Ақтөбе қаласында ерлі-зайыптылар мүмкіндігі шектеулі азаматты қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Күдіктілер оны күн сайын таңертеңнен кешке дейін базардың маңында, ал жұма күндері мешіттердің жанында күштеп ұстаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Almaty телеарнасына сілтеме жасап.
Сондай-ақ оны қарсылық танытқаны үшін талай рет аяусыз соққыға жыққан.
46 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны базар мен мешіт алдына шығып, күніне 5-10 мың теңге аралығында ақша тауып отырған. Оның бәрін ерлі-зайыптылар жиып-теріп алып кетеді екен. Ал осыдан бір жарым ай бұрын Ақтөбеге алып келіп, қайыр тілеуін осы қалада жалғастыруын бұйырған. Айтуынша, қасына кейін тағы екі адам қосылған. Жарымжан жанға жасалған озбырлық жуырда ғана еріктілердің көмегімен әшкере болыпты.
«Басында олардан қашып та кеттім. Алайда ұстап алып, өлімші етіп сабады. Содан жағдайым туралы біреуге айтуға қорықтым. Ақтөбеге келгеннен кейін пәтерде солармен бірге тұрдым. Олар маған күніне бір-ақ рет қытай лапшасын беретін. Тапқан ақшамды түгел алып отырды. Жұма күндері мешіт жанынан 40-50 мың теңгеге дейін түсетін», – деді жәбірленуші Александр.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері күдікке ілінген ерлі-зайыптыларға қатысты іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы, бірінші бөлігі бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тексеру басталды. Жәбірленуші дағдарыс орталығына орналастырылды. Қазіргі таңда қосымша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады», – деді облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Балаби Асқарұлы.
Ал Шымкентте күтіп отырған ағайыны жоқ жәбірленуші Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылған.