Жолдауда айтылған су мәселесі қалай шешіледі?

20 Тамыз, 13:07 484

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Орталық Азияның жаңғыруы: тұрақты даму және өркендеу жолында» атты мақаласында Орталық Азия елдерін су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ортақ тәсілдерді әзірлеуге шақырды. Су мәселесінің бірінші аталғаны бекер емес.

Орталық Азия су мәселесін дербес шеше алады

Орталық Азия халқының саны күрт өсіп келеді. Бес мемлекет те – аграрлы ел. Ғаламдық жылыну су қорының сарқылуына әсерін тигізіп отыр. Осы өлкелердегі тау мұздықтары жылдам еріп, булана бастады. Соңғы жылдары аймақтағы барлық елдер су тапшылығын анық сезіп отыр. Бұл мәселе диқандардың еңбегін еш етеді. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсері орасан. Үлкен экономикалық шығын әкеліп жатыр. Президенттің бұл мәселеге баса назар аударуы осыдан.

Халықаралық Аралды құтқару қорының аса маңызды су-энергетикалық, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды талқылау мен шешуге арналған бірегей аймақтық алаң ретіндегі айрықша рөлін атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, су мәселесі аймақтың азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Кейбір халықаралық сарапшылар Орталық Азия елдерінің арасында қандай да бір кикілжің болса, оған ең алдымен су мәселесі түрткі болуы мүмкін екені жайында айтып та, жазып та жүр. Десе де, соңғы кездері Орталық Азия елдері халықаралық аренада өзін біртұтас аймақ ретінде көрсетіп үлгерді. Оған «Орталық Азия+» форматы дәлел. Ендеше, су тапшылығы мәселесінің түйіні тарқатылады, ортақ шешімдер болады деп сенуге болады.

Суды үнемдеу – өмірлік маңызы бар шара

Мемлекет басшысы су мәселесін реттеу үшін алдымен сапалы сараптама және ғылымға негізделген болжамдар қажет екеніне ұдайы тоқталады. Судың мөлшері қандай болатынына талдау жасалуы керек. Әр жылғы көрсеткіштер, сондай-ақ орта мерзімді кезеңдер зерделенуі тиіс.

Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-ы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-ы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет, – деп көрсеткен еді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатқанын да қатаң сынға алған-ды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», – деген тәмсіл бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен  Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялауға шешім шығарды. Оның көлемі де аз емес. Мөлшері – 50 пайыз бен 80 пайызға дейін. Соңғы үлгідегі суару жүйелерін сатып алу, инфрақұрылымдарды қамтамасыз ету шығындары өтеледі. Шаруалар үшін бұл да өте үлкен көмек. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға қарай еліміздегі суармалы алқаптардың кем дегенде 50 пайызына су үнемдейтін технологиялар жеткізіледі деп сендіріп отыр. Қазір тек 13 пайызы ғана қамтылған. Осы олқылықты жылдам түзеп, судың ысырабын тоқтату – бүгінгі күннің басты сұрағы.

Түйіннің кілті – кәсіби маман

Табиғаттың тосын мінезі қызық. Жазда жайқалған егінге су таппасақ, күннің қызуы қарды еріте бастаса, қарғын су тоңды жерге сіңбей, елдімекендерді шайып кетеді. Бұл апаттарды табиғаттың дүлей мінезіне тілесек те, мұның бір ұшы бәрібір ауыл шаруашылығын, соның ішінде, су шаруашылығын қожыратып алғанымызда жатқаны құпия емес. Сондықтан да, мемлекет басшысының бастамасынан су шаруашылығын жеке отау етіп құруы – осы кемшіліктің алдын алу шарасы.

Бір қуантарлық жайт, қазір кемшіліктеріміз бүркемеленбей, биік мінберлерден ашық айтылатын болды. Кәсіби мамандардың жетіспеушілігі осы саланы құрдымға жібере жаздағаны да сөз болып жатыр. Осы түйткілдерді шешу мақсатымен жаңа тұжырымдамалық құжаттар әзірленуде. Оған сенсек, су шаруашылығы дипломына елімізде жылына 200 түлек ие болады екен. 100 бала ғана орта техникалық білім алады. Мұның мардымсыз көрсеткіш екені белгілі. Арнайы білім алып шыққан жастардың тек қана 22 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Тұжырымдамада инженерлердің біліктігі мен білімі 1990 жылғы түлектерден осал екені де ашық көрсетілген. «Бас жарылса, бөрік ішінде» демей, биліктің аурумызды дөп басып көрсетуі олқылықтарымызды шынайы түзетуге деген ниетін көрсетсе керек.

Атқарылып жатқан шаралар аз емес

Су мәселесі тапшылығы, там-тұм суды тиімді пайдалану кешенді шараларды қажет етеді. Жаңа су қоймаларын салу, қолда бар каналдарды жаңғырту, заманауи қондырғылар орнату және сумен қамтамасыз етудің озық тәсілдері қолға алынуы тиіс. Қазақстан секілді жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын ел үшін бұл әсте оңай шаруа емес. Өйткені, елдің оңтүстігі мен солтүстігінде, батысы мен шығысындағы ахуал әртүрлі. Әр өңірге дара әдіс қолдануға тура келеді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі осы бағытта атқарылған шаруалар жөнінде ақпар беріп отыр. Мәселен, бір ғана Павлодар облысын алып қарастырайық. Май ауданы Жұмыскер ауылының маңында 2,5 млрд текше метр су жинай алатын жаңа су қоймасы салынбақ. Сондай-ақ, облыста Қаныш Сәтбаев атындағы канал жаңартылып жатыр.  Суару жүйелерін, оның ішінде «Ертіс-Успенка» каналын, Аққулы ауданының Лебяжі суару жүйесін, Аққулы, Ертіс, Павлодар, Ақтоғай аудандарында және Екібастұз қаласында лиманды суару жүйелерін ауқымды реконструкциялау жоспарға енгізілген. Өңірдегі су үнемдеу технологияларын қолданатын егіс алқаптарын 141 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Павлодар облысының мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз ететін шабындықтар да суаруға мұқтаж. Осы жүйелерді реконструкциялау міндеті тұр. Мәселен, Май ауданында Көлбай алабына кіретін 38 гидротехникалық және 6 су өткізу құрылысы жөнделмек. Баянауыл ауданында 59 гидротехникалық және 126 су өткізу құрылысы бар. Бұл жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Оңтүстікте дихан судан тарықпай ма?

«Қазсушар» мекемесі таратқан ақпаратқа қарағанда, биыл оңтүстіктің диханы судан кенде болмайды. Суару кезеңі басталғалы су қоры жеткілікті. Дінмұхаммед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы жарап тұр. Алматы облысындағы «Қазсушар» филиалы 480 млн текше метр сумен қамтасыз еткен. Суармалы жері бар шаруалармен 2740 келісімшарт жасалған.
Бүгінгі таңда 44,86 мың гектар егіс алқабына су беріледі.

Жамбыл облысында да жағдай бірсыдырғы деп айта аламыз. Суармалы жерлерге 665 млн текше метр су берілген. Келісім-шартқа отырған 3808 шаруа судан тарығып отырған жоқ. Облыстың 90,15 мың гектар жеріне су қажет.

Жетісу облысы 847 млн текше метр суды тұнып отыр. 8003 шаруа қожалықтарымен келісім-шарт жасалған. Бұл өңірде суарылатын 27,9 мың гектар егіс алқабы бар.

Суды ауыл шаруашылық мақсатта ең көп тұтынатын екі өңір бар. Олар – Қызылорда мен Түркістан облыстары. Түркістан облысына 265,1 мың гектар жер үшін 2, 23 млрд текше метр су керек болса, Қызылорда облысының тұтынатын су көлемі – 3,33 миллиард текше метр. 127,4 мың гектар алқап суарылуы тиіс.

Батыста қандай шара жасалып жатыр?

Су ресурстары және ирригация министрлігі Жалпақтал су қоймасын салуға мұрындық болып отыр. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы су тапшылығы мәселесін шешуге түрткі болмақ. Өйткені, бұл су қоймасы 12 мыңнан аса адамды сумен қамтасыз ете алады. Сонымен қатар, лиманды суару алаңын 12 мың гектарға дейін кеңейтуге жол ашады. Көлемі 146 мың гектар болатын
лиман мен табиғи жайылым суаруға зәру. Оған  562 млн текше метр су керек. «Қазсушар» филиалы бұл қажетті өтеп отыр.

Аталған мекеменің дерегі бойынша,  210 тұтынушы су беру туралы  келісімшарт жасалған. Оның 197-і – жергілікті шаруалар. Кәсіпорын ауыл шаруашылығына 15,8 млн текше метр, ал санитарлық-экологиялық іс-шараларға 22,9 млн текше метр су бөлген.


Батыс Қазақстан облысында 13 гидротехникалық құрылыс жөнделді. Киров су қоймасы реконструкциялаудан өтті. Сондай-ақ, Шаған өзені, Көшім магистральдық арнасы мен
67,6 шақырым каналды механикалық әдіспен тазаланды, - дейді «Қазсушар» филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хусаинов.

Жобаларға қызығушылық бар

Әрине, су қоймаларын салу көп қаражатты және білікті мамандарды қажет еді. Көп қаражат дегеніміз – инвестицияны меңзегеніміз. Қазақстандағы су мәселесін шешуге жәрдем беруге дайын елдер де табылып жатыр. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі АҚШ Геологиялық қызметімен (USGS) жерасты суларын барлау және зерттеу саласында ынтымақтастық мәселелері бойынша бірнеше кездесу өткізген.
Америкалықтар су тасқынының алдын алуға және жедел ден қоюға, апат салдарымен күресуге жәрдем беруге дайын екенін мәлімдеген. Бұл үшін АҚШ сарапшылары мен мамандарын шақырмақ.

Израиль де елімізде салынып жатқан су қоймалары құрылысына инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Өйткені, Қазақстандағы құрылыс қарқын алмақ. Өзге өңірлерді айтпағанда, бір ғана Жетісу облысында 7 жаңа су қоймасы салынуы тиіс.

Мереке Амантай
Бөлісу: