Жолға бөлінетін қаржы құмға сіңген судай болып жатыр - депутат

31 Мамыр 2023, 11:17 530

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ауыл мен ауылды, ауыл мен қалаларды жалғайтын жолдардың мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздегі ауыл-аймақтарды жалғайтын республикалық және облыстық маңызы бар күре жолдардың бүгінгі жағдайы мен оның тозуына тікелей әсер етуші факторлар турасында болмақ. Елімізде 4600-ге жуыл ауылдық округтер мен кішігірім поселоктар бар. Мұнда 8 миллионға жуық ауыл тұрғындары мекендейді. Бұл еліміздегі жалпы халықтың 41 пайызын құрайды. Ауыл-аймақтарда негізгі шешілуі тиіс мәселе - инфрақұрылым. Оның ішіндегі бастысы – ауыл мен ауылды, ауыл мен қалаларды жалғайтын жолдар. Осы жолдар - бүгінгі күнде ауыл-аймақтардың алыс-беріс, барыс-келіс мәселесін шешіп, халық тұрмысының жақсаруының басты кепілі болыр отыр, -дейді Ерболат Саурықов.

Ол қазіргі жолдардың сапасын  осыдан он немесе жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бүгінде тозығы жеткен жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде деп айтты.

 Бірақ осы бөлінетін қаржы көптеген елді мекендерде құмға сіңген судай болып жатыр. Басты себебі: Біріншіден, облыстық маңызы бар және ауыл аралық жолдарда нормаланған мөлшерден артық салмақпен құм, тас, шағал, кірпіш, тұз т.б. заттарды тиеген жүк көліктері толастар емес. Өйткені еліміздің барлық аймақтарында қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Екіншіден, 40 және одан жоғары салмақта жүк артқан шетелдік маркалы үлкен жол көліктері пайда болды, - дейді депутат.

Ол бұл жағдай республикалық маңызы бар жолдардың тозуына әсер етіп жатқанын айтты.

Әрине еліміздің дамуы мен экономикалық өркендеуі саласында көлік логистикасы дамуы керек, бірақ барлық заң талаптары мен нормаларды сақтау арқылы. Үшіншіден, елімізде немесе көршілес мемлекеттерде салынып жатқан үлкен зауыттар мен өндіріс орындарына қажетті жабдықтарды тасымалдайтын салмағы 80 тоннаға дейін жететін көліктердің көбеюі. Бүгінде еліміздің өзінде 400 мыңнан астам ауыр жүк көліктері бар, - деді мәжілісмен.

Ол осыдан туындайтын негізгі сұрақ – аталған жүк тасымалдайтын көліктер жолдардың осьтік жүктемесі мен оның нормаларын сақтай ма? Бұл тақырып ондаған жылдар бойы өз шешімін таба алмай келе жатқан күрделі әрі көкейтесті мәселе деп айтты.

Жол активтері ұлттық сапа орталығының және ресми сайттардан алынған ақпараттар бойынша нақтырақ мысалдар келтірейін. Түркістан облысында облыстық маңызы бар 5900 шақырым жергілікті жолдар болып табылады. Сонымен қатар  159 құм-шағал қоспасын өндіретін кен орындары бар. Былтырғы жылы 1200 шақырым жол 51 млрд тенге көлемінде күрделі жөндеуден өткен, - деді Ерболат Саурықов.

Ол ауыр жүк көліктерінің кен орындарынан артық салмақпен жүк тасымалдауының нәтижесінде аталған жолдың 300 шақырымы бүгінде қайта күрделі жөндеуді қажет етеді деп айтты. Сол 300 шақырымды бұзған ауыр жүк көліктеріне салынған айыппұл 42 миллион тенгені ғана құрайды. Бұл осы жолды жөндеуге сұрап отырған 15 млдр теңгенің тек 0.3 пайызы ғана деді. Сол сияқты Жамбыл облысы бойынша былтырғы жылы жол жөндеуге 16 миллиард бөлінсе, биылғы жылы 25 млрд қаржы бөлініп отырғанын жеткізді.

Бір ғана мысал: Былтырғы жылдың өзінде облыстық маңызы бар «Тараз-Ұланбел-Шығанақ», «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел», автожолындарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жолдардың осьтік жүктемеге рұқсат етілген салмағы 8 тонна. Ал биыл сол жолдардың                 30 пайызы қазірдің өзінде бұзылып үлгерді. Кінәлі – ауыр жүк көліктері, -дейді депутат.

Ол бүгінде бұл талапқа бағынғысы келмейтіндер жетіп артылады. Мәселен, бір ғана кіші Қамқалыдан тұз тиеген 60-80 тонналы ауыр жүк көліктері Жаңатас арқылы Түркістан облысына, Ақкөл арқылы Тараз және Шу қалаларына одан әрі қарай Қырғызстан Республикасына қатынауда. Бұл сөзсіз ескі жолдармен қоса жөндеуден өткен жаңа жолдарды тез тоздыруда. Бұл тек Жамбыл мен Түркістан облысының проблемасы емес, жалпы еліміздің барлық өңірінің басты мәселесі деп айтты.

Ал мемлекеттік бюджеттің ең көп бөлігі осы жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстауға жұмсалады. Осы мәселені шешу үшін мыналарды шешу керек деп отыр:

Бүгінгі күнде ауыр жүк көліктерін тоқтату, тексеру және айыппұл салу мәселесі бойынша екі мемлекеттік органның қатысуымен жүзеге асырылады. Олар Көлік инспекциясы және Полиция департаменті. Осыны мәселені де оңтайландырып, бір мекеменің құзырына беру қажет деп ойлаймын, -деді мәжілісмен.

Алмас Абылай
Бөлісу: