Жүкті әйелдерге тегін көмек көрсететін жоба басталды

Кеше, 18:05 389

Ел аумағында «Бір күндік клиника» жобасы жүзеге асырыла бастады. Аталған жоба ұрықтағы генетикалық ауытқуларды ерте анықтауға арналған. Осыған байланысты бүгін Астана қаласының №2 қалалық ауруханасының базасында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

«Бір күндік клиника» пилоттық жобасы енді барлық өңірде қолжетімді. Жобаның мақсаты – жүкті әйелдерді дәрігерлік тексеру кезінде инновациялық әдістерді кеңінен қолдану. Сол арқылы балалардың туабітті кінәраты немесе патологиялық ауытқуларды ерте анықтауға мүмкіндік молайды.

Қазақстанда пренатальды диагностика аналар мен балалардың денсаулығын жақсартуда, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерде ауыр аурулардың дамуын болдырмауда шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары елде пренатальды скрининг пен диагностикаға қол жетімділікті жақсартуға бағытталған бағдарламалар белсенді дамып келеді, бұл жүктіліктің ерте кезеңдеріндегі бұзылуларды анықтаудың тиімділігін едәуір арттырады.

Айта кетейік, пренатальды скринингпен қамту (88%) соңғы 3 жылда 10% - ға өскен, соның арқасында 7000-нан астам жүкті әйелдерде ұрықтың даму бұзылыстары анықталған. 

Директордың амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасарының сөзінше, “Бір күндік клиника" жобасының ерекшелігі – жүкті әйел бір күнде толық скринингтік тексеруден өтеді. Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылды және бүгінде Қазақстанның бірнеше өңірлерінде іске асырылуда. 2024 жылдың сәуір айынан бастап Астана тұрғындары бұл қызметті тегін ала бастады. 

Скрининг кезінде жүкті әйел 12 аптада ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, хромосомалық ауытқуларға арналған биохимиялық қан талдауын тапсырады. Нәтижесінде, болашақ баланың денсаулығын бағалауға және патологиялар анықталған жағдайда қажет шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік бар. Бұл жобаның мақсаты – ұрықтың туа біткен ауруларын уақытында анықтау және болашақ ана мен баланың денсаулығын қорғау. Сондай-ақ елімізде ұрық денсаулығына ерекше көңіл бөлінетінінің айқын көрінісі. Кез келген жүкті әйел толыққанды және сапалы диагностика арқылы болашақ баласының денсаулығына алаңсыз бола алады, – дейді директордың амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Ибраева.

Астана қаласы бойынша пренаталды диагностиканың бас маманы Мәншүк Жулкарованың айтуынша, бүгінгі таңда «Бір күндік клиника» жобасының басталғанына 2024 жылдың сәуір айында бір жыл толады. Бұл жобаның басты мақсаты – ұрықтағы іштен туа пайда болатын ақаулар мен генетикалық ауытқуларды ерте кезеңде, яғни жүктіліктің алғашқы үш айында анықтау. Жоба аясында жүкті әйелдер бір күн ішінде ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) мен генетикалық тесттен өтеді, нәтижелер негізінде қажетті шешімдер қабылданады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫЗЫ

Бір күндік клиниканың артықшылығы – барлық қажетті тексерулерді қысқа мерзімде алу. Жүкті әйел алдымен ультрадыбыстық зерттеуден өтеді. Бұл зерттеуді жоғары білікті дәрігерлер соңғы үлгідегі экспертті аппараттарда жүргізеді. УДЗ нәтижелерінен кейін әйел генетикалық тест тапсырады, оның нәтижесі 30-40 минут ішінде дайын болады. Осы уақыт аралығында жүкті әйел акушер-гинеколог пен генетиктің қабылдауында болады. Кеңес беру кезінде барлық тексерулердің нәтижелері біріктіріліп, қорытынды жасалады. Егер генетикалық немесе хромосомалық ақаулар анықталса, қосымша инвазивті диагностика қажеттілігі қарастырылады, – дейді пренаталды диагностиканың бас маманы. 

Жоба 2023 жылдың 1 сәуірінде Астанадағы №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан ұрықты қорғау орталығында іске қосылған. Бір жыл ішінде 2200-ден астам жүкті әйел бірінші скринингтен өткен. Оның ішінде 108 жағдайда генетикалық ауытқулар анықталып, жүктілік тоқтатылған. Бұл көрсеткіштің өзі жобаның маңыздылығын дәлелдейді деп отыр. 

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫЗЫ

Бас маманның сөзінше, туа біткен ақаулардың пайда болу себептері – хромосомалық ауытқулар. Ұрықтану кезінде ананың 23 және әкенің 23 хромосомасы қосылған кезде генетикалық деңгейде ауытқулар болуы мүмкін екенін айтады. Бұл дауна синдромы (21-хромосомадағы өзгерістер), эдвардс синдромы (18-хромосома), патау синдромы (13-хромосома) сияқты ауыр патологияларға әкелуі мүмкін. Генетикалық ақауларды ерте кезеңде анықтау ананың да, ұрықтың да денсаулығын сақтау үшін аса маңызды екенін айтты. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: