1 Сәуір 2014, 11:42
Сонау ғұн, түркеш қағанаттары берісінде қазақ хандығы тұсында ел билеген азаматтардың барлығы да халқына жолдау арнап отырған. Алайда, сол кезеңдегі геосаяси жағдайға байланысты жолдаулардың сипаты халықты негізінен сыртқы жаумен күреске шақырып, елдің ішкі бірлігіне үндеген. Мемлекеттілікті нығайту жолында Білге қағанның, Күлтегіннің бітіктастардағы жазуы, Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» немесе Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» сияқты саяси-тарихи құжаттар әлі де өзінің өзектілігін жоя қойған жоқ. Десек те, бүгінгі Жолдаудың мәні мемлекеттің дамыған елдердің қатарынан қалмауы, түрлі этнос өкілдері мен көпконфессиялы елдің ынтымағына бағытталады.
Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы Жолдауы 1997 жылғы «Қазақстан – 2030» Стратегиясынан бастау алады. Аталған Жолдаудағы 7 басым бағыт бойынша еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы айқындалып, белгілі мерзімдерге дейін жүзеге асырылуы тиісті кезек күттірмес міндеттер қойылды. Дамыған 50 елдің қатарына қосылу және соның жолында бар мүмкіндік пен ерік-жігерді жұмылдыру – Стратегияның ең басты мақсаты болды. Оның орындалу барысы кезекті жыл сайынғы Жолдауға дейін сарапталып отырды. Әр жылдағы халыққа арналған Жолдау «Қазақстан – 2030» Стратегиясында көтерілген мәселелерден алына отырып, жеке дара кеңейтіле қарастырылып, уақыт талабына сай мақсаттарға қол жеткізу жолында міндеттер жүктеп отырды.
Мемлекет Басшысының 2012 жылдың 14-желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты дәстүрлі халыққа Жолдауы мемлекеттің алдына қойған өзінің амбициясымен ерекшеленеді. Неге олай дейміз? Иә. Сөз жоқ бұған дейінгі Елбасының жолдаулары Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындауда үлкен жоспардың жалғасы ретінде өзгешеленетін.
Жолдаудың аты айтып тұрғандай, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – бұл қалыптасқан, орныққан, іргетасы берік қаланған, әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын айқын белгілеген мемлекеттің жаңа саяси бағыты жайлы алып жоспар. Халықта, «жақсы жоспар – жарты біткен жұмыс» деген сөз бар. Бұл Стратегияның басты мақсаты – еліміздің әлемдегі дамыған озық 30 елдің қатарында болуды көздейді. Ал, осы мақсатқа қалай қол жеткіземіз, тетіктері қандай, қандай асуларды бағындыру керек – бұл бөлек әңгіме.
Меніңше, ең алдымен, мына мәселенің басын ашып алу керек. Кез келген атқарушы – орталық немесе жергілікті орган, жалпы халық болсын, егер айтылып тұрған әңгіменің не жайында екенін дұрыс түсінбесе, байыбына терең бойламаса, онда сіз көтеріп отырған мәселенің жүзеге асуы шикі немесе кедергісі мен қиындығы көп, болашағы бұлыңғыр болады. Міне, осы себепті де Президенттің тек әкім-қараларға ғана емес, әрбір ұйым, мекеме басшыларына дейін халыққа арналған жолдаудың дұрыс түсіндірілуін талап етуі де сондықтан. Әдетте, Елбасының Жолдауынан кейін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар жанынан үгіт насихат жұмысын жүргізетін топтар құрылып, олар өз кезегінде белгілі бір аудиторияға ғана жолдауда айтылған мәселелерді қайталаумен, лекция оқумен шектеліп жүр. Жалпы қарапайым халыққа, солардың тілінде (бұл жерде әңгіме ел түсінетін қарапайым тілде) түсіндірме жұмысын жүргізу әлі де болса кемшін тартып тұр. Осыдан кейін қабылданған мемлекеттік маңызы өте зор бағдарламалардың дұрыс орындалмауы, шикіліктердің көп болуы заңдылық. Төмендегілердің сұранысын дөп баса алмаған, қажетті әлеуметтік-экономикалық сараптаманы нәтижелі талдай алмаған тиісті органның жұмысынан кейін, жалпы жұрттың жоғарыға деген сенімнің төмендеуі тағы да заңдылық. Нәтижесінде бұл заңдылықтар – әлеуметтік шиеленістердің туындауына әкелетін объективті және субъективті заңдылықтарға ұласады.
ӘБІЛӘЗИЗ ИСАЕВ, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты