Жұмысы ауыр болса, жалақысы жоғары - Шотландияда құлпынай өсіретін қазақ жігіті

24 Шілде, 18:00 10870

Соңғы кездері қара жұмыс істесе де, қомақтылау қаржы табу үшін шекара асатын ел азаматтарының қатары артып барады. Оның басты себебі – елдегі жалақы мен баға арасындағы алшақтық. Бүгінде шетелде 200 мыңға жуық қазақстандық заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Олардан бөлек табыс табу үшін бейресми еңбек етіп жүргендері де бар. Әсіресе, Оңтүстік Корея, Англия және Еуропаның бірқатар елдеріне барушылардың саны көп. Қай жерде болсын еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Дегенмен барлығы біз ойлағандай керемет емес. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бірнеше елде жұмыс істеп, ақша тауып жүрген Әмірлан Ерентаевпен тілдесіп, шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың тұрмысы, жағдайы жайлы сұрады.

Әмірлан Ерентаев – Талдықорған қаласының тумасы. 2023 жылдың ақпан айынан бері Шотландияның Перт қаласының маңында тұрады. Сөзінше, аудан орталығы болып саналатындықтан әдемі және жайлы қала. Мұнда британдық шаруа қожалықтары өте көп және кейіпкеріміз солардың бірінде маусымдық жұмыстарды істейді. Ол «Ұлыбританияның ауылшаруашылық саласында жұмысқа орналасу» ресми веб-сайтына өтініш толтыру арқылы жұмысқа орналасқан.  Бұған дейін Ұлыбританияда да жұмыс істеген. Еңбекке құштарлығының арқасында оны келесі жылы жұмысқа қайта шақырған.   

Менің таныстарымның арасында да Еуропаға, Оңтүстік Кореяға, Англияға маусымдық жұмысқа барғандары бар. Бұл жағдай соңғы кездері белең алып барады. Оның бірден бір себебі – жоғары жалақы. Биыл Англияға екінші мәрте маусымдық жұмыс істеуге келдім және мен сияқты жұмыс істеп жүрген азаматтар да көп. Мұнда адамдар әр елден келіп жұмыс істеп кетеді. Олар көбінесе несие, ипотека төлеуге, үй сатып алуға ақша жинау үшін шет ел асып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мен Англияда маусымдық жұмыс істеп жүрген бұрынғы полиция қызметкерлерін, мұғалімдерді, медицина мамандары мен спорт бапкерлерін кездестірдім. Олардың барлығы өз елдерінде көп қаржы таба алмағандықтан шет ел асып ақша табуға мәжбүр, - дейді ол.  

Фото: кейіпкедің жеке мұрағатынан

Әмірлан қазіргі таңда бірнеше жұмыспен қамту бағдарламалары барын атап өтті. Солардың бірі - Agri-hr.com, Agropraktika.eu, hopslaboursolutions, osrodek-hr.com. Қазақстандықтар көбінесе дәл осы сайттар арқылы өтініш жіберіп, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Өтініш жолдау тегін. Себебі бағдарламаларды Ұлыбритания қаржыландырып отыр.

Айтуынша, операторлар өтінішті ұзақ уақыт қарастырады. Оның өтінішіне 4 айдан кейін жауап келген. Өтінішті қабылдағаннан кейін Әмірлан екі сұхбат кезеңінен өткен. Біріншісі – онлайн сұхбат. Онлайн сұхбаттасу кезінде операторларға барынша ол елде қалмайтынын және виза уақыты біткеннен кейін елден кетіп қалатынын түсіндіру керек. Офлайн сұхбат – презентация форматында өтеді. Онда жұмыстың барынша қиын екенін және ойланып, әлі де бастартуға мүмкіндігі барын түсіндіреді. Дегенмен мыңдаған қазақстандық екі рет, тіпті үш рет шетелге барып жұмыс істеп жатқанын көрген соң ойынан бастартпаған.

Өзім әлеуметтік желіні белсенді жүргіземін. Парақшамда маусымдық жұмысты қалай табуға болатынын, оған делдалдардың көмегінсіз тегін ұшып бару жолдарын көрсетемін. Себебі бүгінде жұмыс тауып беремін деп, адамдарды алдап кететін алаяқтар көбейген. Ал қарапайым халық ондайларға тез сеніп қалады, тіпті қолына ақша ұстата салатындары бар. Мысалы жақында маған бір қыз жазды, сөзінше ол алаяқтарға 800 мың теңге берген. Бірақ бір жылдан бері шет елге жұмыс істеуге бара алмай отыр. Англияға келіп жұмыс істегісі келетін адамдар әлі де көп. Желідегі парақшама шығып, сұрақ қойып, шет елде жұмыс істеудің тиімді тұстарын сұрайтындар бар. Қолымнан келгенше барлығына жауап беріп, көмектесуге тырысамын, - дейді кейіпкеріміз.

Фото: кейіпкедің жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, Ұлыбританияда төленетін жалақы мен Қазақстанда төленетін жалақының айырмашылығы жер мен көктей. Мұнда істеген жұмыс сағатына қарай есептеледі. Жұмысшылардың барлығы Англиядағы ең төменгі жалақыны алып отыр. Ол  – сағатына 11.43 фунт стерлинг. Жұмыс күні 8 сағатқа созылады. Аптасына 5-6 күн жұмыс істейді.

Дегенмен жұмысшылардың барлығына бірдей қолайлы жағдай жасалмаған. Жан жақтан келіп жұмыс істейтіндердің қатары көп, сәйкесінше талап қатаң екенін атап өтті.  

Жұмысшыларға жасалатын жағдай фермаларға да байланысты. Көбінесе фермалар 6 адамға арналған фургондарға (караван) орналастырады. Сізге мүлде бейтаныс, менталитеті мен ұлты, тілі басқа жандармен тұруға тура келеді. Тіпті әйелдерді бейтаныс ер адамдармен бірге тұрғызуы да мүмкін және бұл жөнінен сіздің рұқсатыңызды, қалауыңызды сұрамайды. Көбісі шет елде айына 1,5 миллион табыс табады деп ойлайды. Дегенмен мұнда жалақы орта есеппен 900 мыңды құрайды. Жұмыс өте ауыр. Бар күшінді салып жұмыс істеуге тура келеді. Егер істеген жұмысыңыз көңілінен шықпаса онда шығарып жібереді. Ауа температурасы өте ылғалды, жиі жауын-шашын болады. Жаңбырлы күні де үзіліссіз жұмыс істейсің. Шуақты күндер сирек болады. Сондықтан денсаулықты да сақтау керек, - дейді Ерентаев. 

Әмірланның айтуынша, Орталық Азиядан келген жұмысшылардың көпшілігі ауылшаруашылығы қожалықтарында жұмыс істейді. Бұл британдық фермерлердің Орталық Азиядан жұмыс күшін тарту бастамасының арқасында мүмкін болып отыр. Бағдарламаға сәйкес, жұмысшылар лагерлерде, керуендерде тұрады. Олар жайлы тұру үшін барлық қажетті заттармен жабдықталған. Кейбір шаруашылықтар жатақхана немесе пәтер береді. Әр шаруашылық баспана мәселесін өзінше шешеді.

Фото: кейіпкедің жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміз бүгінде Шотландияның Перт қаласының маңындағы ауылшаруашылық қожалыңында жұмыс істеп жатыр. Онда Әмірлан Қазақстан, Қырғызстан және Орталық Азиядан барған басқа да азаматтарымен бірге тұрады. Құлпынай баптаумен және оны өсірумен айналысады. Алдағы уақытта Қазақстанға қайтып келетінін айтты.

Миражан Махан
Бөлісу: