Жүрегіне тұтас жұрт сыйған жомарт ана

20 Қараша, 20:07 49

Рәбиға Нұржанова… Киелі Шиелінің атырабына алақаны ашық, құшағы жаюлы әз ананы елестететін ерекше құрметке ие есім. Қазір еңірегенде етегі толатын байшыкештердің заманы ғой. Ондайлар кейде жағдайын айтып жылағанда қолында түгі жоқ кедей-кепшіктің өзі бірдеңе тауып бергісі кеп кетеді. Қазақ фольклорындағы, әдеби-көркем туындылардағы бүтін елді асыраған жомарттардың қазір ізі де жоқ. Тіпті, ондай адамдар болмағандай… Кеңдіктен кемдік көрді ме, әлде, жомарттық жұтатты ма, әйтеуір, береке ұялаған алақандардың көбі қазір тастүйін. Сондай тар кезеңнің өзінен ірі туған бір ана болған. Ол - жоғарыда аты ерекше ықыласпен аталған адам. 

Біздің өлшемдер қазір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алады ғой. “Егемендік алдық” дегеніміз болмаса, елде ештеңе жоқ кез. Түтіннің өзі теңселіп ұшып, адамдар уайым құшып, ұн “ұнтақталып” бөлінетін, нан көлінен айырылған құстың көкірегіндей тілім-тілім боп таратылатын беймаза шақ. Жер-жерде Кеңес дәуірінен қалған қаңсық тіршілік. Әр Қазақтың көзінде “енді қалай болады?”,-деген үрей. Расымен, елдің күні тек ерлерге қарап қалған уақыт болған деседі. Сондай уақыт келгенде адамдар абдырап, жан-жағына қарады. Соңғы үмітін азаматтарға артты. Дәл сол өліара шақта азаматтарша атқа қонып, іс туын көкке көтеріп, жоқтан бар жасап, атойлап алға озған екі нәзікжанды болса, оның бірі һәм бірегейі - Рәбиға Құрманәліқызы еді. 

Мен бұл кісі туралы алғаш рет “Қазақстан” Ұлттық арнасынан берілетін “Айтуға оңай” деген бағдарламадан естігем. Мыңдаған тағдырдың күрмеуін көрген бағдарлама жүргізушісі, бүкіл Қазақтың жүрегіне жерленген журналист Бейсен Құранбектің өзі апай туралы “бірде кім келіп, кім кетпеген біздің студияға жағдайы ауыр қызылордалықтар келген. Бүтін елден мейір таппай Алматыға келген бауырларға көптен көмек сұрадық. Бағдарлама эфирі берілгеннен күннің ертесіне телефоным шыр етті. Белгісіз нөмір. Кім екен?,-деп тұтқаны көтерсем, ар жағынан әрі зілді, әрі мейірімді қартаң дауыс “Айналайын балам, Бейсен! Амансыңдар ма? Ісіңнен айналайын, қанша Қазақтың қажетіне жараған мырзалығыңнан айналайын, тіл-көзден аман жүр. Кешегі бағдарламаларыңа біздің ауылдың адамдары жәрдем сұрай барыпты. Біздің бүтін бұл елде бір жоқты бар қыла алатын жан жоқтай, өзімнен-өзім қысылып отырмын. Не керегін айт, көмектесейін. Мені жаңағы кісілермен байланыстыр. Бұрын ел үшін уайым жейтін қым-қуыт кезең болды. Қазір ел деп намыс оятатын шаққа келдік. Менікі сол - намыс қой”,-деді. Сенесіздер ме, ағайын? Мен мына қоңыраудан кейін өмір сүргім кеп кетті. Қазақтың кең пейілі, жомарт жүрегі келмеске кеткен кезеңдерге ілесіп кетті ме?,-десем, бар екен. Сол апамыз “Айтуға оңай” төрінде,-деп хабарлап, апайды ел назарына шығарып жатыр екен. Теледидардың бер жағындағы мен “Сырдың қайран аналары-ай”,-деп тебіренгем бір уақ. 

Апайдың жүзінен сол сәтте-ақ үлкен бейнеттің табы байқалған еді. Сөйтсем, ол бейнет - үйдің тұңғышы боп басталған қилы да, қиын тағдырдың бейнеті екен. Әкесі Құрманәлі ақсақал апайға қыз деп қарамай, ізінен өрілген 5 қыздың аманатын табыстаған. Оларды жеткізу бар, түк жоқ таршылықта тіршілік бастау, ұрпақ өсіру, келін болу, жар болу, майдандағыдай машақаты бар кәсіпті меңгеру, жылап келген жоқ-жұқаға жанашыр болу, жүздеген адамға нәпақа тауып беру кімге жеңіл тиген дейсіз? Апайдың жүзіндегі көпті көрген ірең сондай бейнеттердің бейнесі екен ғой. Апайдың туған бауыры әрі кезінде кәсіпті бірге бастаған серіктесі, белгілі кәсіпкер-меценат, ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденінің кавалері Рәбиба Құрманәліқызымен апай туралы тілдесіп қалғанымда “Мақсатжан-ау, біздің кез бүгінгідей болған жоқ. Миға ғана емес, жүрекке, қол-аяққа салмақ түсетін кезде кәсіп бастадық. Бизнес деген ол уақытта жұрттың ойы түгіл түсіне кірмеген. Жан-жағымызға қарасақ, жұрт жағдайы құлдырап барады. Әкім-қараға қарап ауыз ашайық десек, оларда да мүмкіндік жоқ. Кәдімгі мемлекетті нөлден бастап қайта құру кезеңі ғой. Рәбиға апам екеуіміздің қолымызға жалғыз әулет қана емес, бүтін ауыл-аймақ қарап отыр. Содан не істейміз, ретін тауып жанар-жағармай әкеліп, оны қыстың суығына тоңып, жаздың аптабына күйіп-жанып, көктемнің ақ жауынының астында қалып жүріп саттық. Сондағы қолымызға қалатыны тиын-тебен. Біз соны ұқсаттық. Қарамағымызға қанша адам алдық. Кейін екеуміз екі бөлек мекеме құрып, екіжақтап жүріп елге қайыр қылдық. Қазір апамның мекемесінен қанша жанұя күнін көріп отыр, менің мекемемнен қаншама… Соның бәріне апамның темірдей тәртібі, қатал мінезі, сонымен бірге, мына Шиелінің даласындай кең жүрегі дәнекер болды. Апамның көргенін еш кәсіпкер көрген жоқ”,-деп еске алған еді. 

Кейін қолыма өз уақытында жұрт назарынан түспеген “Қазақстан әйелдері” журналы түсті. Бүтін бір саны апайға арналыпты. Басылымдағы кәсіпкер туралы алғашқы мақаланы мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алтыншаш Жағанова жазған. Қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар жазушы апай туралы кең-көсіліп толғайды жазбасында. Мұстафаның алтын бесігі - Шиелі даласынан екі қазына тапқанын, бірі Рәбиға, бірі Рәбиба аталатын қос шынар Қазақ қыздарына, Қазақ әйелдеріне бар жағынан үлгі бола алатынын, көл-көсір еңбекпен, жанкешті маңдай термен бизнесмендер династиясын құрғанын және олар жұрт арасынан нәпақа табумен ғана айналыспай, Сыр руханиятына, Шиелі жұртына меценаттық көрсетіп отырғанын үлкен тебіреніспен айтады ол мақалада. 

Құрманәлі ақсақалдың атаман қызы, Шиелінің қайраткері кәсіппен ғана шұғылданып ғұмыр кешпеген. Шаңырағын ел ағасы Шәкизат ақсақалмен бірге Құдай үйген төбеге айналдырып, оған алты Алашты сыйдырып, көрші-көлем, ағайын-туыстың маңдай тірейтін үй етіп, салмақты-салиқалы әулеттермен құдандалы-жекжатты болып, ел анасы атанған. Жақында ғана дүниеден өткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, талай жыл сенат мінберінде ұлт сөзін сөйлеген азамат Оңалбек Сәпиевпен дидарласқанымызды бұған анық көзім жеткен еді. “Бірде Рәбиға Құрманәліқызымен танысу дастарханында бас қостық. Оны менен бұрын танитындар кәсіпкер-меценат екенін айтып жатты. Ал, мен ол кісіге бір қарағанда-ақ баяғының әзиз аналарының бейнесін аңғардым. Өзі кең пішілген, кесіп сөйлейтін және анық сөйлейтін өте сабырлы адам екен. Ауыз құрғатып айтылған он әңгіме болса, соның біріне де қосылмады-ау, сабаз. Дәулетті кәсіпкермін деп асып-тасқанын байқамадым. Ал, енді, жыр оқылып, ән айтылғанда Рекеңнің жүзінің мейірленгенін көрсеңіз, жаны жадырап сала береді екен. Содан-ақ жаратылысы бөлек, өзін өзгеден ерекше санамайтын, бос мақтауға елітпейтін жан ретінде менің жадымда қалды. Қазір ұл-қыздары менің балаларымның жолдасы. Бәрі өнегелі, тәрбиелі, дастархан көріп өскендерін аңғартады” деген еді ол апайды еске алғанда. 

Қазіргілердей саусағын қимылдатқанына салтанат сұрамай, комерсанттықты кәсіп деп, аты айқайлаған атақ сұрамай, бизнесті игерген билікті де игереді деп мемлекеттен мансап сұрамай, сұрап алған сөлкебайларымен емес, жұрт жадында тек жомарттығымен қалған Рәбиға апайға қалай таңырқамайсың?.. 

Сөйткен адам да өмірден өтті, ағайын… Биыл 7 жыл жылжып үлгеріпті. Апай кеткелі де қанша дүние өзгерді ғой. Дүние түгел өңін айналдырса да, жұртшылықтың апайға деген құрметі, ықыласы өзгерген жоқ. Ол - сағымға айналған сағыныш болып талай саналарда сақталып қалды!.. Алла иман нұрымен жарылқасын!

EL.KZ
Бөлісу: