Бұрындары балалардың бәрін бірдей деп саналған. Қазіргі таңда әр балаға «индивид» ретінде қарау талабы туындаған. 2021 жылы маусым айында инклюзив білім беру бойынша заңнамаға өзгертулер мен жаңашылдықтар енгізілген болатын.
Соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау деген норма енгізіліп, оның үлгілік-ережесі жасалған. Бұл заңнамалық норма бойынша ерекше балаларға білім беруді ары қарай дамытып жоғары оқу орындарына жаңа форматта енгізуді қарастырған болатын.
Қазіргі таңдағы мемлекетте білім беру жүйесін дамытуда басты стратегиялық бағыт – ерекше қажеттілігі бар жандар үшін жоғары әрі сапалы білім алуға жағдай жасау. 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ЖОО-да инклюзивті білім беру жүйелерін енгізу шаралары жүзеге асырылып жатыр. Соның бір негізі ретінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кездесу өткізді. Онда арнайы білім беруді дамыту бойынша бірқатар мәселелер талқыланды.
Жоғарыда көрсетілген көрсеткіш бойынша мемлекеттік қаржы есебінде білім алатындардан бөлек, ерекше отбасылардан шыққан 1187 адам оқу грантын жеңіп алған. Сонымен қатар, оларға жатақханаға орналасу кезінде де ерекше басымдық жеңілдіктері қарастырылған.
Ерекше қажеттіліктері бар түлектер үшін ҰБТ тапсыру кезінде де қолайлы жағдайлар жасалған. Мемлекет тарапынан мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек, I және II топтағы мүгедек адамдарға әрдайым қолдау көрсетілетіні айқын. Дегенменде кездесуге қатысушылардың қатарында болған Таңсәуле Серіков Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып бекітіліп, өзінің тұжырымдамасын таныстырды. Оның пайымдауынша:
«Білім беру бағдарламасының сапасын арттыру мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін жоғары ғана емес, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағытын жүзеге асыруымыз қажет».