Жүктілікке қалай дайындалу керек?

26 Маусым 2018, 15:44 27553

Бала сүйгіңіз келсе, біліп жүргеніңіз абзал

Сәби сүйіп, жүктілік бақытына кенелгіңіз келсе, келесі кеңестерді көкейіңізге түйіп жүрген абзал.

Спортпен шұғылданыңыз

Сіз таңнан кешке дейін кеңсе жұмысына тәуелді жан болсаңыз, қалай да уақыт тауып, физикалық белсенділікті үдеткеніңіз жөн. Спортпен шұғылдануға көп уақыт кетпейді. Таңғы жаттығу, болмаса кешкілік жұмыстан кейін спорт залына баруға уақыт тапсаңыз өкінбейсіз.

Егер бойыңызды физикалық белсенділікке үйретсеңіз, бала көтергеннен кейін де оны жалғастыру сізге жеңіл болады. Жүктілікке дейінгі белсенділік гестационды қант диабетінің алдын-алып, жүктілігіңіздің жеңіл өтуіне септігін тигізеді.

Аяғыңыз ауырлағанға дейін патша көңіліңіз қалаған спорттың түрімен шұғылданыңыз. Ал, бойыңызға бала біткеннен кейін, алғашқы триместрде мейілінше денсаулығыңыз үшін қауіпсіз, белсенділіктің жұмсақ түрімен шұғылданыңыз.

Олардың қатарына:

Орта интенсивті аэро жаттығулар

Жамбастың бұлшық еттерін қатайтатын жаттығулар

Жүзу

Керілу-созылу жаттығулары

Жалпы бұлшық етті қатайтын жаттығулар

Дұрыс тамақтану

Жүктілікке дейін салмағыңызға мән беріңіз. Гинеколог мамандар артық салмақ пен май басу түсік тастау, баланың туа бітті сырқаты, шарананың жатырда дамымай қалуы сынды түрлі жағымсыз факторларға алып келуі мүмкін деп қауіптенеді.

Артық салмақтан арылу үшін әуелі дұрыс тамақтануға көшіңіз. Толыққанды рацион болу үшін күнделікті тұтынатын тағамдардың қатарына келесілерді қосыңыз:

Бидай, сұлы, қарақұмық, күріш, бұршақ өнімдері. Мүмкіндігінше жартылай өңделген түрін алуға тырысыңыз.

Көкеністер. Жасыл және қызыл әрі сары жемістерді алмастырып тұтыныңыз. Мүмкіндігінше жаңа піскен немесе мұздатылған тағамдарды жеңіз.

Жеміс-жидек. Жаңа піскен, өз шырынында консервіленген жеміс-жидектерді, мұздатылған және кептірілген түрінде тұтыныңыз.

Сүт өнімдері. Мейілінше майлылығы аз, алайда кальциге бай сүт өнімдерін таңдаңыз.

Ет және балық. Жүктілік кезеңінде шарананың жақсы дамуы үшін ақуыздың рөлі зор. Бойыңызға бала біткенге дейін ақуызға бай тағамдарды жеткілікті деңгейде тұтынсаңыз, кейін де кәдеңізге жарайды. Салмақты азайтуға септігі мол.

Ағзаға қажет май. Денсаулығыңызға зиянын тигізетін трансмайдан аулақ болыңыз. Сүт тағамдары мен балық сондай-ақ жаңғақ жеу арқылы ағзаңызға қажетті май ала аласыз.

Дәрумен қабылдаңыз

Жүкті кезеңде ағазаға аса қажет кейбір дәрумендерді тағамнан сіңіру мүмкін емес. Дәрумен мен өзге де элементтердің жетіспеушілігін қосымша қоспалар арқылы бойыңызға сіңіре аласыз. Мәселен, кешенді дәрумендер топтамасын қабылдаңыз. «Прегнотон Мама», «Femibion» сынды витаминдер жиынтығы сізге және құрсағыңыздағы балаға қажетті барлық дәрумендерді бере алады.

Фолий қышқылы

Фолий қышқылының жетіспеушілігі баланың жүйке және жүрек-қантамырларына ақау беруі мүмкін. Сол себепті де, дәрумен таңдағанда құрамында фолий қышқылының көлемі 200 мкг алыңыз.

Темір

Темірдің жетіспеушілігі ананы да, баланы да қан аздыққа алып келеді. Бұл дегеніңіз мерзімінен бұрын босанып қалу қаупін тудырады.

Йод

Ағзада йодтың жетіспеушілігі жүктілікті мезгілсіз үзуге жетелейді. Бұған қоса  бала ту бітті жүйке ауруларына шалдығуы мүмкін. Әсіресе жүктіліктің 12 аптасынан кейін йод шарананың қалқанша безіне қажетті гармондар түзуі үшін аса қажет. Мүмкіндігінше екінші триместрде қабылдайтын йодтың көлемін ұлғайтқан жөн.

D дәрумені

D дәруменінің жеткілікті көлемі баланың денсаулығына өте керек. Бұған қоса D дәрумені мезгілінен ерте босанудан сақтаса, екінші жағынан баланың салмағының өсуіне пайдасы мол.

Жалпы мамандар жүкті йелдерге D дәруменін 600 МЕ көлемінде тұтынуға кеңес береді. Алайда, дәл осы көлемде дәрумен табу мүмкін емес. Өндірушілер дәруменді күнделікті жейтін тағам арқылы сіңіруге болатынын ескеріп, дәрумендер жиынтығының құрамын азайтады.

Омега-3

Омега-3 майлы қышқылы ерте босанып қалудан сақтап қана қоймай, ананы босанудан кейінгі күйзелістен қорғауға қауқарлы. Омега-3 алмастыруға келмейтін әрі ағзада өзіндігінен түзілмейтін дәрумен болғандықтан, мүмкіндігінше тамақ арқылы келгені дұрыс.

Дәруменді-минералдар кешенін жүктілікті жоспарлаған бойда, тіпті үш ай бұрын ішуді бастаңыз. Бұл – ағзадағы қорға микронутриенттерді жинауға мүмкіндік береді.

Стоматологқа барыңыз

Тістің саулығы – жүктілік кезеңінде аса маңызды. Әйелдер бала күтіп жүрген шақта ауыз қуысындағы ауруларға бейім келеді.

Балаға кальций анасы арқылы берілетіндіктен, тістері босап, бұрын-соңды ақауы барлар бірден ауруға берілуі мүмкін. Сол себепті, жүктілікті жоспарлап жүргенде-ақ, аурудың алдын-алып тіс дәрігеріне қаралуды ұмытпаңыз.

Генетикалық тест тапсырыңыз

Егер сіздің не болмаса туысқандарыңыздың арасында қандай да бір генетикалық ауру барын білсеңіз алдын-ала тест тапсырған артық емес. Сенімді болу үшін кез-келген болашақ ана тест тапсыруына болады.

Көңіл-күйіңізге жауапты қараңыз

Жүктілік кезеңінде күйзеліс пен уайым баланың жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Мүмкіндігінше ұйқы мен дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіз. Әйелдердің аяғы ауыр кезеңде эмоционалды жағдайы гармондардың өзгеруіне байланысты құбыла береді.

Сол себепті, күйзеліске түсіп кетпес үшін, өзіңізге ыңғайлы ортада сізді жақсы көретін жақындарыңызбен көбірек қарым-қатынас жасаңыз.

Жаман әдеттен арылыңыз

Бала сүюді жоспарлап жүрсеңіз, алкоголь мен шылымнан бас тартыңыз. Анасы жүкті кезінде темекі тартқан балалардың интеллектуалды қабілеті төмен әрі белсенділігі нашар болып келеді.

Жүктілікті жоспарлаған бойда жаман әдеттерден арылып, ішімдік пен шылымды ұмытыңыз. Өмірге сау ұрпақ әкелу өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де маңызды.

Бөлісу: