Жолдаудан кейін еліміздегі ЖОО-лар кадрлар даярлаудың жаңа бағдарламаларын енгізуде

27 Қыркүйек 2023, 17:55 687

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Кәрімбек Құрманәлиев білім және ғылым саласының өкілі ретінде жастар тәрбиесі, мықты мамандар даярлау  мен ғылымды дамыту бойынша Жолдауда айтылған мемлекеттік маңызы мол мәселелер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз екендігін, ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керектігі, онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер болатынына Мемлекет басшысының екпін түсіре айтуының мәні зор. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Сондықтан жастар тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлуіміз керек. Жолдауда әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі қадап айтылды. Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат- мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз. Абайдың «Толық адам» ілімін негізге ала отырып жастарды адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайтындығына тәрбиелеу, Әділетті Қазақстан қағидатын қаперде ұстау керектігі туралы Жолдаудағы міндеттер білім саласының өкілдеріне зор жауапкершілік жүктейді. Адал азамат тәрбиелеу баршамыздың ортақ парызымыз болуы керек. Үздіксіз білім беру жүйесінде, яғни, балабақшадан бастап жоғары оқу орнындарына дейін берілетін сапалы білім мен тағылымды тәрбиеде адал азамат қалыптастыру - басты мақсат болу керек, - дейді Кәрімбек Құрманәлиев.

Сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету үшін ұстаздардың біліктілігін арттыру жайы Жолдауда жан-жақты айтылды. Білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мәселесі де орынды көтерілді.

Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керектігіне назар аударылды. Қазіргі кезде техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейтіндігі сөз болып, осы салаларға қатысты білім беруді жолға қою керектігіне Жолдауда ерекше  екпін түсіріліп айтылды. Әсіресе, өте маңызды мәселе - оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажеттігіне көңіл бөлу міндеттелді. Сондай-ақ, Жолдауда агроғылымды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру қажеттігіне ерекше тоқталып, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керектігін айтты. Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдеу керектініне назар аударды. Бүгінде еліміздегі ЖОО-лар кадрлар даярлаудың жаңа бағдарламаларын енгізуде. Бұл да Мемлекет басшысының жолдауда берген тапсырмалары орындала бастағанының белгісі, - деді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: