Жұмабек Кенжалиннің қалам қанаты

24 Шілде 2017, 11:33 13891

Жақсының аты өлмейді...

Бүгін танымал қаламгер, журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин өмірден озды.  Қаламгер ағамыз «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» атты деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған. Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – академигі.

«El.kz» сайты журналист Жұмабек Кенжалиннің әр жылдары баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында қазақ журналистикасының бет-беделі, болашағы туралы айтқан тұщымды пікірлерін жинақтап, назарларыңызға ұсынып отыр.

Қалам  тарту  деген  сөз  –  қазіргі  өмір  шындығын,  ұлтымыздың  мұраты  мен  мүддесін,  жалпыадамзаттық  проблемаларды,  дүние   сырын  терең  игеру  жəне  оны  озық  əлемдік-əдеби  критерийлерге  сай  бейнелеп,  бедерлеп  бере  білу  деген  сөз. 

Мамандықты жетілдіру институтын ашу керек. Өйткені, заман басқа, кешегі өлшем бүгінгі өлшем бола алмайды. Бүгінгі электронды ақпарат ғасырында интернет-сайттар жедел жұмыс істеуде. Дәстүрлі басылымдардан біз кетпейміз, бірақ, заман талабы — ғаламдық ақпараттық кеңістікке ілесіп, содан Қазақстандық журналистиканың өзіндік орнын айқындау үшін жаһандық ақпараттық көмейінде жұтылып кетпей, өзіміздің үнімізді білдіріп отыруымыз керек.

Журналистика ғылым емес деген пікірмен келіспеймін.

Талдамалы материалдар жазатын ғалымдар керек. Аттестациялық комиссияға ма, әлде Білім және ғылым министрлігіне жіберіп, журналистиканың өз алдына ғылым екенін, зерттеу объектілері, проблемалары бар екендігін айту қажет.

Қазіргі журналистикадағы үлкен мәселе, аудандық газеттерде мамандар тапшы. Бұрыннан айтылып келе жатыр, қазір тағы да айтылуда, журналистика факультетінің жанынан біліктілікті жетілдіру институты сияқты мекеме ашып, мерзімді дайындау курстарын өткізу керек.

Жергілікті басылымдарға әдебиетші, тіл маманы немесе тіпті, журналистикаға қатысы жоқ мамандар жазып жүр. Сондықтан да, заманауи журналистика жаңалықтарды олардың бойына сіңіретіндей дәрістер оқылып, біліктілігін арттырғаны туралы куәлік берілсе. Шындап келгенде журналистердің санатын, яғни, категориясын белгілеу керек. Бізде әлі күнге дейін ол жоқ.

Бүкілқазақстандық жаңа газеттеріміз тәрбие, білім беру, парасаттылықты арттыру, мораль, экологиялық жағдайды күрт жақсарту, халықтың денсаулығына қамқорлық, бір сөзбен айтқанда, халық депутаттарының бақылауындағы және республиканың бүкіл халқы тыныстап отырған мәселелерге айрықша ынта қоюға тиіс.

…Ұлттық жауапкершілігіміздің бүгінгі таңдағы бірден бір өзегі – экономикалық тәуелсіздікті қалыптастыру болса ләзім. Ұлттық намысымыз сол экономикалық тәуел­сіздікті қалыптастыратын қасиеттерді бойымызға тездетіп дамытуға түрткі болғаны дұрыс. Егер, бізде сондай сана, сондай намыс неғұрлым тез қалыптасса, онда біз дегенімізге солғұрлым тез жете аламыз».

Біздің сараптауымызша, бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ газеттері қоғам рухына сай, демократиялық өзгерістерге орай жаңаша мазмұнмен, жаңаша патриоттық пішінмен өз оқырмандарының рухани азығына айналып отырды.

Баспасөз демократиялық өрлеу жылдарында шын мәнінде «төртінші билік» иесі атанды. Мұны газеттер мен журналдардың қалың әлеуметтің көкейіндегі ең жанды, ең шетін, ең елжанды деп аталатын тақырыптарды көтеріп, сол арқылы бұқаралық мінберге айналғанынан айқын байқауға болады.

Қазақ журналистерiнiң беделi жоғары. Ел iшiнде жүремiз, бiздiң кәсiбиiмiзге, бiздiң тiрлiгiмiзге көлеңке түсiретiн жағдайлар болмай тұрмайды. Соған қарамастан, қазақ журналистерiнiң кәсiби деңгейi жоғары. Сауатты, бiлiмдi, оқыған журналистердi ел iшiнде сыйлатйын адамдар көп. Қазақ журналистикасында жүрген жастардың көбi мектептен өткен, бiлiмдi деп айтуға болады.

Журналистикада бәсекелестiк болу керек, бәсекелестiк болмаған жерде тоқмейiлсулiк болады. Тоқмейiлсулiк болған жерде, журналистика болмайды деп есептеу керек. Шынайы бәсекелестiк болуы керек деп ойлаймын. Шығармашалық бәсекелестiк кезiнде ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында «Айқап» пен «Қазақ» газетiнiң арасында да болған. Сондықтан ол – дәстүр. Бұл прогрестi бiзге пайда беретiн мақсат тұрғысынан пайдалануымыз керек. Ал мамандыққа адалдық бәрiнен биiк тұруы тиiс!

Бөлісу: