Жұмыссыз азаматтар 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 %-ын алып отырады

27 Желтоқсан 2022, 12:26 2475

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды

Елімізде жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру керек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрін сақтандырады. Бұл халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе екенін атады.

«Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай ең алдымен азаматтарды формальды форматта жұмыс істеуге ынталандыруға көздейді. Бұл мақсатты орындау үшін біріншіден, шағын бизнестегі жұмыскерлер, платформаның көмегімен жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты салықтық жүктемелерді төмендету қарастырылады. Екіншіден, әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылады», - деді министр.

2023 жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 %-ын төлеу қарастырылып отырғанын атап өтті.

Министр қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтитынына тоқталды.

«Қарастырылған өзгерістерде 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейінгі жылдары зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер жинақтағы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақы мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді. Бұл өзгеріс аталған зейнетақылардың мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып отыр. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Миражан Махан
Бөлісу: