Жұбайының рұқсатымен несие алу: қаулы қабылданды

20 Тамыз, 17:15 582

Елімізде «Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын, жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту туралы» қаулы қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, құжат 2024 жылғы 19 маусымда мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды іске асыру үшін қабылданды.

Қаулымен жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) бекітілді. Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің (ерлі-зайыптылығының) болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер кредит сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті.

Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді. Егер қарыз алушының жұбайы (зайыбы) кредитордың клиенті болып табылған жағдайда, келісімді кредитордың мобильдік қосымшасы арқылы, өзге жағдайларда – клиенттің жұбайы (зайыбы) биометриялық идентификаттаудан өткен болса, «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы ресімдеуге болады, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар түзету болашақта отбасының жалпы бюджетіне теріс әсер етуі мүмкін, ерлі-зайыптылардың біреуінің келісілмеген кредит алуын болдырмауға бағытталған. 

Сондай-ақ заңда қарыз алушының жұбайының (зайыбының) келісімінсіз берілген қарызды кредит берушінің есептен шығару міндеті көзделеді.

Түзетулер ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: