Жолдау – әлемде бар тәжірибе!

1 Сәуір 2014, 11:30

Бүгінгідей алмағайып уақытта жер жаһанның қай мемлекетінде де біз күтпеген жағдайлар орын алып жатқанда, ел халқын ұйыстырып, бет алысы мен даму бағытын анықтап отыратын нұсқау әбден керек.

Бүгінгідей алмағайып уақытта жер жаһанның қай мемлекетінде де біз күтпеген жағдайлар орын алып жатқанда, ел халқын ұйыстырып, бет алысы мен даму бағытын анықтап отыратын нұсқау әбден керек.             Ол нұсқау –  ҚР Конституциясының Президент бөлімінің 44-бабында: «Қазақстан Республикасының Президенті: Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

Елбасының халыққа арнаған Жолдауы туралы сөз қозғамас бұрын, жалпы жолдау деген не, маңызы, шығу тарихы жайында кішкене мағлұмат бере кеткен артық болмас.

Әлемдік тарихқа көз жіберсек, халықтың тыныштығы мен жер бетінен жоғалып кетпеуі үшін, сыртқы жаулармен күреске шақыруда, елдің ішкі ынтымағын сақтау мен алға қарай дұрыс дамуы үшін ұлт көшбасшылары өз халқына үндеу тастап, жолдау арнап отырған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірнеше мысалдар келтіре кетейін.

Кейбір сарапшылар мен саясаттанушылар Жолдау арнаудың ресми түрде бастау алуын АҚШ мемлекетімен байланыстырады. Себебі, АҚШ-тың президенттік орынтағына сайланған Дж. Вашингтон келесі жылы, яғни 1790 жылы ұлтқа Жолдау арнайды. Ұлтқа арнаған Жолдауында Құрама Штаттардың бірлігі, оның астанасын салу, биліктің орталық органдары мен басқару жүйесін құру, ел экономикасын дамыту сияқты өзекті мәселелер көтеріледі. Жалпы АҚШ президенттері жылына 3 реттен кем емес Жолдау арнайды. Бірінші және екінші Жолдау Конгреске бағытталады. Алғашқысында елдің бюджетін бекіту, әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспары сөз болса, екіншісінде мемлекеттің сыртқы саяси ұстанымы нақтыланады. Үшінші Жолдау тікелей ұлтқа бағытталады. Әлемде АҚШ азаматы болудың бақыты, мемлекеттің мықтылығы, өз азаматтарын қай жерде болса да және қандай әдіспен болса да қорғайтындығын естеріне сан қайтара салып, ұлттың патриоттық рухын көтеруге бағыттайды.

АҚШ демекші, ең алғаш рет радио арқылы 1923 жылы, ал 1974 жылы теледидар арқылы Жолдау арнау осы елдің еншісіне бұйырған. Ал 2002 жылдан бастап ғаламторды пайдалану қолға алынады.

Бүгінгі Түркия мемлекетінің келбетін қалыптастырушы Мұстафа Кемал Ататүрік үздіксіз 36,5 сағат бойы халыққа Жолдау арнаған көрінеді. Жолдауда жас республиканың саяси, экономикалық және мәдени дамуы жолында үлкен өзгерістердің қажеттілігін айта келе, елдің болашағы үшін Түрік жастарының еуропаша білім алуы кезек күттірмейтін мәселе екенін баса айтады. Тіпті жастардың қалай киініп, қалай жүріп-тұруы да сөз болады.

Міне осы айтылғандардан-ақ Жолдаудың мәні мен мазмұнын, маңыздылығын байқауға болады. Ал Жолдаудың кімге арналғанына қарап, оны кім жүзеге асыратындығын түсінеміз.

Мысалы, АҚШ-та Жолдау Конгреске және ұлтқа, Ресейде Федералды Жиынға, ал біздің елімізде халыққа арналады.     

ӘБІЛӘЗИЗ ИСАЕВ, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты

Бөлісу: