ЖОО түлектеріне арналған тиімді бағдарламалар

Бүгiн, 13:11 125

Орта мектеп қабырғасынан бірде-бір түлек студенттік өмірге дайын болып шықпайды. ҰБТ-ны сәтті тапсырғандар жоғары оқу орындарына түседі. Университеттегі алғашқы күндерден-ақ түлекті кураторлар өз қамқорлығына алып, көптеген анықтамалық материал қолжетімді болады. Студенттердің жаңа ортаға бейімделуіне деканат басшылығы жағдай жасайды.

Университетті тәмамдап шыққан жас мамандар үшін де жаңа өмір жағдайларына үйренісу оңай емес. Оларды «қайда тұру, қалай жұмыс табу және қандай қолдау алуға болады?» деген сұрақтар мазалай бастайды. Осыған орай, жас қазақстандықтарға арналған мемлекеттік және жеке жобалар туралы айтып бермек ойымыз бар.

Алғашқы жұмыс орны

Бұл бағдарлама жас мамандардың алғашқы жұмыс орнында қажетті кәсіби дағдылар алуына көмектеседі. Жоба аясында түлектер өз мамандығы немесе ұқсас бағыт бойынша жұмысқа орналаса алады. Тағылымдама кезінде қатысушыларға жатақхана беріледі және шәкіртақы төленеді.

Бағдарлама шарттары бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт жасасып, қатысушыны кемінде екі жыл тұрақты жұмысқа қабылдайды. Жұмыстың алғашқы жылында қатысушының жалақысы жергілікті бюджеттен субсидияланады.

  • Субсидия мөлшері: айына 30 АЕК. Оған салықтар, әлеуметтік аударымдар, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы, банк қызметтері кіреді, экологиялық үстемақылар кірмейді.
  • Тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады.

Дипломмен – ауылға!

Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында ЖОО түлектері ауылдық елді мекендерге барып, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария салаларында жұмыс істей алады.

Әлеуметтік қолдау шаралары:

  • 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақы;
  • Тұрғын үйге арналған 1500 АЕК (5,2 млн теңге) көлемінде 15 жылға жылдық 0,01% мөлшерлемемен бюджеттік несие;
  • Әлеуметтік сала мамандарының жалақысына 25% үстеме.

Қатысу шарттары:

  • Ауылдық елді мекенде жұмыс табу;
  • Жұмысқа орналасқан кезде аудандық комиссияға бағдарламаға қатысу туралы өтініш беру;
  • Қажетті мамандар туралы ақпаратты облыс әкімдіктерінің сайттарынан қарау.
  • Білім бөліміне немесе жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады.

Жастар практикасы

Бұл бағдарлама ЖОО түлектеріне алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Оған соңғы үш жыл ішінде оқуды аяқтаған, жасы 35-тен аспаған жұмыссыз түлектер қатыса алады.

  • Ұзақтығы: 12 айға дейін.
  • Жалақысы: айына 30 АЕК (салықтар, зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар кіреді).
  • Қайда жүгінуге болады: тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына.

«Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы

Бұл бағдарлама жұмыспен қамту орталықтары арқылы зейнет жасына жақындаған қызметкерлерді алмастыратын жас мамандарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі.

Шарттары төмендегідей:

  • Қатысушыны кемінде 18 ай тұрақты жұмысқа алу;
  • Алғашқы 6 айда жалақыны жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды (30 АЕК).
  • Тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады.

Бизнесті ашуға арналған мемлекеттік грант

«Еңбек» бағдарламасы аясында қатысушыларға өз ісін бастау немесе дамыту үшін қайтарымсыз гранттар беріледі.

Кімдер қатыса алады?

  • «Бастау Бизнес» жобасы немесе қысқа мерзімді курстардан өткен «Еңбек» бағдарламасының қатысушылары;
  • Жұмыспен қамту орталықтарында оқудан өткендер;
  • Жұмыссыздар;
  • Өзін-өзі жұмыспен қамтитын ауыл тұрғындары.

Қажетті оқудан өткеннен кейін өтініш беруге болады.

Жеке компаниялардағы тағылымдама

ЖОО түлектері жеке компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар тағылымдамадан өте алады.

Мәселен:

  • BI Group холдингінің BI Intern бағдарламасы құрылыс, қаржы, экономика және есеп салалары бойынша GPA 3.0-ден жоғары студенттер мен түлектерге арналған тағылымдама.
  • Halyk Start бағдарламасы – IT мамандықтары бойынша студенттер мен түлектерге арналған тағылымдама.
  • Andersen компаниясы System Analysis бағыты бойынша тағылымдама ұсынады.
  • Компаниялардың ресми сайттарына немесе жұмыс іздеу платформаларына жүгіне алады.

Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй

Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жастарына жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы қарастырылған.

Шарттары:

  • Қазақстан азаматтығы;
  • 35 жасқа дейін;
  • Соңғы бес жылда тұрғын үйдің болмауы;
  • Соңғы алты айда 40 АЕК-тен кем емес айлық кірісі бар.
  • Жалға алу мерзімі: 3 жыл.

«7-20-25» бағдарламасы

Бұл ипотекалық бағдарлама қазақстандықтарға жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.

Шарттарына тоқталсақ:

  • Пайыздық мөлшерлемесі – 7%;
  • Алғашқы жарна – 20%;
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

«Жастар» аймақтық ипотекалары

Бұл бағдарламалар Отбасы банкі мен әкімдіктер арқылы қаржыландырылады.

Аймақтар:

Астана – «Елорда Жастары»;

Алматы – «Алматы Жастары»;

Талдықорган – «Жетісу Жастары»;

Ақтобе – «Ақтөбе Жастары»;

Қарағанды – «Қарағанды Жастары»;

Атырау – «Атырау Жастары»;

Шымкент – Qamqor;

Теміртау – «Теміртау Жастары»;

Семей – «Абай Жастары»;

Қостанай – «Қостанай Жастары»;

Қызылорда – «Сыр Жастары».

Шарттары:

  • Мөлшерлеме – 5–6%;
  • Алғашқы жарна – 10%;
  • Несие мерзімі – 19–25 жыл.

Толық ақпарат алу үшін Отбасы банкінің сайтына немесе жергілікті әкімдіктерге жүгінуге болады.

«Жастар – ел болашағы» деген сөз бар. Рас, жастар қоғамның, ел дамуының қозғаушы күші. Әлеуметтік, саяси өзгерістерге алғашқы болып жауап беретін демографиялық топтардың бірі. Жаңа буын қоғамның мәдени, интеллектуалды және әлеуметтік негіздерін жинақтап, оларды жаңа дүниеге ұластырады.

Жастарды алаңдататын мәселелердің қатарында жұмысқа орналасу мен экономикалық тұрақтылық бар. Бұл мәселелер әлемнің көптеген жастары үшін ортақ болғанымен, оларды шешудегі мемлекет пен нарықтың реакциясы Қазақстан жастарын ерекшелеп тұрады.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: