Жұмысшы болмаса жұмыс ілгері жүрмейді

13 Ақпан, 13:05 500

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылында» жастарды осы салаға тартуға және еңбек адамының беделін көтеруге, кәсіби білім беруге ықпал барынша артып отырғаны ақиқат.  

Осы мәселе төңірегінде El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бірнеше тұлғамен пікірлесіп, журналистік сараптама жасап көрді. Жасыратыны жоқ, жұмысшы мамандығын дайындау мен оның мүмкіндігін пайдалы іске жаратуда алшақтық бар. Мысалы аграрлы аймақ халқының 60 пайызы ауылдарда тұрады. Яғни, егін және мал шаруашылығымен айналысады. Осында еңбек ететін жұмысшылар тек науқан кезінде ғана атсалысып, басқа уақытта бос қалып жүр. Бәлкім, оқу орындарында нарық талабына сай келетін  мамандықтарға дайындау жүзеге аспай жүр ме? Әлде жұмыс орындары жас мамандарды қажетсінбей ме? Осындай ой жетегінде Қызылорда облыстық білім басқармасына бардық. Өйткені мұндай маңызды қадам алдымен оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейтіні бар.

Қазір аймақта 28 жеке және мемлекеттік колледж болса, олардың әрбірінде өз мүмкіндігіне сай мамандық қарастырылған.

Мысалы М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің директоры Бектұр Қалиға жолығып, жұмысшы мамандықтарының жөн-жобасын сұраған едік.

El.kz: Негізінен жұмысшы мамандықтарын колледждер дайындайды. Бұл бағытта Сіз басқаратын колледжде қандай мамандықтар бар?

Бектұр Қали: М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі қазіргі таңда 10 мамандық, 13 біліктілік бойынша білім беру қызметімен айналысады. Оның ішінде Электргазымен дәнекерлеуші, Автомобиль жөндеу слесарі, Техник-механик, Химиялық талдау зертханашысы, Қазандық жабдығы бойынша қараушы-машинисі, Қазандық және шаң дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеу жөніндегі cлесарь, Техник-механик, Жол-құрылыс машиналарының машинисі, Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі, Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері, Кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, Электромонтер, Аспазшы мамандықтары бар.

El.kz: Бүгінде жұмысшы мамандықтарында қанша оқушы білім алуда?

Бектұр Қали: Қазіргі таңда жоғарыда аталған мамандықтар мен біліктіліктер бойынша оқу орнында 370 студент білім алуда.

El.kz: Жалпы, жылына қанша білім алушы оқуға қабылданады?

Бектұр Қали: Жылына 150-ге жуық білім алушы қабылданады. Нақтылай кетсем, өткен 2023-2024 оқу жылында 142 студент қабылданса, биылғы оқу жылында 148 бала колледж қабырғасында білім алуда. 

El.kz: Жыл сайын қанша жұмысшы маманы тәмамдап шығады?

Бектұр Қали: Бітірушілердің саны әр оқу жылының контингентіне сәйкес болады. Мысалы, 2022-2023 оқу жылында 235, 2023-2024 оқу жылында - 115 білім алушы колледжді бітірген болса, биылғы 2024-2025 оқу жылын 137 бала бітіреді.

El.kz: Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы қалай шешілуде? Өндіріс орындарымен байланыс бар ма?

Бектұр Қали: Әрине, бар. Жыл сайын колледж бітірушілерінің жұмысқа орналасуы бойынша колледжде іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізіледі. Колледж базасында жұмыс берушілермен кездесу, экскурсия, кәсіби байқау, ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту, жастар орталықтары ұйымдастыратын бос орындар жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысудамыз.

Техникалық және  кәсіптік білімді дамытуға  ықпал ету және техникалық қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы бірнеше кәсіпорынмен меморандум жасалып, әлеуметтік әріптестік орнатылған. Атап айтқанда, «Қызылордажылу-электрорталығы» МКК, «Дорстрой», «Квант», «Мелиоратор», «Мұраптехсервис», «НұрТоргСтрой», «Промстройсервис.Е», «Хан», «Энергосервис» ЖШС бар.

Колледж бітірушілерінің 70 пайызы жұмыспен қамтылады. Мұнан бөлек, ЖОО-да оқуын жалғастыратындар қатары да жылма-жыл көбейіп отыр. Бірқатары әскер қатарына қасиетті борышын өтеуге аттанады.

Бүгінде Сыр мұнайы сарқылып келеді. Бұрын мұнай саласы жұмысшы жастар үшін тиімді жұмыс орны болатын. Жалақысы да қомақты, жұмыс кестесі де ыңғайлы еді. Қазір жұмыстан қысқарту жүргізілмесе де жаңадан жұмысқа қабылдау тоқтау алдында.

Қанат Әбенов өндіріс ошағының бірі – «Құмкөл-Сервис» ЖШС директоры. Ол жұмысшы мамандарының қажеттігі басым екенін растайды.

Қай заман, қай дәуір болсын, жұмысшысыз бірде-бір іс атқарылған емес. Қазіргі нарық уақытында оған сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Жалпы, жұмысшының бесаспап болғаны, белгілі бір кәсіпке маманданғаны керек. Кәсіби шеберлігі жоғары маман ешқашан жерде қалмайды. Сондықтан арнайы оқу орындары жақсы маман даярлауға батыл қадам жасағаны дұрыс, - дейді ол.

Ал, қаладағы үлкен ұжымның бірі – «Қызылорда тазалығы» МКК мекемесінде 490-ге тарта жұмысшы бар. Олардың арасында зейнеткерлер де кездеседі. Қаланың тазалығын сақтауда жұмысшылардың еңбегі ерекше. Оны мекеме басшысы Мақсат Жүсіп те жоққа шығармайды.

Бізде көше сыпырушылардан өзге көлік пен трактор жүргізушілері жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 180 мың теңге көлемінде. Облыс әкімінің қолдауымен жұмысшыларға қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ ынтыландыру бағытында ұзақ жыл еңбек еткендерге санатория, емдеу орындарына жолдама беріледі. Биыл жыл қорытындысымен 30 пайыз сыйақы бердік. Әрине, жұмысшы мамандарға қолдау жасалғанын құптаймыз. Олар да бір-бір отбасының тірегі, тілеуқоры, - дейді Мақсат Жүсіп.

Кеңестік кезеңде  партия қатарына қабылдауда, марапаттауда,депутатқа сайлауда бірінші кезекте жұмысшы тұратын.Ал, училищеде оқитын жастардың стипендиясы институт пен университет студенттерінен әлдеқайда жоғары болатын. Онда киім-кешекпен қамтамасыз ететін. Ал, токар, фрезеро́вщик, құрылыс жұмысшыларының жалақысы көптің үлесінде болмайтын.

Жақында кездейсоқ кездескен «Өркениет» медициналық колледжінің студенті Оразкүл Асанбекова «білім алудың ерте-кеші жоқ» деді. Ол қазір 62 жаста, еңбек зейнетінде екен. Төрт қыз, бір ұл өсіріп, бірнеше немере сүйіп отыр.

Қай адам болсын, ғұмырының соңғы сәтіне дейін білім нәрімен сусындаса да көптік етпейді. Мен осындай жасқа келіп, аурухана, емханада медбике бола қоймаспын. Бірақ білімнің негізі өміріме азық. Өйткені ұл-қыздарыма, немерелеріме алғашқы медициналық көмек көрсете аламын. Сондай-ақ көрші-қолаң, туған-туыс бар, олар да менің көмегіме мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – қоғам үшін қайырымды іс жасау парызы дер едім, – деді ол.

Бұған бір жағынан риза болдым, екінші жағынан қуандым. Адам өз мүмкіндігіне қарай алға ұмтылу, талаптану керек.

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ  «Мансап» орталығына хабарласқанымызда, олар айына бір рет “бос жұмыс орындары” жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрады екен. Нәтижесі жаман емес. Олардың биылғы 1 қаңтарға дейінгі мәліметі бойынша  13458 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 6875-і тұрақты жұмыс орны болды. Мұның дені жұмысшы мамандар үшін. Ал, жұмыс іздеуші ретінде 26494 адам хабарласып, 13368-і жұмысқа орналасыпты, оның ішінде, 4534-і тұрақты жұмыс екен.

Не десе де, жұмысшының қолына бір күрек керек. Біз сол күректі тауып бере алмасақ, ең қиын мәселе сол ғой.

Қаныбек Әбдуов
Бөлісу: