«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ҒЖБМ Сәтбаев университетімен бірлесе отырып, мектеп оқушыларына мансап бойынша алғашқы қадам жасауға көмектесуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» Сәтбаев университетінде талапкерлерге кәсіби бағдар жасауға арналған семинардан басталды, оған Қазақстанның 8 қаласынан келген мектеп оқушылары қатысты. Семинарды Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев жүргізді.
Біз жастарға өздерінің және Қазақстанның жарқын болашағын құру үшін қажетті білім беруге терең көңіл бөлеміз. Жастардың инновацияға, инженерияға деген қызығушылығы бар екенін көріп отырмыз. Бұл бізді жас таланттардың кәсіби түрде дамуы үшін одан да көп мүмкіндіктер жасауға шабыттандырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қазір техникалық салаларға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын барлық гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінеді, – деп бөлісті өз ойымен Руслан Емелбаев.
Семинар Сәтбаев университетінің ғимараттарын аралаудан басталды – мектеп оқушылары еліміздегі алғашқы техникалық университеттің күнделікті тіршілігімен танысты, содан кейін семинарға қатысты. Семинар барысында негізінен алдағы емтиханның форматына, оның өту тәртібіне және ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін қажетті дағдыларға ерекше назар аударылды. Оқушылар оқуға түсу және оның перспективалары туралы, жатақханадан орын алу және Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндіктері туралы сұрақтарын қойды.
Жұмыскер мамандығын және техникалық мамандықтарды танымал ету бағдарламасы аясында өткен семинар – техникалық салаларды таңдайтын кәсіби мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуде министрлік үшін маңызды қадам болып табылады.