Жомарт Тілеушев: «Ер жігіт ел үшін туады»

5 Мамыр 2016, 13:28

Үлгілі жауынгер

Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» президенттік полкында өз ортасына үлгі болып жүрген жауынгерлер көп. 0112 әскери бөлімі командирінің орынбасары лейтанант Жомарт Тілеушев спорттағы жетістіктерімен ерекшеленеді.

– Жомарт, ерлік деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Ерлік, батырлық деген ұғымдар «Елдік» ұғымымен, қазақ халқының тағдырымен, оның тамыры терең тарихымен етене егіз ұғымдар. Қазақтың бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекет құрып отыруы да осы ұғымдардың біздің халқымыздың бойында сақталғандығынан деп білемін. Ерлік – адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі.

 

– Әскери адамдардың бойында қандай қасиеттер басым болуы керек?

– Әскери маман е әуелі темірдей тәртіпке бағынуы және өзіне жүктелген әскери жарғылар мен міндеттерді тиянақты орындауы керек. Әскери тұлға шыншыл болуы керек деп есептеймін. Ой мен істің тиянақтылығы, әркез дұрыс шешім шығара білу, жоғары жауапкершілік, төзімділік, еңбек сүйгіш қасиеттер басым болғаны дұрыс.

– Сіз элиталы әскери құрылым «Айбын» президенттік полкында қызмет етесіз. Мақтан тұтасыз ба?

– Әрине мақтан тұтамын. Мемлекеттік күзет қызметі өзіңіз айтқандай элиталы әскер болғандықтан әрі мемлекет басшысына тікелей бағынатындықтан жауапкершілік өте жоғары. Бізде бойы 180 см жоғары,  сайдың тасындай іріктелген нағыз нар тұлғалы жігіттер ғана қызмет етеді. Мен өзімнің мамандығымды, атқарып жүрген әскери қызметімді ерекше мақтан тұтамын.

Лейтенант Жомарт Тілеушев 2004 жылдан бері кір тасы спортымен шұғылданып жүр. 2006 жылы ол Қазақстанда өткен чемпионатта 32 келілік 2 кір тасын 107 рет көтеру арқылы рекорд орнатты. Жомарт 2010-2012 жылдары кір спорты бойынша Қазақстанның чемпионы атанды. Ол сондай-ақ Финляндия, Америка и Литва елдерінде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 2013 жылы Сингапурде өткен Азия чемпионатында чемпион атанса, 2104-2015 жылдары Санкт-Петербург қаласында өткен әлем кубогында күміс жүлде иеленді.


Тұмар АСЫЛ

Бөлісу: