазақ журналистикасының өзі жеңіл жүк арқалаған жоқ. 1990-2000 жылдар аралығын қазақ журналистикасында үлкен өзгерістер болған кезең деп айтуға болады. Кеңес дәуіріндегі үгіт-насихаттық стильден бас тарту, сөз бостандығының кеңеюі, нарықтық журналистиканың қалыптасуы жазу стиліне де айтарлықтай әсер етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін публицистикалық стиль жандана түсті, мақалалар еркін жазылып, халыққа жақын, түсінікті тілге көшті. Кеңестік кезеңдегі «советтік халық», «партияның көрегендігі», «идеологиялық ұстаным» сияқты ұғымдар азайып, орнына «ұлттық мүдде», «демократия», «нарық», «егемендік» деген жаңа терминдер енді. Журналистикада әдеби тілдің элементтері сақталды, әсіресе көркем публицистика жанры дамыды. Очерк, эссе сияқты жанрларда бейнелі, астарлы сөйлемдер жиі қолданылды.

Газеттерде ұлттық мәселелер көтерілгенде тарихи салыстырулар, қазақтың шешендік сөздерінен алынған теңеулер көп кездесті. Сондай-ақ ауыл өмірі, кедейшілік, жұмыссыздық, көші-қон сияқты мәселелерді де көтере бастады.

Ал 2000 жылдардан кейін ақпараттық технологиялардың дамуы, интернет-журналистиканың кеңеюі, БАҚ-тың коммерциялануы қазақ журналистикасының жазу стиліне бірқатар өзгеріс алып келді. Бұл кездегі журналистиканың бір артықшылығы әлемнің түкпіріндегі ақпаратты  кез келген уақытта жылдам алуға болады. Түрлі саяси оқиғалар әлемнің түкпір-түкпіріне сол сәтте тарап жатады. Бірақ журналистің қабілетін қаламындағы қуатымен бағалайтын аға буынның бүгінгі жас журналистің жалаң ақпаратына аса көңілдері толмай жатады.

Бұрынғы және бүгінгі газет-журналдардың ерекшелігі неде? Алдымен осыған жауап берейін. Біз бір нәрсені ашып айтуымыз керек, кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстандағы журналистика саласы көркемдік жағынан кең ауқымда дамыды. Мәселен, очерк, эссе, новелла және поэзия секілді жанр түрлері басылым беттерінде жандана түсті. Тіпті, газет-журналдар мұндай жанрларсыз жарық көрмеуші еді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, олардың көрігі – көркем публицистика болды.  Очерк арқылы ақпараттар бүгінгі таңдағыдай жайдақ емес, оқырманды өзіне қарай баурап алатындай деңгейде өте қызықты берілді. Сол арқылы ондағы деректерге де жан кірді. Эсседе әр журналист жеке пікірі мен өзіндік тұжырымдарын еркін беріп, оқырманды ой-өрісімен баурап алды. Бұл жанр түрі көлемі жағынан көп болмауды талап ететіндіктен қалам иесі аз сөзге көп мағына сыйдыру тұрғысында қарымын шыңдады. Новелла – болашақта жазушы болатын журналистер үшін баспалдақ іспетті жанр. Сондықтан әдебиетте оның «шағын көлемді прозалық шығарма» деген сипаттамасы да бар. Мұнда журналист қиялға ерік береді. Оқырманды осы жағынан баурайды. Ал поэзияны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгінгі таңда бұл жанрдың да қадірі қаша бастаған. Газет-журналдар арагідік қана болмаса, осы жанрдағы туындыларды оқырманға ұсына бермейді.  Жоғарыда бұрынғы газет-журналдарда жиі жарияланған жанр түрлеріне әдейі жеке-жеке тоқталып өттім. Азды-көпті сипаттама бердім де. Себебі бұл жанрлардың оқырманға берері көп. Сөз жағынан да, ой жағынан да. Сондай-ақ журналист үшін үлкен мектеп саналады. Мен мына бір жағдайды қадап айта кетейін. Жалаң ақпараттарды жалаулатқан бүгінгі баспасөз құралдарына көңілім толмайды. Тіпті, тақырып қоюда да таяздық танытып келеді. Бұл жағынан әсіресе электронды басылымдар алдына жан салмай тұр. Оларға айтарым, журналистика саласында «Жақсы тақырып – жарты материал» деген және «Жақсы журналист – жазушылыққа жақын журналист» деген тәмсілдер бар, – дейді аға буын журналист, «Сарбаз» газетінің бас редакторы Ерлібай Өзбекбайұлы.

Аға буын айтса – айтатындай-ақ бар. Расында да, бүгінгі ақпаратта негізінен ресмилік пен шаблондар көбейді. Материалдар негізінен жалаң баяндалып, оқырманды қызықтыратын публицистикалық сипат, эмоция, образ жетіспей жатады. Терең талдауға негізделген аналитикалық материалдар да сирек кездеседі. Ақпарат таратқанда көбіне баланс сақталмай біржақты берілетін кез аз емес.

Бірақ мұндай сын негізінен ақпараттық сайттарға қарата айтылады. Себебі еліміздегі санаулы газет-журналдардан біз айтқан жанрларды сирек болса да жолықтыруға болады. Ал телеарналарда танымдық бағдарламаларға қарағанда ойын-сауықтық хабарлар көбейді. Дегенмен ақпараттық сараптамаларды жоқ деп айтуға болмас.

«Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Амангелді Қиястың пікірінше, дүние түгел дижиталданып жатқан дәп қазіргі кезең қазақ журналистикасының иммунитеті шыңдалып жатқан  шақ. Интернетпен иін тіресіп, әлеуметтік желілерге әл бермей жатқан байырғы қалам ұстаушылар қауымы бұл тартыста оңай шағыла қояр жаңғақ емес.

Ақпарат аузы-мұрнынан шығып, асып-төгіліп жатқан мына заманда, оқырманда таңдау мүмкіндігі де мол. Бірақ сол дүниенің бәрі бірдей сапалы деп айтуға тағы ауыз бармайды. Ақпарат берудің алдына түсу үшін ғана асығыстыққа бару, оны жеделдік пен ұшқырлыққа теңеу дұрыс бола қоймас, бірақ оқырманның обалы деген нәрсені көп жағдайда ойдан шығарып алып жатамыз. Түптің түбінде біздің еңбегіміздің бағасын беретін де сол оқырман қауымы ғой. Осы тұрғыдан келгенде басқаларға қарағанда басылымдардың бәсі бір бас жоғары көрінеді. Оның алғашқысы деп мынаны айтсақ болатындай. Байырғы БАҚ-тың әбден тексерілген, сүзгіден өткен шынайы ақпаратты ғана тасқа басатындығы. Ал интернет сайттар дәлелді-дәлелсіз дүниелерге үйірсек. Қаралымды арттырып, таралымды тасыту үшін ғой, әрине, түсінікті жағдай. Бірақ асығыстық пен шалағай тірліктің соңы қатенің  көбеюіне негізгі себеп бола алады. Ал, «Қазақ журналистикасы расында да қасаңданып бара ма?» деген пікірге келсек, оның түпкі себебін тура журналистің өзінен емес алдымен бүгінгі заманнан іздеген абзалырақ па деп ойлаймын. Өйткені қазіргі сұраныстың өзі жеңілдеп кетті. Жалғыз журналистика емес, сахнада да, өнерде де, әдебиетте де басқа салаларда да ел талғамы өзгерген. Ал сұраныстың сиқы осындай болса, ұсынысқа қайтпек керек?! Келте күрмеп, қысқа қайыруға құмартанымыз сондықтан да шығар. Баяғыдай ұзын-сонар баян жоқ. Баяулаған. Бәсең тартқан. Қысқасы, болдырыңқырап тұр. Сабақтас құрмаласты салаласқа жалғап тартатын салмақты сөйлемнің де сирегенін сөз ете бастадық. Көпшілік сүйсініп оқитын көркем публицистика да көзге көп шалына бермейді. Очерктің де орнын сипап қалғандаймыз ба, қалай? Кесек турайтын ірілер кетті. Олардың көзін көрген тірілер де тізгінді тарта түсті. Жаңа ұрпақ жаңалықтың соңында жүр. Оқырман түгел онлайнға ойысқалы да қашан. Таралымдар түсті. Жарық көріп келген талай басылымдар жабылып қалды. Жалпы журналистиканы осындай бір түсініксіз жағдайлар жағалап жүрген тәрізді.  Бұл – творчестволық тоқырау ма, әлде жанрлық жаңару ма?! Асау аттай әл бермей бара жатқан әлеуметтік желіге де әлденені айтқымыз кеп оқталғандай боламыз. Бірақ біздікі жәй ғана берілмеудің амалы. Қарғын судай қуаттана аққан сол бір қалың нөпірдің арасында өзіміз де кетіп бармыз. Мұны мойындауға тиіспіз! Тірілер түгел телефонның тұтқынына айналдық. Қол қалт етсе тек соған телміреміз. Бұл жағдай кәсіби журналистиканы шыңдайды деген пікірге өз басым келісе аламаймын, - дейді Амангелді Қияс.

Айтуынша, қазақтың журналистикасы қасаңданып барады деген пікірде бір шындықтың бары анық. Тақырыптар ақпараттық тұрғыда беріле бастады. Көз сүйсініп оқитын көркем дүниелер кемшін. Кей жанрлар жоғалудың сәл-ақ алдында тұр.

Сараптамалық салмақты дүниелер сирек жарық көреді. Талдау мақалалар тым аз. Қазақ журналистикасының тісі бата бермейтін экономика саласында жас сарапшылырдың артқаны қуантады. Бірақ жағдай анау айтқандай жақсарып кете қоймаған сыңайлы. Саяси талдаулардың ар жағынан   аударманың исі шығады. Міне осындай себептерден соң да бұрыннан келе жатқан баспасөздің бағы баянды болмай тұр. Бәлкім шыңдалу үдерісі мықты журналистерді сахна төріне алып шығар. Сол кезде бір өзгерістің боларына сенейік. Алдағы уақытты классикалық журналистика бағытында кеткендер маңдайға жазғанды көре жатырмыз. Ал медиасалаға бейімделмеген болашақ журналистерге қайтпек керек?, - деген сұраулы ой айтты.

Ал журналист Арнұр Асқардың пікірінше, ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты отандық журналистика қатты өзгеріске түскен.

«Ақпаратты тарату жеделдеді және ақпарат көзі көбейді. Электронды БАҚ-тар алдымен баспа БАҚ-тың, өте келе телевидениенің аудиториясын жаулап ала бастады. Жекелей адамдар, блогерлер, әлеуметтік желі қолданушылары БАҚ-тың функциясын атқаруға көшті. Бірақ уақыт өте келе дәстүрлі БАҚ біртіндеп жағдайға бейімделді деуге болады. Мәселен, қазір газеттердің сайттарының рейтингі біраз көтеріліп, басқа сайттармен бәсекелесетін жағдайға жетті. Газеттің PDF нұсқаларын сата бастады. Телеөнімдер әлеуметтік желілерді жаулап алды. Ақпаратты жедел беру қажеттілігі жазу стилінің жеңілдеуіне әкелді. Тіпті стиль, жанрлық алуандық жоғалды деуге де болатын шығар. Журналистер үшін жеделдік пен ақпарат беру бірінші орынға шыққан соң, қате және фейк ақпарат та көбейді. Теріс және оң өзгерістерді саралай келгенде, БАҚ саласы айтарлықтай дамыды, ілгеріледі, – дейді журналист Арнұр Асқар.

Adyrna.kz ұлттық порталының жетекшісі Арман Әубәкірдің айтуынша, репортаж, жолжазба сынды материалдар арқылы журналистикадағы әдеби стильді сақтап қалуға болады.

Бүгінде журналистика тілі қасаң тартып, бұрынғыдай көркем әдеби стиль жойылып бара жатқаны рас-ақ. Алайда кейде жастар арасында көркемдеймін деп асыра сілтеп келсе де, келмесе де әдеби сөздерді орынсыз тықпалайтындар да кездеседі. Мұндай талпыныс журналистиканы одан сайын бәсін төмендете түспекші. Ақпарат тілі және сараптама мақала тілі нақтылыққа құрылған. Сұхбат жанры да сондай ойды тура жеткізуге бағытталған. Бұрынғыдай очерк, фельетон жанрына қалам сілтейтіндер әдеби газеттерде болмаса, былайғы БАҚ беттерінен көзден бұлбұл ұшты. Дегенмен, бүгінде көркем сөз бен образдық ойлау үлгілерін кеңінен қолдануға болатын жанрлар бар. Олар – репортаж, жолжазба материалдары. Бас редакторлар, қалам ұстаған журналистер қауымы осы жанрларға көбірек көңіл бөлсе, әдеби стильді сақтап қалуға жағдай жасауға болады деп ойлаймын. Әрине, жаңа технологиялардың өрістеуіне байланысты видео материалдардың дамуы көркем мәтіннің кенжелеуіне ықпал етеді деген де түсінік бар. Меніңше, бұл қате пайым. Сөз құдіреттің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Тек тиісті жанрларды дұрыс таңдап, сол бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек деп есептеймін, – дейді журналист Арман Әубәкір.

Бүгінгі журналистиканың бағы да соры да рейтинг секілді көрінеді кейде. Себебі интернет басылымдар ақпаратты бірінші болып жариялауға ұмтылып, мәтінді өңдеуге, редакциялауға уақыттары болмайды. Салдарынан грамматикалық, стилистикалық қателер жиі қайталанады. Тақырыпты да «жантүршігерлік», «жағаұстатарлық» қылып қоюға тырысады. Бірақ оған ақпараттық сайттарды айыптауға да болмайтындай. Бүгінгі журналистикаға қойылып отырған басты талап – жылдамдық. Тіпті бір ақпараттың әлемге таралуына жеті секунд жеткілікті екен. Ал мұндай  бәсекеге ілесіп ақпарат таратып жүрген әріптестеріміздің де еңбегі еленуге лайық. Кейде қаптаған жалаң ақпараттан жалығып, тамсанып оқитын танымдық мақала іздейтін оқырманның да барын ұмытпауымыз керек шығар. Табысы болмағасын танымдық сайттардың да қатары тым аз болып тұр.

Бұрын жыраулар әдебиеттің де, журналистиканың да міндетін атқарған. Халық пен биліктің арасындағы көпір болды. Кейін жазба әдебиет пен журналистика екі бөлек салаға айналды. Бәлкім біз бүгін журналистикадан іздеп жүрген жанрлар әдебиеттің ауылына қарай ауысып,  журналистика тек ақпарат таратумен айналысатын кезеңге келген шығар.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: