Журналист мамандығы қоғамның емшісі, дәрігері секілді – Нұржан Жалауқызы

25 Қаңтар 2023, 09:00 2154

25-26 қаңтар күндері Астана қаласында Өңірлік баспа басылымдарының жұмыс деңгейін арттыру мәселелері бойынша екі күндік форум өтеді. Осы ауқымды жиын қарсаңында журналистика саласындағы қазіргі түйткілді мәселелер жайлы журналист, танымал медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жалауқызы Мұхамеджановамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Нұржан Жалауқызы, сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Астана қаласында өңірлік баспа басылымдарының жұмыс деңгейін арттыру мәселелері бойынша форум басталды. Осындай жиындардың маңызы жайлы Сіздің пікіріңізді білсек деп едік.

Бұл өңірлерден келетін облыстық, аудандық газет-журналдардың басшыларының қатысуымен өтетін оқу-әдістемелік екі күндік форум екен. Өте құптарлық іс. Жалпы қазір еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, министріміз Дархан Қыдырәлі мырза журналистика саласының жан-жақты, сапалы дамуына, кәсіби түрде қадам жасауына үлкен мән беруі өте құптарлық жағдай.

– Демек, мұндай Форумдардың ұйымдастырылып, өткізілгені дұрыс дейсіз ғой?

– Әрине! Бұл өте қажет шара. Мұндай форумсыз, жиналыссыз, дөңгелек үстелсіз, конференциясыз дами алмаймыз. Біреулер оны «ой, бұл уақытты босқа өткізу» деп қабылдайтын шығар. Мүлдем олай емес. Адам араласса ғана, өрісі кеңейеді. Кеңессең ғана білімің кеңейеді. Көрсең ғана дүниені тани аласың. Сондықтан көп көру керек, көп іздену керек.

– Жаңадан дайындалып, талқыланып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның жобасы туралы не айтар едіңіз?

– Қазір біздің қоғам үшін өте маңызды кезең. Біздің бұқаралық ақпарат құралдары үшін де сондай беймаза кезең. Өйткені дәл қазіргі кезде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жаңа Масс медиа туралы заң жобасы талқылануда. Барлық журналист әріптестерімді де, журналистика факультетінің студенттерін де осыған немқұрайлы қарамай, жауапкершілікпен атсалысуға шақырар едім.

Себебі бұл ертеңгі күні өзіміз қызмет ететін, өзіміз жұмыс істейтін кезеңнің заңы болып қабылдануы тиіс. Өйткені қазіргі кезең осыдан он жыл бұрынғы кезеңге мүлдем ұқсамайды.

– Күні кеше ғана Алматыда «Телевизиялық менеджмент: тәжірибе және ғылыми көзқарас» атты ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Осы жиын туралы тарқатып айтып берсеңіз.

– Бұл конференцияның маңызы өте зор. Өйткені өзіміздің қарашаңырақ - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті ұйымдастырған бұл ғылыми-әдістемелік конференция студенттердің болашағын айқындайтын, олардың сапалы білімге деген құштарлығын оятатын, соған қозғау салатын сондай бір ғылыми орта болды ғой.

Менің ойымша кез-келген дүниеге ғылыми көзқарас қажет. Өйткені былай қарасаңыз, әдетте жұмыс істеп, қызмет етесің, сол жұмыстың өзі жоспарлаудан тұрады. Сол жоспарланған дүниеге жету жолдарын қарастырасың, сол межеге жету жолында оның көрсеткіштерін айқындайсың. Мінекей соның барлығы, менің қызмет еткен жылдарымда «екіде-екім төрт» деп айтатындай, көзім анық жеткен дүниелер.

Сондықтан бұл ғылыми-әдістемелік конференция шыны керек, сапалы журналист мамандарын даярлау мақсатында атқарылып жатқан көп жұмыстардың бір тармағы ғана. Мұндай конференциялар әлі де талай ұйымдастырылады деп сенемін. Ол бір.

Екіншіден, неге менің кітабымның таныстырылымын осы конференция аясында өткіздік? Оның өзіндік себебі бар. Өйткені соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы мен «Интерньюс» халықаралық ұйымының қазақстандық өкілдігін басқарсам да, мемлекеттік емес «31» жекеменшік телеарнаны басқарсам да, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрайым болып қызмет еткен жылдарымда да, болмаса «Алматы» телеарнасын басқарған жылдарым, бұлардың бәрі менің тек қана шығармашылық қырымды ғана ашқан жоқ, менің менеджерлік қырымның ашылған, қалыптасқан, соның ұшталған кезеңі деп айтсақ болады.

Өйткені жаңа айтқанымдай қазіргі заманның менеджері, шығармашылық ұжымдардың менеджері болуы деген оңай дүние емес. Себебі сен өзің алаңда ойнайтын капитан болуың керек. Сен өзің монтаждалған дүниенің қалай монтаждалатынын білмей тұрсаң, болмаса ұсынылатын шығарманың мәтінінен хабарсыз болатын болсаң, оның көркемдік жағынан, түсірілім техникасынан хабарсыз болсаң, онда сапалы дүние шығару өте қиын.

Сондықтан мен өзімнің қызметімде өзім тікелей араласып жүріп соны жұмыстарды жүзеге асырдық. Қай жерде жұмыс істесем де, дұрыс нәтижеге қол жеткізуге тырыстым. Мысалы тоқсаныншы жылдардың соңы, екі мыңыншы жылдардың басында «Интерньюс» халықаралық ұйымында жұмыс істеген кезде, елімізде тәуелсіз теле-радио арналардың жаңадан қалыптасып жатқан кезеңі еді. Олардың кәсіби теле-радио журналистика бағытында өркендеуіне, толыққанды қалыптасуына көп еңбек еттік. Көптеген тренингтер ұйымдастырып, оған көптеген шетелдік мамандарды алып келдік. Олардың біздің отандық журналистика мамандарын оқытып, үйретіп, кәсібилігін шыңдауларында рөлі өте зор болды.

Қазақ тілді журналистердің қалыптасуына көп әсер еттік. Ол бір. Екінші, «31» жекеменшік телеарнаны басқарған 2006-2011 жылдары елімізде тұңғыш рет мемлекетік емес телеарнаның 20% акциясын еліміздің «ақпарат» және «ұлттық қауіпсіздік» заңына сәйкес шетелдік инвесторлар сатып алды. Ол жұмысты да менің жүзеге асыруыма тура келді. Сондай жұмыстардан көп тәжірибе жинақтадым. Сол жинаған тәжірибелерімді кейін 2011-2016 жылдары алты жылға жуық «Қазақстан» РТРК басқарған кезде қажетіме жараттым. Мысалы стратегиялық жоспарлау, маркетингтік жылжыту, жарнама үшін қызмет ету. Сапалы жұмыс істесең ғана жарнама келетінін түсіндіру. Рейтингпен жұмыс істеу. Міне осының барлығын жүзеге асыруға тура келді. Ол бір, екінші ең басты менің миссиям, «Қазақстан» телеарнасын толықтай 100% қазақ тіліне көшіру болды. Оны да біз сәтті жүзеге асырдық. Одан кейін еліміздегі тұңғыш «Қазспорт» спорттық телеарнасын ашу міндеті менің алдыма қойылып, оны да сәтті аштық. Сондықтан да осындай іргелі-іргелі жұмыстарды жүргізуге тура келді.

Сондай-ақ, шыны керек, дәл қазіргі кезде «Болашақ» Президенттік халықаралық білім беру бағдарламасы арқылы журналистер шетелде білім алып, білімін жетілдіруге мүмкіндік алды ғой. Сол жұмыстың басында біз тұрдық, біздің ұсыныс болды. Өйткені ол кезде тек техникалық мамандар ғана баратын. Білім министрлігі ұсыныс енгізген кезде олар журналистиканың қыр-сырын білмейді ғой. Ал біз оны әбден зерделеп-зерттеп, неге журналистердің өзін оқытпасқа, неге оларды шетелге жіберіп тәжірибе жинақтауына мүмкіндік бермеске деп түрлі тренингтер, талай дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, айтып, жеткіздік. Сол кездегі Ақпарат және байланыс министрлігімен бірлесе отырып, осы идеяны жүзеге асырттық.

– Ал енді сол конференцияда таныстырылған жаңа кітабыңыз туралы айтсақ. Бұл кітап несімен ерекшеленеді, қандай аудиторияға арналған?

– Бұл кітап жалпы шығармашылық қауымға, студенттік аудиторияға арналған. Өйткені отандық теле-радио журналистикасының даму кезеңі қалай болды? Қандай жобалар шығып, жүзеге асты? Қандай мақсатпен шығып, олар қалай таратылды? Осындай сауалдарға жауап іздегендер осы кітаптан керекті жауабын алса болады.

Кітап сұхбаттық жанрда, яғни әр жылдары түрлі БАҚ өкілдеріне қазақ және орыс тілдерінде берген сұхбаттарым негізінде дайындалды. Көлемі 254 беттен және түрлі түсті фотоархивтерден тұрады.

Біз журналистиканы қоғамның айнасы дейміз. Сол қоғамдағы атқарылған жұмыстар қалай көрініс тапты? Ол көпшілікке қалай түсіндірілді? Оған қандай сапалы контенттер дайындалды? Соны дайындайтын қандай мамандар жұмысын қаншалықты сапалы істей алды? Мінекей осындай сауалдарға жауаптар беріледі. Сонымен қатар, атап айтуымыз керек, қиын-қыстау кезеңдерді біз басымыздан өткердік. Солар туралы да бүкпесіз айтылады.

– Эксклюзивті кадрлар да енген болар?

– Иә, соған байланысты берген сұхбаттарым бар. Мысалы «Алматы» телеарнасында жүрген уақытта бізге пандемия кезінде жұмыс істеуге тура келді. Пандемия бізге, бүкіл әлемге не ұқтырды? Бүкіл әлемге ол барлығымыздың өз уақытты қадірлеуімізді, шектеусіз өмір сүруіміздің қаншалықты қажет екенін сездірді. Сол қажеттілікті біз еркін өмір сүргенде байқамаған едік, сол Пандемия кезінде біз әбден түсіндік.

«Қаңтар оқиғасы» кезінде отаншылдық, мемлекетшілдік қалай қалыптасып, көрініс тапты? Біздің әріптестеріміз қандай жанкештілікпен жұмыс істеді? Мінекей осыларға байланысты түрлі журналистердің қойған сұрақтарына менің берген жауаптарым сұхбаттарымда көрініс тапты.

Сондай-ақ, бұл кітапта, жаңа айтқанымдай, менің жиырма жылдан астам уақыттағы менеджерлік қызмет еткен кездегі берген сұхбаттарым топтастырылған. Қазақ және орыс тілдеріндегі сұхбаттар, мысалы «Егемен Қазақстан», «Мегаполис» газеттерінде шыққан сұхбаттарымнан, қарап отырсаңыз, ішінен көп сұрақтарға жауап алуға болады.

– Бұл соңғы кітабыңыз емес шығар. Алдағы уақытта тағы қандай кітап шығару ойыңызда бар?

– Шыны керек, мен 1982 жылы жұмысты бастап, мінекей 2022 жылы 40 жыл еңбек еткен соң нүкте қойып, құрметті демалысқа шықтым. Көпшілік сұрақ қояды, «Неге Сіз кітап жазбадыңыз?» деп. Мен әрдайым бір жұмыспен нәтижелі түрде жауапкершілікпен жұмыс істеуге тырыстым. Өйткені ойымды бөлгім келмеді.

Сондықтан ең алдымен осы кітапты шығарайын деп шештім. Енді алдағы уақытта жас журналистерге продюсерлік дегеніміз не, неге мән беруіміз керек? Интервьюді қалай алу керек деген сияқты тақырыпта кітап шығару қажет болса мен қарсы емеспін. Әйтпесе менен де басқа ғалым адамдар бар ғой, осы салада еңбектеніп жатқан. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі біздің журналистерге қажетті көптеген кітаптарды өзге тілдерден аударып жатыр, шыны керек.

– Аударғанның жөні бір бөлек. Өзіңіз сияқты отандық практик мамандардың тәжірибесінің орны бір бөлек қой?

– Иә, қажеттілік болып жатса, менің жазуға іштей жоспарым бар. Сондықтан қазір жаңа айтып кеткендей демалысқа шықтым, Алла амандығын берсе, бұл басы, ары қарай осы бағытта да еңбектенсем деген жоспарым бар. Отандық журналистиканың сапалы түрде дамуына ары қарай үлес қоса беремін деген ойдамын.

– Сізге  журналистиканың ішінде көңіліңізге жағатыны қайсысы? Телевизия әлде радио?

– Маған негізі журналистика мамандығы ұнайды. Мен радио журналисі болып бастадым, уақытымның көбін телевидениеге де арнадым. Ең бастысы жазуға, журналистикаға көңілім ауып тұрады.

Журналистика қоғамның айнасы дейтін болсақ, ал журналист мамандығы қоғамның емшісі, дәрігері секілді. Сондықтан дәргер ретінде диагнозды дәл қоя аласың ба, қоя алмайсың ба? Ал одан шығудың жолы қандай? Соның қыр-сырын үйретіп, соның қыр-сырына бойлата білсек, соған жаңадан қалыптасып келе жатқан жастардың көзіндегі отты сөндіріп алмай, солардың мамандыққа деген іңкәрлігін оята білсек, ертеңгі күні олардан жақсы маман шығатынына сеніміміз мол болады. Ең бастысы жастар шаршамай еңбектенуі керек, ізденуі керек. Көп жағдайда «Мен білемін!» дегеннен аулақ болуы керек. Көп нәрсені көрсең көпті үйренесің.

Мысалы, мына кітаптың дизайнын барлығы айтып жатыр, ерекше деп. Елімізде көп кітап шығып жатыр ғой, бірақ бұл кітаптың дизайнын өзіміз ойластырдық. Кітаптың сыртқы мұқабасының аппақ болуы, ондағы мақалалар қайда жарық көрді, солардың логотиптерін шығарып, кішкентай макетін қою сынды жұмыстардың барлығын құрастырушы, көмектескен әріптестеріммен бірге отырып талқылап, өзіміз үйлестіріп осылай ұсындық.

Өйткені бұл кішкентай дүние болса да, бір жағынан сападан хабар беру, екінші жағынан дизайннан хабар беру, үшіншіден оқырманға қызықты болуы керек қой. Әңгіме сонда.

– Осы уақытқа дейін медиа саласында түрлі кәсіби қызметтер атқардыңыз. Кәсіби маман ретінде біраз жетістіктерге де жеттіңіз. Енді педагог ретінде университеттерде тұрақты түрде жастарға дәріс беру жоспарыңызда бар ма?

– Мен бұрындары жұмыс арасында бос уақыт тауып Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында сабақ беріп жүрдім, Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінде «журналистік шеберлік», «менеджер», «телевизиялық менеджмент» деген тақырыптарда арнайы курстар оқыдым. Енді өзіміздің журналистика факультеті де шақырып жатыр екен, мен дайынмын. Мүмкіндік болса алдағы уақытта бар білген тәжірибем мен білімімді осы жастармен бөлісіп, солардың сапалы маман ретінде қалыптасуына бір үлесім тиіп жатса мен бақытты боламын деген ойдамын.

– Әсерлі сұхбатыңызға көп рахмет.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: