«Жұмысшы мамандықтар»: Семейде қазақы нақыштағы ойыншықтар шығарылады

Кеше, 16:55 196

Астанада басталған «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне Семей өңірінен «Рымбек Бейсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі» ұжымы қатысып жатыр. Бүгінде аймақтық колледждің жасаған өнімдері республика көлемінде сұранысқа ие болып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Семейдегі колледжде Ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлауға басымдық берілген. Оған қоса заман талабына сай сұранысқа ие 3D модельдерді жасау жолға қойылып отыр.

Бүгінгі фестивальде біз бағдарламашы үйін таныстырамыз. Бағдарламашы үйінде «Өнер 3D» мекемесімен бірге жұмысымызды ұсынамыз. Бұл мекеме Семей қаласында орналасқан. Ұлттық нақыштағы ойыншықтар мен 3D модельдерді жасайды. Колледж студенттері осы мекемеде тәжірибеден өтіп, жұмыс істеп, мықты маман болып қалыптасып жатыр, - дейді колледж директорының орынбасары Асхат Мұханов.

3D принтер белгілі бір уақыт ішінде көз алдыңызда киіз үй немесе балаларға арналған мүсіндерді жасап шығарады.

Қазір, міне, 3D принтеріміздің жұмысымен таныса аласыздар. Бұл принтер 3D модельдерді жасап, мүсіндерді дайындап, сол уақытта тапсырыс берушіге шығарып береміз. Колледж қабырғасында бағдарламашылар дайындалады, соның ішінде дәл осы 3D модельдеумен айналысатын мамандыққа ден қойып отырмыз. Себебі, бұл заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Қазір көріп тұрған принтерлер мекемеге арналған, ал болашақта өндірістік кәсіпорындарға арналған, үй салып бере алатын принтерлерді қолдануды жоспарлап отырмыз. Биыл білім бөліміне аталмыш мамандық бойынша лицензия берген едік. Егер білім бөлімі тарапы құптаса, өндіріске арналған 3D модельдеу принтерлерін аламыз, - дейді Асхат Мұханов.

Оның айтуынша, колледж бен мекеме арасындағы келісімнің арқасында елімізге таза материалдан жасалған ойыншықтар таралып жатыр.

Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша сұранысқа ие боп тұрған экологиялық тұрғыдан таза материалдан жасалған балаларға ойыншықтар шығарып жатырмыз. Кішкентай балалардың денсаулығына кері әсер етпейтін материалдан қазақи нақышта ойыншықтар өндірісін жолға қойғымыз келеді. Одан бөлек машина өндірісі, энергетика саласына арналған желілік құрылғыларды шығаруға толықтай мүмкіндігіміз жетеді. Бұл құралдарды шет елдерден экспорттамай, ішкі нарықта барлық бөлшектермен қамтамасыз етуге болады, - дейді Асхат Мұханов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: