Жұмыс тобы шенеуніктерге құмар ойын ойнауға тыйым салу туралы петицияны мақұлдады

25 Маусым, 20:25 716

Туризм және спорт министрлігі жанындағы жұмыс тобы мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне құмар ойындарға және бәс тігуге тыйым салуды енгізу туралы петиция мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігінде жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Петиция авторы - «Әділдік жолы» басшысы Дидар Смағұлов.

Жобаның жария талқылау нәтижелері бойынша ақпарат министрліктің ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру жолымен жүргізілді.

19 маусымда министрлік жанынан петицияда баяндалған мәселелерді талқылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттары, петиция авторы, қоғам белсенділері, мемлекеттік органдар мен ойын бизнесі өкілдері (барлығы 27 мүше) енді.

Министрлік петицияға қатысты 2 мыңнан астам пікірге талдау жүргізді. Пікір иелерінің басым көпшілігі петицияны және мемлекеттік органдар мен әскери қызметкерлердің құмар ойындарға қатысуын шектеуді қолдаған.

2024 жылғы 25 маусымдағы екінші отырыста жұмыс тобының мүшелері шешім жобасын көпшілік дауыспен мақұлдады және петицияны қолдады.  

Лудомания – Қазақстан қоғамындағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Елімізде 350 мыңға жуық азамат құмар ойындар мен спорттық жарыстарға бәс тігуді ұнатады. 2024 жылдың наурыз айынан бастап 130 мыңға жуық адам «eGovmobile» қосымшасы арқылы құмар ойындар мен бәс тігуден өзін шектеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша заңды букмекерлік нарық көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті. Қазақстандықтар интернет-казино мен заңсыз букмекерлік кеңселерде ойнауды жалғастыруда.

Бейресми мәліметтерге сәйкес, мыңдаған адам жеке оңалту орталықтарында жасырын түрде емделуде. Құмар ойындарға патологиялық тартымдылық және соған байланысты тұлғаның деградациясы және қарыздың жинақталуы отбасының ыдырауына негізгі себептерінің бірі.

Құмар ойындарға деген құштарлық көбінесе қарызға батырады және адамды пара алуға және манипуляциялау жасауға итермелейді. Бұл, әрине, мемлекеттік қызметкерлер, әскери және барлау қызметкерлері туралы сөз болғанда, елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Мысалы, 2022 жылы Алматы облысының прокуратурасы жүргізген тексеру қорытындысы бойынша 300-ге жуық мемлекеттік қызметші мен әскери қызметкер казинода 507 млн теңгеден айырылғаны анықталды. Бұл қаржының қайдан шыққанына қатысты сұрақ көп. 2024 жылдың наурызында Ақтөбеде букмекерлік кеңседе бюджеттен ұрланған 23 млн теңгені ұтылған әскери қызметші сотталды. Мұндай жағдайлар өте жиі тіркеледі, бірақ әрқашан көпшілікке жария етілмейді.

Айта кету керек, бұл – Мемлекет басшысыныңтапсырмасы бойынша іске қосылған онлайн-петициялар институты аясындағы алғашқы мақұлданған петиция.

Біз бұған дейін құмар ойын туралы петиция 50 мың қол жинағанын жазған болатынбыз. Кеше жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Онда петиция авторы Дидар Смағұлов пікір білдірді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: