«Ұлы шоумен»! Бұл баға Денис Тенге 2018 жылдың маусым айында, өзінің туған күні қарсаңында, Астанада ұйымдастырылған кешінен соң берілген болатын. Сол сәтте «Барыс Аренаның» ішінде орындарынан тұрып қол соққан көрерменің сенен дәл осылай қапыда көз жазып қаламыз деп ойлаған жоқ, сенің өнерің біріктірген әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерің араға бір ай салып сенің қазаңда бірігеміз деп ойлаған жоқ, ешкім тапа-тал түсте өзің туып-өскен, төрткүл дүниенің ешбір қаласына айырбастамайтын сүйікті шаһарыңда көшедегі ұры-қараның қолынан мерт болады деп ойлаған жоқ! Иә, Денис тірі болғанда, биыл 31 жасқа толар еді... Өкінішке қарай, 2018 жылғы 19 шілдеде спортшымыздан айырылып қалдық.
Ұлылардың тынысы дәл осылай оп-оңай үзіле салатыны несі екен?! Денис өмірді сүйе білді. Бізге де өмірімізді дәл өзі секілді сүюді үйреткісі келді. Денис Қазақстанды жанындай жақсы көретін. Өзі туған елді біздің де солай жақсы көргенімізді қалады. Бір сұхбатында: «Халықаралық жарыстардың бірінде топ жарғанымда, бір танымал адам: «Жоқ елдің өкілі жеңімпаз атанды» деп айтты. Сонда көзіме жас келді. Сол сәтте әлі-ақ елімнің атын танымал етемін, абыройын асқақтатамын деп өзіме сөз бердім. Сол сөзімнің үдесінен шыққаныма қуаныштымын» деген еді…
Тағы бір сұхбатында Денистің өзі спорттық ғұмырын 25 жасында аяқтайтынын айтқан. Бірақ сұм ажалдың ширек ғасыр ғана өмір сүрген саңлақты мұз айдынынан мәңгілікке алып кетерін кім білген… Сөйте тұра Денистің мұзда қалықтаған бейнесін миллиондардың жадынан өшіруге шамасы жетпейді. Бұл қаза есі бар адамның қай-қайсысына да ауыр тигені рас. Сондықтан да шығар, қаралы күннен бері алты жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бұл уақытты күрсіне еске аламыз, көзімізге жас үйіріледі, әлі де жарық жұлдызымыздан кешірім сұрап жүрміз. Денистің жүрегінің кеңдігі сонша, меніңше, ол бізді кешіріп те қойған сияқты. Тіпті, сонау аспаннан нұрлы жүзімен күлімсіреп тұрғандай көрінеді. Бірақ мұның өзі біздің Теннің алдындағы жауапкершілігімізді азайтпақ емес. Ендеше, құрметті ата-ана, сізден өтінеріміз, балаңыздың бойына отансүйгіштік деген сезімді қалыптастыруды, білімді, саналы, салиқалы, ең бастысы, Адам етіп тәрбиелеуді бүгіннен, дәл қазіргі сәттен бастаңыз.
Денис Тенмен әңгімелесудің, оның сұхбаттарын оқудың өзі бір ғанибет болатын. Ойының тереңдігі, ішкі мәдениеті, өмірге көзқарасы, білімі кез келгенді таңқалдырмай қоймайды. Оның өмірден түйген көзқарасы мен пайымы сіздерге де шабыт берсін деп Теннің бірнеше сөз тіркесін назарларыңызға ұсындық.
* Емделу кезінде бір нәрсені анық ұқтым: адам денесін өзі таңдамайды. Ендеше, ол өзіне берілгенді барынша тиімді пайдалануы керек. Спортшының жағдайы тым жақсы болса, ол «аштықты» ұмыта бастайды. Қиындықтар барда содан шығатын жолды табуға ұмтыласың.
* Тағдырыңа көз алдыңда болған әрбір оқиға үшін алғыс айтуың керек.
* Менің о баста-ақ мақсатым елімізді жарнамалау болатын. Қазақстан жайлы неғұрлым көп айтсам, соғұрлым біздің елді шетелде де көбірек білетін болады.
* Денис Тен болу қанша тұрады дейсіз бе? Оның құны ақшадан әлдеқайда қымбат. Оның құны – бүкіл бір өмір.
* Спортшы болып, жетістікке жету – өміріңді осы салаға арнау деген сөз. Әр спортшының өз жолы бар.
* Мен өмір бойы ата-анама қарыздармын. Әрбір жетістігім мен жеңісімнің артында солардың еңбегі, сенімі тұр. Менің нәтижелерім – командалық жұмыс. Құдды отбасым маған ғана жұмыс істейтіндей сезінемін. Кейде сол үшін ыңғайсызданамын да.
* Мен қарапайым адаммын. Спортшы, актер, кәсіпкер, яғни кез келген саланың өкілі – бірінші кезекте өзгелер секілді адам. Танымалдылық жұмысымның нәтижесінде келген, әйтпесе оған ешқашан ұмтылған емеспін.
* Жаңа өмірді бастап немесе жаңа армандарыңыздың орындалуы үшін Жаңа жылды күту шарт емес. Жаңа іс бастау үшін ең тиімді уақыт – дәл қазіргі сәт. Өзім осы ұстаныммен өмір сүремін. Мұның қызықты екендігін де білемін.
* 10 жасымнан бастап, яғни жаттығуға шынайы кіріскеннен бері ненің дұрыс, ненің бұрыстығын өзім таразылап, өмірдегі маңызды шешімдерді өзім қабылдап келемін.
* Анам – менің барым: менеджерім де, бапкерім де, аспазшым да анам. Жақындарымның сеніміне алғысым шексіз.
* Спорттағы жетістік картадан жасалған үй тәріздес. Біреуін ғана алсаң болғаны, құрастырылған үйің құлайды.
* Спорт адамның жеке мақсатына ғана айналмауы керек. Бұл, ең алдымен, стартап, ұшу жолағы. Бәлкім, мен осыны тым ерте ұққан шығармын, сондықтан да уақытымды ойымдағыны жүзеге асыру үшін дұрыс жұмсап үйрендім.
* Мәнерлеп сырғанау – жалғыздықтың күйін сезінуді үйрететін спорт түрі. Мұзайдында өзгенің ғұмырын кешесің, бірақ бұл адамға психологиялық тұрғыда өте ауыр.
* Әр адамның жүрегі бар, міне, дәл осы оның ерекше екендігін айқындайды!