Жұмыссыз қалған қазақстандықтар 70 млрд теңге төлем алды

Бүгiн, 11:12 160

2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 256,6 мың адамды құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 212,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 70,6 млрд теңге болды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жасалады.

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: